Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Шетелдіктермен сөйлесе беремін": Яссауи кесенесінің күзетшісі ағылшын тілін қалай үйреніп алғанын айтты

Жарияланған күні:

Ілияс Шер
Кесене күзетшісі Ілияс Шер. Фото: KAZ.NUR.KZ

Түркістан қаласындағы Қожа Ахмет Яссауи кесенесінің күзетшісі шетелдік туристерге ағылшын тілінде жөн көрсетіп желі қолданушыларын тәнті етті. Түркі астанасының тарихын құрлық асып келген қонақтарға шет тілінде түсіндіріп жүрген Ілияс Шер KAZ.NUR.KZ тілшісіне сұқбат берді.

Түркістандық Ілияс Шердің ағылшын тілінде сөйлеп тұрған сәті түсірілген видео өткен аптада желіде кең тараған еді. Содан бері жігіт ағасы желі жұлдызына айналып, қазір көрген жұрт амандық сұрасып өтетін болған.

"Өмір бойы осы қаладағы қоғамдық көлік жүргізушісі болып жұмыс істегем. Ал кесенені күзетуге үш ай бұрын ғана келдім. Содан бері көмек сұраған шетелдік қонақтарға жөн көрсетуге тырысамын. Оның соңы осы ғимараттың тарихын айтып беруіммен аяқталады. Сол сәтті келушілердің бірі ұялы телефонға түсіріп алған сыңайлы. Мен оны байқаған да жоқпын. Кейін туыстарым, таныстарым желіде мен жүрген видеоны жібергенде таң қалдым", - дейді Ілияс Шер.

Ілияс Шер
Ілияс Шер шетелдік туристермен. Фото: KAZ.NUR.KZ

Кесене күзетіндегі түнгі ауысымнан бүгін ғана шыққан ер азамат бір ұл, бір қыздың әкесі. Ағылшын тілін де сол балаларынан қалмайын деп үйреніп жүр. Сөзінше, теория жүзіндегі білім кесенеде практикаға айналып, тілі жаттыққан.

"Адам үйінен жүз қадам әрі аттаса мүсәпір күйге енеді" дейді ғой атам қазақ. Сол сияқты бұл жерге келген туристер де тіл білмей қиналып тұрғанын байқаймын. Тұрғындардың арасында ағылшын тілін түсінетіні кемде-кем. Әжетхана, су сұрап тұрған оларға көмек керек екенін байқасам, барып жол нұсқауға тырысам. Әсіресе жаздың күні су іздегендері көп болды. Кейбірі ағылшын тілінде белгі таппай сын айтып кетеді", - дейді кесене күзетшісі.

Ілияс Шер
Ілияс Шер шетелдік туристермен. Фото: KAZ.NUR.KZ

Желіде кеңінен тараған видеоны көрген кесене басшылығы да күзетшімен кездескен екен. Жоғары білімінің бар-жоғын сұраған жауаптылар әзірге ешқандай ұсыныс жасамапты. Ал егер осында гид қызметіне жұмысқа алса қарсы емеспін дейді Ілияс.

"Жасым болса жер ортасына келіп қалды. Енді бір жоғары білім алып, оқуға түсемін деп айта алмаймын. Бірақ ағылшын тіліне деген қызығушылығым ерекше. Тіл үйрену сабағын тастамаймын. Оны одан әрі жаттықтыру үшін осы шетелдік қонақтармен сөйлесе беремін. Олар менің ұстазым. Әрқайсысынан ең құрығанда бір сөйлем үйренемін", - дейді жігіт ағасы.

Күзетші Түркістанда танысқан кей туристермен әлеуметтік желі арқылы хабарлама жазып сөйлесетінін айтады. Олардың арасында Ілиясты қонаққа шақырып жатқандары да аз емес.

Ілияс Шер
Ілияс Шер, Ясауи кесенесінің күзетшісі. Фото: KAZ.NUR.KZ

"Қазір көшеге шықсам, кей тұрғындар тоқтатып фотоға түсуді сұрап жатыр. Жұртқа көмек беремін деп осылай таныламын деп тіпті ойлаған жоқпын. Бірақ өмірім бәз баяғыша. Таңертең ғана кезекшіліктен шықтым. Ертең қайта жұмысқа кірісемін", - дейді Ілияс.

Автор: Назерке Еркінбекқызы

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2171229-sheteldiktermen-soilese-beremin-iassaui-kesenesining-kuzetshisi-agylshyn-tilin-qalai-uirenip-alganyn-aitty/