АЭС салу бойынша референдум: шетелде қанша қазақстандық дауыс берді
Жарияланған күні:
Сыртқы істер министрлігі өкілдері шетелдегі барлық учаскелік референдум комиссиясы өз жұмысын аяқтағанын мәлімдеді. Бұл туралы ведомствоға сілтеме жасаған KAZ.NUR.KZ хабарлайды.
Министрліктің Telegram-дағы ресми арнасында жарияланған мәлімет бойынша, шетелдегі барлық 74 учаскелік референдум комиссиясы өз жұмысын аяқтады.
"59 елде дауыс берген Қазақстан азаматтарының жалпы саны 9976 адам болды. Бұл дауыс берушілердің 81.06 пайыз келуін қамтамасыз етті", - делінген хабарламада.
Еске салсақ, 6 қазанда Қазақстанда АЭС салу бойынша республикалық референдум өтті.
Айта кетейік, сағат 20:00-де АЭС құрылысы бойынша республикалық референдумда дауыс беру аяқталды. Қазақстанда уақыт белдеуінің ауысуына байланысты сайлау учаскелері алғаш рет бір уақытта жабылды. Референдумға ұсынылған сұрақ: "Қазақстанда атом электр станциясын салуға келісесіз бе?" Қазақстандықтар "иә" немесе "жоқ" деген жауапты таңдады.
Орталық референдум комиссиясы атом электр станциясының (АЭС) құрылысы бойынша референдумда дауыс берушілердің келуінің алдын ала қорытындыларын жариялады. Сағат 20.00-дегі жағдай бойынша 7 820 918 қазақстандық немесе халықтың 63,87 пайызы дауыс берген.
ОКҚ брифингінде "Кешенді әлеуметтік зерттеулер институты – Астана" қорының сарапшысы АЭС бойынша референдумның exit poll деректерін ұсынды. Қор сарапшысы Әлібек Тәжібаев келтірген мәлімет бойынша, АЭС-ті қолдап дауыс бергенін 69,8 пайыз респондент мәлімдеген. АЭС салуға қарсы екенін айтқан қатысушылардың үлесі 30,2 пайыз болған. Қатысу көрсеткіші 67,3 пайыз деңгейінде тіркелген.
Қоғамдық саясат институтының екінші экзитполының мәліметтері бойынша, сауалнамаға қатысқан қазақстандықтардың 72,3 пайызы АЭС салуды қолдап дауыс берген, ал 27,7 пайызы АЭС-ке қарсы болған. Сауалнамаға 44 160 адам қатысқан.
Еуразиялық интеграция институты жүргізген сауалнамаларының да нәтижесі жарияланды. Бұл институттың зерттеуі ZAKON.KZ ақпараттық платформасының тапсырысы бойынша жүргізілген. Оған сәйкес, халықтың 69,8 пайызы АЭС салуды қолдаған, 30,2 пайызы қарсы шыққан.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2170752-sheteldegi-barlyq-uchaskelik-referendum-komissiiasy-oz-zhumysyn-aiaqtady/