Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

74 жасында турникке тартылып танымал болған шымкенттік әжей спорттың арқасында ауруынан айыққанын айтты

Жарияланған күні:

Гүлсара Әбсаматова
Гүлсара Әбсаматова. Фото: KAZ.NUR.KZ

Шымкент қаласының 74 жастағы тұрғыны Гүлсара Әбсаматова әлеуметтік желі қолданушыларын спортқа деген сүйіспеншілігімен тәнті етті. Зейнет жасындағы әйел күнделікті қаладағы Дендросаябақта турникке тартылып, спортпен шұғылданады. Бір күнде желі арқылы танымал болған әжей KAZ.NUR.KZ тілшісіне сұқбат берді.

Тақырып бойынша жаңа жарияланым:
Қостанай тұрғындары қаладағы саяжайды сүруге қарсы шықты

Шымкенттік Гүлсара Әбсаматова күн сайын екі сағатын спортқа арнайтынын айтады. Ақ жаулықты әжей турникте 5 минут бойы басын төмен қаратып асылып тұрады. Мұны көрген азаматтардың бірі әжейдің ерекше әрекетін видеоға түсіріп, әлеуметтік желіге жүктеген. Содан бері мені танитын адамдар көбейді дейді зейнеткер.

"Спортпен айналысып жатқанымда түсірілген видеоның әлеуметтік желіде кеңінен таралғанын ең бірінші ұлым жеткізді. Балаларым бір күнде танылғанымды айтып қалжыңдайды. Қазір өзім дене шынықтыратын Дендросаябаққа келушілер де тани бастады. Бәрі қария адамның турникке тартылғанына таң қалады", - дейді Гүлсара апа.

Гүлсара Әбсаматова
Гүлсара Әбсаматова. Фото: KAZ.NUR.KZ

Өткен айда ғана 74-ке толған Гүлсара Әбсаматова Қырғызстанда туған. Атамекенге оралған қандас алдымен Арыс қаласында, кейін Павлодарда да тұрған екен. Екі жыл бұрын Шым қалаға қоныс аудардық дейді. Содан бері қарияның денсаулығы да сыр бере бастапты. Алдымен өті жарылып, кейін қатерлі ісікке шалдығып өлім аузынан қалған.

"Жас келе өтім ауырып, кейін оның жарылғанын естідім. Дәрігерлер ота жасағысы келді. Бірақ бас тарттым. Содан бері спортты серік етіп, күн сайын дене шынықтыруды әдетке айналдырдым. Үй ауласында керіліп, созылып жүргенімді көрген ел көзін алмай қарайды. Өзімді ыңғайсыз сезініп, осы Дендробақтан жаттығатын алаң тауып алдым", - дейді шымкенттік әжей.

Гүлсара Әбсаматова
Гүлсара Әбсаматова. Фото: KAZ.NUR.KZ

Екі ұл, екі қыз өсірген зейнеткерден дәрігерлер қатерлі ісік те анықтаған. Содан бері күлкіні ұмыттым деген Гүлсара апа ауруды жеңуге күшті дәл осы спорттан тауыпты. Күн сайын екі-үш сағат бойы шынығып, тіпті турникте жоғарыдан төмен бес минут бойы тұрады.

"Спортпен айналысқалы жүзіме күлкі үйірілді. Өмірге деген құлшыныс артты. Үйінде телехикаядан бас алмайтын немесе есік алдында өсек айтудан шаршамайтын құрдастарыма таң қаламын. Уақытымды зая кетіргім келмейді. Жаттығып болған соң шұлық тоқимын. Үйірмеге барып үйрендім. Ал басымды бітпейтін ойдан демалдыру үшін саябақта жүрем", - дейді әжей.

Бір қызығы Гүлсара Әбсаматова саябаққа төрт аялдама бойы жаяу жүріп келеді. Дұрыс тамақтануды да өмір салтына айналдырған.

Автор: Назерке Еркінбекқызы

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2172667-74-zhasynda-turnikke-tartylyp-tanymal-bolgan-shymkenttik-azhei-sporttyng-arqasynda-auruynan-aiyqqanyn-aitty/