Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Шымкентте масаң күйде көлік жүргізген полиция қызметкері жазаланды

Жарияланған күні:

Полиция қызметкері
Полицей. Көрнекі фото: NUR.KZ/Владимир Третьяков

Шымкентте полиция қызметкері масаң күйде көлік басқарғаны үшін 7 жылға көлік құралдарын жүргізу құқығынан айырылды. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ қалалық соттың ресми сайтына сілтеме жасап хабарлайды.

Шымкент қаласының әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында Т.Ж.-ға қатысты ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің (бұдан әрі – ӘҚБтК) 608-бабының 1-бөлігімен әкімшілік іс қаралды.

"Т.Ж. 2024 жылғы 29 қыркүйекте 00 сағат 52 минут шамасында, Шымкент қаласындағы Арғынбеков көшесінде маркасы Toyota corolla автокөлігін масаң күйде басқарған.

Сотта Т.Ж. өз кінәсін мойындап, өкінетінін, 2024 жылғы 29 қыркүйекте алкогольдік масаң күйде автокөлікті жүргізгенін растап, соттан қатаң жаза қолданбауын сұрады", - делінген сот хабарламасында.

Сондай-ақ Т.Ж.-ның кінәсі әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттамамен және оның алкогольдік масаңдығы жеңіл дәрежелі масаң күйге жатады деген дәрігерлік куәлендіру қорытындысымен және бейне таспасымен дәлелденді.

ӘҚБтК-нің 608-бабы 1-бөлігінің диспозициясына сәйкес, жүргізушінің көлік құралын алкогольдік, есірткілік және уытқұмарлық масаң күйде көлiк құралын басқару он бес тәулікке әкімшілік қамаққа алуға және жеті жыл мерзімге көлік құралын басқару құқығынан айыруға алып келеді.

"Сот Т.Ж-ның әрекетінде құқық бұзушылық жасаған фактісі өз дәлелін тапты, ал ӘҚБтК-нің 32-бабының 2-бөлігіне сәйкес, құқық қорғау органдарының қызметкерлері жол жүрісі қағидаларын бұзғаны үшін жалпы негіздер бойынша әкімшілік жауаптылықта болатынын ескеріп, аталған адамдарға әкімшілік қамаққа алу түріндегі әкімшілік жаза қолдануға болмайды деген тұжырымға келіп, Т.Ж. полиция қызметкері болғандықтан, оны ӘҚБтК-нің 608-бабының 1-бөлігімен кінәлі деп тауып, 7 (жеті) жыл мерзімге көлік құралын жүргізу құқығынан айыру әкімшілік жазасын тағайындады", - делінген сот хабарламасында.

Сот қаулысы заңды күшіне енбеген.

Еске салайық, биыл шілдеде Өскеменде мас күйде көлік жүргізген полиция қызметкері 7 жыл мерзімге көлік құралын басқару құқығынан айырылған еді.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2173233-shymkentte-masang-kuide-kolik-zhurgizgen-politsiia-qyzmetkeri-zhazalandy/