Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Шерзат Болаттың қазасы: Бас прокуратура өкілдері үйдің өртелуіне байланысты мәлімдеме жасады

Жарияланған күні:

Прокуратура қызметкері
Прокурор. Көрнекі фото: facebook.com/GenProkRK

12 қазанға қараған түні Талғарда қаза болған Шерзат Болаттың отбасы тұратын үй өртенді. Осы жайтқа байланысты Бас прокуратура өкілдері мәлімдеме жасап, ведомствоаралық жедел-тергеу тобы құрылғанын хабарлады, деп жазады KAZ.NUR.KZ.

"Талғарда жасөспірімді өлтіру ісі бойынша жәбірленушілердің үйін өртеу фактісіне қатысты 2024 жылғы 12 қазанда Бас прокуратураның басшылығымен қылмысты ашу үшін ведомствоаралық жедел-тергеу тобы құрылды.

Кінәлілерді әшкерелеу үшін барлық шара қабылданады. Қылмыстық iс Қазақстан Республикасы бас прокурорының бақылауына алынды", - делінген қадағалау органының Telegram-дағы ресми арнасында жарияланған хабарламада.

Айта кетейік, бүгін құқық қорғаушы Саида Тәукелева желідегі жеке парақшасында Алматы облысына қарасты Еңбекшіқазақ ауданы Азат ауылда 12 қазанға қараған түнде болған өрттің видеосын жариялады. Үй жақында Талғарда кісі қолынан қаза болған 16 жастағы Шерзат Болаттың отбасына тиесілі болған.

Полиция департаменті өкілдері мүлікті қасақана жою дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалып, тергеу жүріп жатқанын хабарлады.

Сондай-ақ зардап шеккендердің арызы бойынша полицейлер оларды күзетпен қамтамасыз еткені мәлім болды.

Талғардағы жасөспірім қазасы

Еске салсақ, 4 қазанға қараған түні Талғар қаласында ер адамдар арасында жанжал шығып, соңы төбелеске ұласқанын жазған едік. Жанжал салдарынан екі жігіт аудандық ауруханаға жеткізілген, олардың бірі алған жарақатынан жансақтау бөлімінде қайтыс болды. Кейін марқұм болған 16 жастағы Шерзат Болат есімді бозбала екені хабарланды.

Полиция кісі өлтіру фактісі бойынша қылмыстық іс қозғады.

Артынша Алматы облысының полиция департаменті өкілдері кісі өлтірді деген күдікпен ұсталғандардың видеосын жариялады.

Талғардағы кісі өлімімен аяқталған оқиғадан кейін марқұмның әкесі соттың ашық әрі әділ өтуін талап етіп мәлімдеме жасады.

Қанды оқиға болған дүкеннің алдында марқұм Шерзат Болатты еске алу бұрышы ашылды. KAZ.NUR.KZ тілшісі Талғарға барып, тұрғындармен тілдесіп қайтты.

10 қазанда марқұмның әкесі Қаржаубай Нұрымов істің мән-жайын айтып тағы бір үндеу жасап, халықтан митингке шықпауын өтінді. Сондай-ақ ол отбасының қауіпсіздігіне алаңдаулы екенін жеткізді. Айтуынша, заңгерлер мен журналистердің атын жамылып, белгісіз біреулер келіп қорқытқан. Шерзаттың әкесі жағдай өзіне және жақындарына кері әсер етіп кетпес үшін, жұртшылықтан митингке шығып, қантөгіс жасамауын өтінді.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2173374-talgardagy-zhasospirim-qazasy-bas-prokuratura-zharbirlenushiler-uiining-orteluine-bailanysty-malimdeme-zhasady/