Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Өнімнің жарамдылық мерзімінің өтіп кетуі және тұтынушыға тигізетін ықтимал қауіптер

Жарияланған күні:

Сүт өнімі
Көрнекі фото: pixabay.com

Айран, "снежок" немесе йогурт сияқты ашытылған сүт өнімдері пайдалы қасиеттерімен танымал. Олардың құрамындағы пробиотиктер ішек жұмысын қалыпқа келтіруге, иммундық жүйені нығайтуға және ағзада дұрыс микрофлораны сақтауға көмектеседі. Мұндай тағамдарды күнделікті рационға қосу, әсіресе, балалар мен денсаулығы нашар адамдар үшін маңызды.

Тақырып бойынша жаңа жарияланым:
Денсаулыққа қамқорлық: кептірілген жемістер және оларды таңдау ережелері

Дегенмен, бұл өнімдердің барлық артықшылығы олардың сапасы мен жаңадан дайындалғанына тікелей байланысты. Тіпті, нормадан шамалы ғана ауытқу – сақтау шарттарын бұзу немесе жарамдылық мерзімінің өтіп кетуі – оларды пайдалы қасиеттерінен айырып қана қоймай, денсаулыққа қауіпті де етуі мүмкін. Сондықтан "Маңғыстау облыстық тұтынушылардың құқықтарын қорғау қоғамы" қоғамдық бірлестігі ("MOТҚҚҚ" ҚБ) тұтынушыларға өз таңдауын дұрыс жасауға көмектесу және олардың қауіпсіз әрі сапалы өнімге деген құқықтарын қорғау мақсатында Қазақстан нарығындағы өнімдердің қауіпсіздігі мен сапасына қатысты хабардарлығын арттыруға бағытталған тұрақты ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізеді.

2024 жылғы шілдеде "МОТҚҚҚ" ҚБ өкілі Түркістан қаласындағы дүкендердің бірінен жасырын сатып алушы әдісімен Қазақстанда өндірілген, майдың массалық үлесі 2,5 пайыз болатын "СНЕЖОК" ашытылған сүт сусынын (көлемі 1000 г.) сатып алды.

Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігі Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің Түркістан облысы бойынша "Ұлттық сараптама орталығы" ШЖҚ РМК Түркістан қалалық филиалында кешенді зерттеу жүргізу барысында өнімнің жарамдылық мерзімі 2024 жылғы 15 мамырда аяқталғаны белгілі болды, бұл өз кезегінде оны тұтынуға қауіпті етеді.

Бірақ бұл зерттеу барысында анықталған жалғыз сәйкессіздік емес. Қаптамада өнімнің сыртқы материалының тағаммен жанасу қауіпсіздігін растайтын пиктограммасы көрсетілмеген. Бұл тұтынушылардың денсаулығын сақтау мақсатында қаптаманың барлық түрінің таңбаламасына қойылатын талаптарды реттейтін Еуразиялық экономикалық (кедендік) одақтың "Қаптаманың қауіпсіздігі туралы" техникалық регламентіне" сәйкес келмеу болып саналады.

Құқыққорғаушы-сарапшы Алия Алибекованың айтуынша, жарамдылық мерзімі өтіп кеткен ашытылған сүт өнімдерін пайдалану денсаулыққа қауіпті болуы мүмкін: "Мұндай өнімдерде зиянды бактериялар пайда болып, тағамнан улануы, ас қорыту жүйесі бұзылуы мүмкін. Бұл, әсіресе, жүкті әйелдерге, балаларғе, созылмалы аурулары бар, иммунитеті әлсіз адамдарға өте қауіпті".

Сүт сусынын
Фото: Биятан Жанна

Кеден одағының "Азық-түлік өнімдерінің қауіпсіздігі туралы" техникалық регламентіне сәйкес, Кеден одағының техникалық регламенттерінің талаптарына сай келмейтін азық-түлік өнімдері, оның ішінде жарамдылық мерзімі өтіп кеткен тамақ өнімдері шаруашылық қызметке қатысушы (азық-түлік тауарларының меншік иесі) өз бетінше не Кеден одағына мүше мемлекеттің уәкілетті мемлекеттік бақылау (қадағалау) органдарының бұйрығымен айналыстан шығаруға жатады.

Жарамдылық мерзімі өтіп кеткен өнімді сатушылар оларды сатудан түскен пайдамен салыстыруға келмейтін елеулі қаржылық шығындарға ұшырауы мүмкін. Халықтың санитарлық-эпидемиологиялық салауаттылығы саласындағы заңнаманы және гигиеналық нормаларды бұзғаны үшін:

  • 30 АЕК (110 760 теңге) – жеке тұлғалар үшін;
  • 230 АЕК (849 160 теңге) – лауазымды тұлғалар, шағын кәсіпкерлік субъектілері немесе коммерциялық емес ұйымдар үшін;
  • 310 АЕК (1 144 520 теңге) – орта бизнес үшін;
  • 1600 АЕК (5 907 200 теңге) – ірі кәсіпорындар үшін айыппұлдар қарастырылған.

Егер сіз байқаусызда мерзімі өтіп кеткен өнімді сатып алсаңыз, оны пайдаланбаңыз. ҚР "Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы" заңына сәйкес, сатып алушы жаңа өнімді айырбастауды немесе ақшасын қайтаруды талап етуге құқылы. Түбіртекті сақтау және мерзімі өтіп кеткен қаптаманы суретке түсіру маңызды. Бұл материалдар аумақтық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау басқармасына шағым беру үшін дәлел ретінде пайдаланылуы мүмкін.

Сондай-ақ тұтынушылар өнімге тәуелсіз сараптама жүргізіп, нәтижелерін тиісті шаралар қабылдау үшін бақылаушы органдарға жібере алады.

Сатып алушылар сатып алудан бұрын өнімнің жарамдылық мерзімі мен сақтау шарттарын мұқият тексеруі керек. Егер өнім қандай да бір күмән тудырса, оны сатып алудан бас тартып, оған ұқсас жаңадан жасалып, дүкен сөресіне жеткізілген өнімге назар аударған жөн.

Жарамдылық мерзімі өтіп кеткен өнімді сату мәселесі – тек заңбұзушылық қана емес, әрбір тұтынушының қауіпсіздігі мен денсаулығына қатысты мәселе. Мұндай өнімдерді тұтыну ағзаға, әсіресе, денсаулығы нашар адамдарға тигізетін зардабы ауыр болатыны анық, Сондықтан жарамдылық мерзімі мен қауіпсіздік стандарттарын сақтау сатушылар үшін де, тұтынушылар үшін де маңызды міндет болып саналады.

Материалды "Маңғыстау облыстық тұтынушылардың құқықтарын қорғау қоғамы" қоғамдық бірлестігі дайындаған.

Осыған ұқсас сұрақтар бойынша байланыс нөмірі 87054222739 немесе Instagram парақшасы: OZPP.KZ – https://www.instagram.com/ozpp.kz/

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2170887-onimning-zharamdylyq-merzimining-otip-ketui-zhane-tutynushyga-tigizetin-yqtimal-qauipter/