Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Мектеп, отбасы, бизнес және нейрожелі: астаналық ұстаз қалай бәріне үлгеретінін айтты

Жарияланған күні:

Жұлдыз Сәрсенғалиева
Жұлдыз Сәрсенғалиева. Фото: жеке мұрағатынан

32 жастағы Жұлдыз Сарсенғалиева 10 жылдан бері білім саласында қызмет етеді. Ол ұстаздықты біліктілігін көтерумен, кәсіпкерлік және отбасылық өмірмен қатар алып жүр, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі.

Информатика пәнінің мұғалімі еңбек жолын Атырау қаласындағы М. Өтемісов атындағы жалпы білім беретін мектепте бастап, кейін Атырау қаласындағы Назарбаев Интелектуалды мектебіне шақырту алған. Осы жерде 4 жылдан астам еңбек етіп, Астана қаласына қоныс аударды. Қазіргі кезде Астанадағы № 84 мектеп-лицейінде сабақ береді, робототехника үйірмесін жүргізеді.

"Мен үшін мұғалімдік – ол дара жол. Әрине, бизнеспен байып кетуге болады. Бірақ ұстаздық - менің жүрек қалауым. Баламен бала болып, тіл табысу, әрқайсысына жеке көңіл бөлу, жылы сөйлесіп, қызмет атқару оңай жол деп есептемеймін. Алайда қажырлы қайратты талап ететін бұл жолдан маған кету қиын", - дейді Жұлдыз Сарсенғалиева.

Жұлдыз Сәрсенғалиева
Жұлдыз Сәрсенғалиева. Фото: KAZ.NUR.KZ

Ұстаздың айтуынша, қазіргі балаларды қызықтыру қиын, сондықтан ол әр сабағын түрлі әдіс-тәсілдерді қолданып өткізетінін айтады.

"Қандай да бір тренинг, курстар өткізілсе, қалмауға тырысамын, жаңа нәрсені үйреніп, сабағымда пайдаланамын. Қазіргі кезде нейрожеліні меңгеріп, балаларға соны түсіндіріп, практика жүзінде де қолданып жатырмыз", - дейді ұстаз.

Кейіпкер мектептегі қызметін бизнеспен қатар алып жүргенін айтады. Интернет-дүкенінің авторы сабақтан тыс уақытта кәсібін жүргізеді.

Жұлдыз Сәрсенғалиева
Жұлдыз Сәрсенғалиеваның отбасы. Фото: отбасы мұрағатынан

"Қазір заман талабы солай. Бір ғана қызметпен шектеліп отыра алмайсың. Жолдасыңның ақшасына да қарап отыратын кез емес. Екі жақтан еңбектенсек қана жақсы өмір сүруге болады. Сондықтан артық ұйықтаудың орнына кәсібімнің алға басуына көңіл бөлемін", - дейді кейіпкер.

Жұлдыз Сарсенғалиева - адал жар, үш баланың анасы. Балалардың сапалы білім алып, жан жақты дамуына көңіл бөледі. Демалыс күндерін отбасына, балаларына арнауды әдет қылған.

"Үлкен ұлым спортқа қызықса, ортаншы қызым актерлік шеберлігін шыңдап жүр. Қазір екінші фильмге түсуге шақырту алды. Кішісі - 4 жаста. Жолдасым мұнай компаниясында вахталық ауысыммен қызмет атқарғандықтан, үй шаруасы, балалар алдындағы міндет бір өзіме қалып жатады. Әрине, оңай емес, бірақ өмір осы қарбаласпен қызық", - дейді Жұлдыз Сәрсенғалиева.

Автор: Әйгерім Сайқын

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2169828-mektep-otbasy-biznes-zhane-neirozheli-astanalyq-ustaz-qalai-barine-ulgeretinin-aitty/