Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Талғардағы жасөспірім өлімі: желіде Шерзат Болаттың әкесінің тағы бір видеоүндеуі тарады

Жарияланған күні:

Қаржаубай Нұрымов
Қаржаубай Нұрымов. Видеодан кадр: youtube.com/@etokzdetka

Әлеуметтік желіде Талғарда кісі қолынан қаза болған 16 жастағы Шерзат Болаттың әкесі Қаржаубай Нұрымовтың тағы бір видеоүндеуі тарады – ол түннен бері құзырлы орган өкілдері жүргенін, ешкімнен қорықпайтынын, елді дүрліктіріп, қан төгілгенін қаламайтынын, істің заң аясында шешілетінінен үмітті екенін айтқан. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ хабарлайды.

Қаржаубай Нұрымовтың видеоүндеу Youtube-тегі "Это Казахстан детка" арнасында жарияланды.

"Құрметті қазақ елі, мен ешқандай қантөгіс болмағанын қалаймын. Ешқандай қантөгіс болмасын. Бұл жерде кеше түннен бері құзырлы органдардың барлығы жүр. Қылмыскерлердің барлығы жауап береді деген сенімдемін. Сол себепті, жігіттер, мен өзім үшін қорықпаймын ешқашан. Қай кезде де, кім келіп жатса да, өзім сөйлесе аламын. Сол үшін тыныш елді дүрліктіріп, қан төгіп, біреулердің обалына қалмайық. Айтарым осы. Жоғарыдағы кісілерге де айтарым осы. Ешқандай қантөгіс болғанын қаламаймын. (Іс – ред. ескерт.) заң аясында шешіледі деген үміттемін. Қай кезде болсан әділетті Қазақстан болатынына сенемін. Менде қорқыныш жоқ. "Қорықты" деген әңгіме болмасын. Бірақ даладан келген жау жоқ. Бір қазақты бір қазақ өлтіріп, атып жатқаны дұрыс емес", - дейді ол.

Айта кетейік, құқық қорғаушы Саида Тәукелева желідегі жеке парақшасында 12 қазанға қараған түні Еңбекшіқазақ ауданы Азат ауылында болған өрттің видеосын жариялады. Бұл үй марқұм Шерзат Болаттың отбасына тиесілі болған.

Артынша полиция департаменті өкілдері мүлікті қасақана жою дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалып, тергеу жүріп жатқанын хабарлады.

Сондай-ақ зардап шеккендердің арызы бойынша полицейлер оларды күзетпен қамтамасыз еткені мәлім болды.

Кейін бас прокуратура өкілдері мәлімдеме жасап, жәбірленушілердің үйін өртеу фактісі бойынша ведомствоаралық жедел-тергеу тобы құрылғанын және қылмыстық iс бас прокурордың бақылауына алынғанын хабарлады.

Алматы облысының әкімдігі өкілдері баспанасын өрт шалған Шерзат Болаттың отбасына үйді қалпына келтіруге көмек берілетінін, жөндеу жұмыстары аяқталғанға дейін оларға уақытша баспана берілетінін атап өтті.

Талғардағы жасөспірім қазасы

Еске салсақ, 4 қазанға қараған түні Талғар қаласында ер адамдар арасында жанжал шығып, соңы төбелеске ұласқанын жазған едік. Жанжал салдарынан екі жігіт аудандық ауруханаға жеткізілген, олардың бірі алған жарақатынан жансақтау бөлімінде қайтыс болды. Кейін марқұм болған 16 жастағы Шерзат Болат есімді бозбала екені хабарланды.

Полиция кісі өлтіру фактісі бойынша қылмыстық іс қозғады.

Артынша Алматы облысының полиция департаменті өкілдері кісі өлтірді деген күдікпен ұсталғандардың видеосын жариялады.

Талғардағы кісі өлімімен аяқталған оқиғадан кейін марқұмның әкесі соттың ашық әрі әділ өтуін талап етіп мәлімдеме жасады.

Қанды оқиға болған дүкеннің алдында марқұм Шерзат Болатты еске алу бұрышы ашылды. KAZ.NUR.KZ тілшісі Талғарға барып, тұрғындармен тілдесіп қайтты.

10 қазанда марқұмның әкесі Қаржаубай Нұрымов істің мән-жайын айтып тағы бір үндеу жасап, халықтан митингке шықпауын өтінді. Сондай-ақ ол отбасының қауіпсіздігіне алаңдаулы екенін жеткізді. Айтуынша, заңгерлер мен журналистердің атын жамылып, белгісіз біреулер келіп қорқытқан. Шерзаттың әкесі жағдай өзіне және жақындарына кері әсер етіп кетпес үшін, жұртшылықтан митингке шығып, қантөгіс жасамауын өтінді.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2173413-talgardagy-zhasospirim-olimi-zhelide-sherzat-bolattyng-akesining-undeui-delingen-video-tarady/