Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Мемлекеттік тілде "сөйлемейтін" кәмпиттер – маңызды жайттарды жіберіп алмау қаншалықты маңызды

Жарияланған күні:

Кәмпиттер
Көрнекі фото: pixabay.com

Кәмпиттер ешқашан сүйікті тағамдар тізімінің ең басынан түспейтіні анық. Көптеген сатып алушылар өздеріне және балаларына арналған өнімдерді таңдағанда өндірушілерге сенім артып жатады. Тәттілігінен басқа кәмпит қауіпсіздігінің негізгі факторы – оның таңбаламасы екенін есте ұстаған жөн.

Тақырып бойынша жаңа жарияланым:
Денсаулыққа қамқорлық: кептірілген жемістер және оларды таңдау ережелері

Ол тұтынушыға өнімнің құрамын, тағамдық құндылығы мен сақтау сипаттамалары жайында білуге мүмкіндік беріп, оның денсаулыққа қауіпсіз екендігін түсіндіреді. Осының аясында "Маңғыстау облыстық тұтынушылардың құқықтарын қорғау қоғамы" қоғамдық бірлестігі ("MOТҚҚҚ" ҚБ) қызметі жосықсыз тауарларды анықтауға және қоғамды ықтимал қауіптерге қатысты ақпараттандыруға көмектесуде маңызды рөл атқарады.

2024 жылдың маусым айында "Маңғыстау облыстық тұтынушылардың құқықтарын қорғау қоғамы" қоғамдық бірлестігі ("МОТҚҚҚ" ҚБ) өкілі Қазақстан нарығындағы кондитерлік өнімдердің сапасы мен қауіпсіздігін тексеруге бағытталған ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Түркістандағы дүкендердің бірінен Өзбекстанда жасалған салмағы 1000 грамм болатын шоколадтарды "құпия сатып алушы" әдісімен сатып алған. Сатып алудың мақсаты – өнімнің тек құрамын ғана емес, сонымен қатар оның таңбаламасын да зерттеу, сол сияқты өнімнің қолданыстағы заңнама талаптарына сәйкестігін анықтау болды.

Шоколадтар Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігі Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитеті Түркістан қаласы бойынша "Ұлттық сараптама орталығы" ШЖҚ РМК Түркістан қалалық филиалының аккредиттелген зертханасына кешенді зерттеуге жіберілді. Өнімге қауіпсіздік пен тағам өнімдерінің таңбаламасы стандарттарына сәйкестігін қамтамасыз ету үшін зерттеулер жүргізілді.

Кәмпиттер
Фото: Биятан Жанна

Жақсы жаңалық: кәмпиттер қауіпсіз!

2024 жылдың 24 маусымындағы № 2024/544/100 және 2024 жылдың 26 маусымындағы № 406 зерттеу хаттамаларында тіркелген сараптама нәтижелері микробиологиялық көрсеткіштері бойынша шоколадты кәмпиттер қауіпсіздік стандарттарына толық сәйкес келетінін көрсетті. Бұл, әрине, қуантарлық жағдай, өйткені тұтынушылар өнімнің денсаулыққа қауіп төндірмейтініне сенімді бола алады.

Дегенмен, бәрі соншалықты керемет емес. Қауіпсіздікке қарамастан, зерттеу таңбалама мәселесінде бірқатар сәйкессіздіктердің барын анықтады:

Кәмпиттердің қаптамасында мемлекеттік тілдегі ақпарат мүлдем жоқ, өнімнің тағамдық құндылығы көрсетілмеген. Бұл мәліметтер маңызды, өйткені олар тұтынушыларға өнімнің құрамы мен тағамдық сипаттамаларын бағдарлауға көмектеседі. Міндетті ақпараттары көрсетілмеген өнімдер Кеден одағының "Тағамдық өнімдерді таңбалауға қатысты" техникалық регламентінің, сондай-ақ, "Қазақстан Республикасындағы Тілдер туралы" заңының талаптарын бұзады. Өйткені онда өнім туралы барлық ақпараттар қазақ және орыс тілдерінде берілуге тиіс деп анық көрсетілген.

Кәмпиттер
Фото: Биятан Жанна

Алия Алибекова, "MOТҚҚҚ" ҚБ сарапшысы:

"Таңбалама тек заңды талап емес, бұл тұтынушылар үшін, әсіресе құрамы мен тағамдық құндылығына қатысты ақпараттың негізгі көзі. Бұл жағдайда тұтынушылардың көпшілігі қажетті мәліметтерге қолжеткізуден айрылғанын көреміз, ал бұл өз кезегінде әсіресе, ингредиенттер арасында әлеуетті аллергендер болса, адам денсаулығына ауыр зардаптарын тигізері анық. Мұндай талаптарды елемеу өндірушінің адалдығына күмән келтіреді", - деп түсіндіреді.

Таңбаламадағы сәйкессіздік тұтынушылардың құқықтарын бұзу ғана емес, кәсіпкерлер үшін де қауіпті екенін ұмытпаңыз. ҚР "Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы" заңында таңбаламаның көрсетілмегені үшін тікелей айыппұлдар қарастырылмаған, алайда, Техникалық реттеу мен Санитарлық ережелер нормаларын бұзғаны үшін жауапкершілік жүктелуі мүмкін. Кәсіпкерлік субъектісінің санатына байланысты айыппұлдар 110 760 теңгеден (30 АЕК) 5 907 200 теңгеге (1 600 АЕК) дейін жетуі мүмкін.

Заңды бірнеше рет бұзу өнімді айналымнан алып тастауға және қосымша айыппұл салуға негіз болады.

"МОТҚҚҚ" ҚБ өкілі сатып алған шоколадты кәмпиттер өздерінің қасиеттеріне қарай қауіпсіз болып шықты, бірақ, таңбалама талаптарына сәйкес келмеді. Бұл ақпараттың қауіпсіздігі мен ашықтығы жайында сөз болғанда құрамынан бастап, қаптамадағы таңбаламасына дейінгі барлық аспектілерді ескеру маңызды екенін еске салады. Өйткені, тұтынушылар нақты не сатып алып жатқанын білуге ​​құқылы.

Материалды "Маңғыстау облыстық тұтынушылардың құқықтарын қорғау қоғамы" қоғамдық бірлестігі дайындаған.

Осыған ұқсас сұрақтар бойынша байланыс нөмірі 87054222739 немесе Instagram-дағы парақшасы: OZPP.KZ – https://www.instagram.com/ozpp.kz/

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2171007-memlekettik-tilde-soilemeitin-kampitter-mangyzdy-zhaittardy-zhiberip-almau-qanshalyqty-mangyzdy/