Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Төрт адамның өмірін қиған Ақтөбе облысындағы жол апаты: Toyota Alphard жүргізушісі сотта жауап берді

Жарияланған күні:

Ақтөбе облыстық қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық соты
Басты сот талқылауы. Фото: KAZ.NUR.KZ

Ақтөбе-Ор тас жолында жол апатына ұшыраған көлік жүргізушінің әрекеті сотта талқыланып жатыр. Басты сот талқылауы Toyota Alphard көлігінің жүргізушісінен жауап алудан басталды. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ тілшісі хабарлайды.

Ақтөбе облыстық қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында жантүршігерлік жол апатынан төрт адам қаза тапқан оқиғаға қатысты басты сот талқылауы өтіп жатыр. Айыптау үстеліне арнайы күзетпен көлік жүргізушісін әкелді.

Қайғылы оқиға 5 маусымда Ақтөбе-Ор тас жолында болды. Қарғалы ауданы Ащылысай ауылы маңында аударылып қалған Toyota Alphard көлігінің 37 жастағы жүргізушісі өзіне тағылған айыпты толық мойындайтынын, өкінетінін айтып, кешірім сұрады.

"2024 жылдың 5 маусымында болды. Түскі мезгіл. Жолаушыларды мекенжайларынан алып, Ақтөбе қаласынан Ор бағытына жолға шықтым. Жолаушылардың өтінішімен Қосестекке келгенде бір рет аялдама жасалды. Бадамшаның бұрылысында жаңбыр жауып бастады. Шилісай ауылына жетпей жол апаты болды. Сол жақтан екі рет соққы болды. Есімде жоқ, машина 1-2 рет аунады. Бірден полицияға және жедел жәрдем қызметіне хабар бердім. Жедел жәрдем қызметі көмек көрсетіп жатқан кезде полиция оқиға орнынан мені алып кетті. Бір адамның оқиға орнында, үш адамның ауруханада қайтыс болғанын кейін естідім. Сол жерде көп көлік тоқтап, зардап шеккендерге көмектесті. Мен кінәмді толық мойындаймын, болған жайға өкінемін. Ол жерде қандай жол белгілері болғаны қазір есімде жоқ. Тағылған айыпты мойындаймын", - деді сотталушы.

Айыптау актісіне сүйенсек, жолаушылар ашық бас-ми жарақатын алып, көз жұмған. Сот отырысы кезінде жәбірленушілер 20 млн теңге моральдық, 2,7 млн теңге материалдық шығынды өтеуді сұрағаны айтылады.

Жол апатына қатысты оқиғада бір куәгер бар. Қазір жәбірленушілерден жауап алынып жатыр. Кейін куәгер жауабы, сараптама қорытындылары талқыланады.

Автор: Ардақ Ерубаева

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2172604-tort-adamnyng-omirin-qigan-aqtobe-oblysyndagy-zhol-apaty-toyota-alphard-zhurgizushisi-sotta-zhauap-berdi/