"Пранк деп түсіндім": ломбардқа қарумен келген ер адамды тоқтатқан студентке кәсіпкер қымбат телефон сыйлады
Жарияланған күні:
Шымкентте ломбардқа қарумен кіріп келген белгісіз ер адамды полицияға ұстап берген 18 жастағы Ұлықбек Ахметов қылмыстың алдын алды. Бірінші курс студенті ломбардқа ұялы телефонын өткізіп, оқу ақысын төлегісі келген, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі.
Айтуынша, ломбардта тұрған уақытында өзінен кейін бетін тұмшалаған тағы бір ер адам кірген. Алдымен ломбард қызметкерлерінен кеңес сұраған белгісіз адам біраздан соң қалтасынан қару шығарды дейді Ұлықбек Ахметов.
"Менің ұялы телефонымды қабылдау процесі аяқталар кезде маскадағы жігіт қалтасынан қару шығарды. Мен оны пранк деп түсіндім. Сөйтіп досыма қарап күлдім. Қалжың деп қабылдап өзінен де сұрадым. Ол әзілдеп тұрмағанын, кассадағы қыздардан ақша талап ететінін айтты. Сол кезде мұрынынан ұрдым. Қанша рет жұдырықтағаным есімде жоқ. Тек жерге құлап, қаруы ұшып кеткенде тоқтаттым", - дейді Ұлықбек Ахметов.
Еске сала кетейік, студенттің ломбард қызметкерлерін құтқарған сәті түсірілген видеоны әлеуметтік желіде Шымкент полициясы жариялады. Ал бірінші курс студенті оқиғаның шынайылығына полиция келгенде бір-ақ сендім дейді.
"Бірден полиция мен сол жердің күзеті келді. Сөйтіп бізді бөлімшеге алып кетті. Жағдайдың растығына қолымнан саусақ іздерін алғанда бір-ақ сендім. Кейін ломбард иесі маған қымбат ұялы телефон сыйлады. Оны сатып оқуымның ақшасын төледім", - дейді жігіт.
Ержүрек жігіт 4 жыл бойы боксқа қатысып, түрлі байқау жеңімпазы болған. Ал қазір дене шынықтыру пәні мұғалімі мамандығында оқып жатыр.
Автор: Назерке Еркінбекқызы
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2172790-prank-dep-tusindim-shymkentte-lombardqa-qarumen-kelgen-er-adamdy-toqtatqan-studentke-kasipker-qymbat-telefon-syilady/