"Бұл оқиға бәрімізді есеңгіретті": талғарлықтар 16 жастағы Шерзатты еске алу бұрышына гүл әкеліп жатыр (фото, видео)
Жарияланған күні:
Талғарда 16 жастағы бозбаланы еске алу бұрышы пайда болды. Халық гүл шоқтары мен тәттілер әкеліп қойып жатыр. Олар бұл жағдай жергілікті тұрғындарды есеңгіретіп тастағанын айтады. KAZ.NUR.KZ тілшісі оқиға орнында болып қайтты.
16 жастағы Шерзат ата-анасымен бірге жұмыс істеген азық-түлік дүкені Талғар қаласының шеткі аумағында орналасқан. Қазір дүкен жабық тұр. Есіктен саусақ іздері алынғаны байқалады.
Ал бүгін таңертеңнен бері талғарлықтар Шерзаттың соңғы демі үзілген жерге ескерткіш бұрышын ашып, оған гүл шоқтарын әкеліп жатыр.
Дүкен маңында тұратындардың көбі жантүршігерлік оқиғаға қатысты журналистердің ешбір сұрағына жауап бере алмайтынын кесіп айтты. Жергілікті халық оқиғадан үрейленіп қалған. Маңайдағы басқа дүкендердің сатушылары да болған жайттан кейін әлі ес жия алмай отырғанын айтты.
Алайда оқиғаға бей-жай қарау мүмкін емес дейтін жандар да табылды. Дүкен орналасқан көшеде тұратын келіншек қайғыдан қан жұтып отырған отбасын танымаса да, 16 жастағы бозбаланың қастандықпен өлтірілгені жанына батқанын айтты.
"Біз осы маңда тұрамыз. Бұл отбасын танымаймын, бірақ оқиға жүрегімізді ауыртты, бәрімізді есеңгіретіп тастады. Қызым екеуміз гүл шоғын қоюға келдік. Бәріміз бір ауданда тұрамыз, оның үстіне естуімше, баланы аса қатыгездікпен өлтірген. Сөзім жоқ. Кінәлілердің бәрін ұстап, жазалау керек", - дейді Талғар тұрғыны.
Оқиға орнына Шерзаттың отбасына қолдау білдіріп, заң көмегін беруге ниетті Алматы адвокаттар алқасының адвокаты Эльнура Кишкенебаева да келді. Маманның сөзінше, ол Шерзаттың жақындарының өтінішімен қылмыстық іс бойынша жұмысқа жақын арада кіріседі.
"Осы оқиғадан кейін маған толассыз хаттар келе бастады. Адвокат ретінде қол ұшын бере аласыз ба деп өтініш айтып жатыр. Сол оқырмандардың өтініш бойынша арнайы оқиға орнына келіп тұрмын. Әлеуметтік желіде салынған видеолардан да көріп отырмыз, бұл жерде естуімізше, оқиғаға қатысы бар 13 адам болған. Оның жетеуі күдікті деп танылып, қамаққа алынды. Екі адам бұрын сотты болған. Ата-анасы қылмыстық істің Талғар қаласында жүргізілгенін қаламайды, себебі оқиға болған жерде түсірілген бейнежазба қазір жоғалып кетті деп айтып отыр. Ол мүмкін емес жағдай. Құзырлы орган видеоны алғаннан кейін тиісті жерге пайдалануы керек еді. Қанша адамға күмән туғызып жатыр. Жеті адамды дер кезінде ұстамаған. Менің ойымша, Қылмыстық кодекстің 99-бабы бойынша, аса қатыгездікпен өлтіру әрекеті үшін кінәлі тұлғалар өз жазасын алуы керек. 15-20 жылға дейін жаза қарастырылған. Енді қазір іс Қонаев қаласында қаралады деп жоспарланып отыр. Алдағы уақытта мен де осы іске адвокат ретінде көмегімді беремін деген ниеттемін", - деді Эльнура Кишкенебаева.
Айта кетейік, оқиға 4 қазанға қараған түні болған. Бір топ жас арасында жанжал болып, төбелеске ұласқан. Жанжал салдарынан екі жігіт аудандық ауруханаға жеткізілді, олардың бірі алған алған жарақатынан жансақтау бөлімінде көз жұмғаны хабарланған болатын. Кейін тәртіп сақшылары күдіктілердің ұсталған сәті түсірілген кадрларды көрсетті.
8 қазанда Алматы облысы ПД бастығының міндетін атқарушы Серік Шалқаров Қылмыстық істі тергеу Ішкі істер министрлігінің ерекше бақылауына алынып, оның нұсқауы бойынша арнайы жедел-тергеу топ жұмыс атқарып жатқанын хабарлаған.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2172114-barimizdi-esenggiretti-talgarlyqtar-16-zhastagy-sherzatty-eske-alu-buryshyna-gul-akelip-zhatyr/