Халыққа "Жауап керек": KAZ.NUR.KZ халықтың сауалын төтенше жағдайлар министрлігіне жеткізеді
Жарияланған күні:
KAZ.NUR.KZ редакциясы "Жауап керек" жобасын жалғастырады. Редакция тілшілері жоба аясында халықтың түйткілін билікке жеткізуді мақсат етеді. Нақты мәселелер бойынша ел көкейіндегі жүрген сауалдардың жауабын шенеуніктерден алу - негізгі міндет.
"Оқырманнан – сұрақ, шенеуніктен – жауап"
Жобамыздың екінші айында денсаулық саласындағы түйткілді мәселелер бойынша халықтың үнін билікке жеткіздік. Мәселен, поштамызға Алматы облысы Алатау қаласындағы (бұрынғы Жетіген ауылы - ред. ескертпесі) тозығы жеткен жалғыз емхананың жай-күйін айтқан оқырман хабарласты.
"Бізге дұрыстау емхана керек. Қазіргінің ішіне кірсеңіз, екі адам қатар жүре алмайды. Өте тар, бір бөлмеде үш-төрт дәрігер отырады. Кезекке тұру қиын. Осы мәселелер қашан шешіледі?" - деп жазды ол.
Бұл мәселе бойынша KAZ.NUR.KZ тілшісі Алматы облысы денсаулық сақтау басқармасына сауал жолдады. Ведомство өкілі берген ақпаратқа сай, Алатау қаласында 2025 жылы 250 келушіге арналған емхана құрылысы жоспарланып отыр.
"Қазіргі уақытта жобалық-сметалық құжат әзірленіп жатыр. Осы құжат бекітілгеннен кейін емхананың құрылысына бюджеттен ақша бөлуге өтінім берілетін болады", - деп жауап берді басқарма өкілдері.
Сонымен бірге редакцияға еліміздің медициналық оқу орындарының бірінде резидентурада оқитын оқырманнан сұрақ келді. Ол резиденттерге төленетін 100 мың теңге шәкіртақы ештеңеге жетпейтінін айтып, министрліктен шәкіртақыны көтеруді сұраған.
KAZ.NUR.KZ тілшісі оқырман сауалын Денсаулық сақтау министрлігіне қойып, жауап алды.
Қалай сұрақ жолдай аласыз?
Жобада редакция тілшілері әлеуметтік желілерде оқырман сұрақтарын іріктеп, маңызы мен өзектілігі бойынша таңдайды.
Сұрақтарыңызды мынадай жолмен жолдай аласыздар:
- Instagram-дағы ресми парақша;
- Telegram-дағы ресми арна;
- Facebook-тегі ресми парақша;
- editor@corp.nur.kz поштасы (Хаттың тақырыбына міндетті түрде "Жауап керек" жобасына деп жазып қоюы шарт).
Әр екі аптада бұл сұрақтар көкейтестілігі және өзектілігі бойынша іріктеліп, салалық ведомстволарға сауалхат ретінде e-otinish арқылы жолданады.
Ескерте кетейік, хатта сұрақ жолдаған оқырманның аты-жөні, байланыс ақпараты болғаны абзал. Алайда оқырман аноним түрде сұрақ қоя алады. Іріктеп алынған сұрақтар қай құзырлы органға жолданатыны алдын ала әлеуметтік желілерде жарияланады.
Осы айда кімге сауал жолдай аласыз?
Бұл айда Төтенше жағдайлар министрлігінің құзыретіне жататын сұрақтар қабылданады. Келесі айларда өзге ведомстволарға қатысты мәселелерге тоқталамыз.
Үздік сұраққа – ақшалай жүлде
Үздік сұрақты маңызы мен өзектілігі бойынша редакция анықтайды. Бұдан кейін KAZ.NUR.KZ әлеуметтік желілердегі парақшаларында жеңімпаздың есімі жарияланады.
Нені мақсат тұттық?
Негізгі мақсатымыз – оқырмандармен кері байланысты нығайту, халық пен билік арасында көпір болуға ұмтылу және ел көкейінде жүрген сауалдарға құзырлы органдардан ресми жауап алу, ел ішіндегі проблемаларды шешуге мұрындық болу.
Қоғамдағы мәселелерге бей-жай қарамайтын әрбір отандасымызды жобаға қатысып, ел мәселесін шешуге атсалысуға шақырамыз.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2171433-halyqqa-zhauap-kerek-kaz-nur-kz-halyqtyng-saualyn-totenshe-zhagdailar-ministrligine-zhetkizedi/