Top.Mail.Ru
Спорт

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Денсаулығыма зақым келтірмекші болды": Ангелина Лукас шулы жекпе-жегіне қатысты тың деректерді айтты

Жарияланған күні:

Ангелина Лукас
Ангелина Лукас. Фото: Wasim Mather/SOPA Images/LightRocket via Getty Images

Кеше, 6 қазанда 10 раундқа созылған жекпе-жек нәтижесінде қазақ спортшысы Ангелина Лукас төрешілер шешімімен жеңімпаз атанды. Ол аса жеңіл салмақта IBO чемпиондық белбеуін еншіледі, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.

Тақырып бойынша жаңа жарияланым:
Қостанай тұрғындары қаладағы саяжайды сүруге қарсы шықты

IBO чемпиондығы үшін болған жекпе-жекте қазақстандық боксшы Ангелина Лукастан (11-1, 5 КО) жеңіліп қалған аргентиналық Дебора Лопес (21-3-1, 1 КО) әділетсіздікке тап болғанын мәлімдеген еді. Осы орайда KAZ.NUR.KZ тілшісі Ангелина Лукаспен байланысып жекпе-жекке қатысты сұқбат құрды.

"Қарсыласымның мен жайлы айтқаны маған маңызды емес. Біріншіден, ол қолғабымды сөз етті. Десе де менің қолғабым барлық талапқа сай болды. Жекпе-жекке 8 унциялы былғары қолғаппен шықтым және IBO басшыларының өзі рұқсаттарын берген болатын. Лопес те 8 унциялы қолғапты таңдады. Қарсыласым жекпе-жек бастала сала арам әдістер қолданды. Желке тұсымнан 8 мәрте ұрғаны үшін ескерту де алды. Бұл қауіпті екенін біле тұра ережеге сай жұдырықтаспады, денсаулығыма зақым келтірігісі келді. Бірақ мен қиындықтарды еңсеріп, барлық раундта жеңіске жеттім деп ойлаймын. Тіпті ол 9-раундтың соңында құлап та қалды. Бұл тура гонгтың алдында болғандықтан, төреші есеп ашпады. Лопес жеңілгісі келмегендіктен арам әдіске көшті деп ойлаймын. Желке тұсымнан ұрғаны бар және мен шабуыл жасап, соққы сериясына көшкенде бірден клинч жасады. Бірақ мен барлығына дайын болдым. Кездесу соңындағы раундтарда айқын басымдықпен жеңдім деп ойлаймын. Тіпті IBO-ның вице-президенті "чемпиондық раундтардағы" өнерімді ерекше бағалады. Мен жеңіске жеткеніме 100 пайыз сенімдімін. Оның үстіне бұл төрешілердің бірауыздан қабылдаған шешімі. Қарсыласым менің соққыларымнан есеңгіреп жүрді. Жекпе-жекті қайталап көрсе түсінеді деп ойлаймын", - деді Ангелина Лукас.

Бокс туралы жазатын Х желісіндегі Tim Boxeo парақшасы да Лукастың лас жұдырықтасқанын жазған болатын. Ол қазақстандық боксшы қыздың қарсыласын 4-5 рет тістеп алғанын, бірнеше рет желкеден ұрғанын айтты. Ангелина Лукас осы сыбысқа да жауап берді.

"Мен оны тістеген жоқпын. Ондай ештеңе болған жоқ. Бұл туралы жазған портал менің тістегенімді қайдан білсін. Кім айтты екен? Лопес па? Осындай әңгіме қайдан шыққанын білмеймін. Жекпе-жекті қайталап көріп шықтым. Ондай ештеңе болмады. Мені тістеді деп айыптаған портал жайлы айтсам, олар бұрын менімен сұқбат жасағысы келген. Бірақ менің уақытым болмағандықтан бұл дүниеге жүзеге аспады. Олардың бетін қайтармағанмын, тек ыңғайы келмеді. Сол кезден бастап мені сынап жаза бастады. Ал өзіміздің қазақстандық ақпарат көздеріне айтарым, бұл ортақ жеңіске қуанса екен. Еліміз үшін тарихи жетістікке тек қуанса деймін. Кәсіпқой мансабында 20-ға жуық жекпе-жек өткізген боксшыны жеңдім. WBO-ның бұрынғы чемпионы болған. Бұл шынымен тарихи оқиға. Өйткені Қазақстан тарихында кәсіпқой әйелдер боксында осындай қарсыласты әлі ешкім жеңбеген. Сол себепті қарсыласымның не айтқанын емес, осы тарихи жетістік жайлы жазса деймін", - деді боксшы.

Ангелина Лукас кәсіпқой рингтегі 11-жеңісіне қол жеткізіп, IBO белбеуінің иегері атанды. Бұл боксшының үшінші титулы. Осыған дейін ол WIBF және WBF белбеулерін жеңіп алған еді. Айта кетейік, бұл Қазақстан тарихындағы кәсіпқой әйелдер боксының айтулы жетістік.

Ескерту: Сайттағы эксклюзив материалдарды көшіріп басу үшін редакцияның жазбаша рұқсатын (editor@corp.nur.kz электронды поштасы арқылы) алу керек! Сондай-ақ материалдың бірінші не екінші сөйлемінде KAZ.NUR.KZ порталына гиперсілтеме беру міндетті.

52 кг салмақ дәрежесінің чемпиондары
52 кг салмақ дәрежесінің чемпиондары. Фото: Instagram/angelina_lukas1997

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/sport/boxing/2170954-esenggirep-zhurdi-angelina-lukas-shuly-zhekpe-zhegine-qatysty-tyng-derekterdi-aitty/