Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Таңбаламаның болмауы тұтынушылар үшін несімен қауіпті: сарапшылар түсіндіріп берді

Жарияланған күні:

Араластырғыш
Көрнекі фото: pixabay.com

2024 жылғы тамызда "МОТҚҚҚ" ҚБ өкілі өнімнің қауіпсіздігіне қатысты ақпараттандыруды арттыруға, тұтынушылардың құқықтарын қорғауға арналған әлеуметтік жоба аясында Ақтау қаласындағы дүкендердің бірінен Fissman BIOECOLISTIC араластырғышын сатып алды. Бір қарағанда, бұл эргономикасы ыңғайлы әрі қаптамасы тартымды керемет өнім көрінеді.

Тақырып бойынша жаңа жарияланым:
Денсаулыққа қамқорлық: кептірілген жемістер және оларды таңдау ережелері

Өнім қолданыстағы сапа стандарттары мен Қазақстан Республикасының заңнамасына: "Төмен вольтты жабдықтың қауіпсіздігі туралы", "Техникалық жабдықтың электромагниттік үйлесімдігіне" сәйкестігін тексеру үшін "Ұлттық сараптау және сертификаттау орталығы" АҚ Астана қаласындағы филиалының аккредиттелген сынақ орталығына кешенді зерттеуге жіберілді. 2024 жылғы 14 тамыздағы № 315Э сынақ хаттамасына сай, өнім сапа стандарттарына сәйкес келеді, алайда сәйкессіздіктердің бар екені де анықталды:

1. Мемлекеттік тілдегі пайдалану құжаттамасының болмауы. "Қазақстан Республикасындағы Тілдер туралы" заңында Қазақстан Республикасында барлық тұтынушыға бірдей жағдайды қамтамасыз ету үшін шетелде өндірілген тауарларды пайдалану жөніндегі нұсқаулық пен таңбалама екі тілге (орыс және қазақ) аударылуға тиіс деп белгіленген. Бұл, әсіресе, дұрыс пайдаланбаған жағдайда ауыр зардаптарға әкелуі мүмкін тұрмыстық техника үшін өте маңызды.

2. Жапсырмада мынадай ақпарат жоқ:

  • өндірушінің атауы немесе сауда белгісі туралы. Бұл негізінен өнімді анонимді етеді. Өндірушінің нақты көрсетілімінсіз құрылғының шығу тегін анықтау, сондай-ақ оның түпнұсқалығын және қауіпсіздік талаптарына сәйкестігін тексеру мүмкін емес;
  • мақсаты, сипаттамалары және өлшемдері туралы. Бұл өте маңызды, өйткені пайдаланушыға араластырғышты қандай жағдайларда пайдалануға рұқсат етілгені және қандай жұмыс режімдері қауіпсіз екендігі түсініксіз;
  • орнатудың, сақтаудың, тасымалдаудың және кәдеге жаратудың, сондай-ақ қауіпсіз пайдаланудың және ақаулар анықталған жағдайда қолданылатын шаралардың нақты ережелері жоқ. Мұндай кемшіліктер тұрмыстық жарақаттар немесе жазатайым оқиғаларды тудыруы мүмкін;
  • өндірушінің немесе импорттаушының аты, орналасқан жері және байланыстары туралы ақпараттың болмауы. Ақау туындаған жағдайда тұтынушы өнімді жөндеу немесе ауыстыру үшін компанияға хабарласа алмайды;
  • шығарылған айы мен жылы көрсетілмеген. Бұл құрылғының сенімділігі мен қызмет ету мерзімін, сондай-ақ оның қауіпсіздігін бағалаудың негізгі факторы болып табылады.
Fissman bioecolistic араластырғыш
Фото: Биятан Жанна

Жапсырмадағы осы элементтердің барлығы ұсақ-түйек талап емес, сатып алушының, оның ішінде мемлекеттік тілде сөйлейтіндердің қауіпсіздігі мен құқықтарын сақтаудың нақты кепілі. Жабдықтың нақты мақсаты мен оның жұмыс шарттарын түсіну үйдегі қауіпсіздіктің негізі болып саналады. Араластырғыштар мен басқа да тұрмыстық жабдықтарды дұрыс пайдаланбау өртке, электр тогының тұйықталуына немесе басқа да жазатайым оқиғаларға әкеліп соғуы мүмкін.

Алия Алибекова, "MOТҚҚҚ" ҚБ құқыққорғаушы-сарапшысы:

"Әрбір тұтынушы өнім туралы толық және сенімді ақпарат алуға құқылы. Мұндай мәліметтердің болмауы өнімге деген сенімді төмендетіп, оны пайдалану қауіпсіздігіне залал келтіреді. Сондықтан мемлекеттік және орыс тілдеріндегі мұндай нұсқаулардың болуы – заңды талап қана емес, тұтынушыны ықтимал қауіптерден қорғау болып саналады".

Алия Расбекқызы тұрмыстық техниканы сатып алу кезінде мынандай бақылау парағын ұсынады:

  • Өндірушінің нұсқаулығы мен таңбаламаның бар-жоғын тексеріңіз. Қаптамада немесе нұсқаулықта компанияның толық атауы, оның логотипі және байланыс ақпараты бар екеніне көз жеткізіңіз.
  • Нұсқауларды зерттеңіз. Құжат мемлекеттік және орыс тілдерінде болуы керек, қауіпсіз пайдалану үшін барлық жағдайды, техникалық шарттар мен орнату және жою нұсқауларын да қамтуға тиіс.
  • Өндірілген күнін тексеріңіз. Бұйымның ескіруіне немесе техникалық ақауларына байланысты жаппай сатылымға шығарылмағанына көз жеткізіңіз.
  • Сатушыдан сәйкестік сертификаттарын сұраңыз. Егер жапсырмада барлық қажет ақпарат болмаса, жабдықтың қауіпсіздігін растайтын қосымша құжаттарды сұраңыз.

Қауіпсіздік талаптарына сәйкес келмейтін өнімдер денсаулық пен мүлікке елеулі зиян келтіруі мүмкін. Таңбалама талаптарын бұзу көбінесе өнім сапасына қатысты мәселелерді көрсетеді. Кейде бұл өндірушінің қателігін байқатса, ал кей жағдайда бұл өнімнің шығу тегін жасыру әрекеті немесе контрафактілік өнім болуы мүмкін.

Мұндай өнімдерді кездестірген жағдайда өзіңізді және басқа тұтынушыларды ықтимал қауіпті өнімдерден қорғау үшін олар туралы тиісті реттеуші органдарға хабарлаған жөн.

Бұл материалды әлеуметтік жобаның орындаушысы – "Маңғыстау облыстық тұтынушылардың құқықтарын қорғау қоғамы" қоғамдық бірлестігі дайындаған.

Осыған ұқсас сұрақтар бойынша байланыс нөмірі 87054222739 немесе Instagram парақшасы: OZPP.KZ – https://www.instagram.com/ozpp.kz/ сілтемесі арқылы хабарласуға болатынын ескертеміз.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2171397-tangbalamanyng-bolmauy-tutynushylar-ushin-nesimen-qauipti-sarapshylar-tusindirip-berdi/