Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Алматы облысында өртенген үй: вице-министр мен облыс прокуроры тергеу барысы туралы айтты

Жарияланған күні:

ІІМ вице-министрі Бауыржан Аленов пен облыс прокуроры
ІІМ вице-министрі Бауыржан Аленов пен облыс прокуроры Берік Адамов. Видеодан кадр: polisia.kz

Ішкі істер министрінің бірінші орынбасары Бауыржан Аленов пен Алматы облысының прокуроры Берік Адамов Еңбекшіқазақ ауданындағы үйді өртеу фактісі бойынша тергеу барысы туралы айтты. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ IІM-нің Polisia.kz ақпараттық медиа-порталына сілтеме жасап хабарлайды.

Бауыржан Аленовтің айтуынша, қылмыс жасалған сәттен бастап, яғни 4 қазаннан бері Талғарда министрдің бірінші орынбасары бастаған ІІМ орталық аппараты қызметкерлерінен құралған жедел-тергеу тобы жұмыс істеп жатыр.

"Жедел-тергеу тобы құрылып, қылмыс жасалған жерде мұқият тексеру жұмыстарын жүргізуде. Бейнебақылау камераларынан жазбалар қаралуда. Аулалар мен есепте тұрған тұлғалар тексерілуде. Отбасының тұрғылықты жерін полиция қызметкерлері патрульдеуде. Оқиға орын алған кезде өрт болған үйде ешкім тұрып жатқан жоқ еді. Жанұя қазіргі кезде басқа мекенжайда тұрып жатыр. Қылмыскерлер ұсталып, міндетті түрде жауапқа тартылады. Сонымен қатар жалған ақпарат таратпауға шақырамын", - деді ішкі істер министрінің бірінші орынбасары Бауыржан Аленов.

Алматы облысының прокуроры Берік Адамов барлық тергеу әрекеттері Бас прокуратураның бақылауында екенін атап өтті.

"Тергеу барысы туралы бас прокурорға есеп беремін. Бүгінгі таңда арнайы прокурорлар үйді өртеу фактісін тергеп жатыр. Оқиға орнынан барлық айғақтар алынып, олар бойынша тиісті сараптамалар тағайындалды. Біз сараптама нәтижелерін күтудеміз, одан кейін қосымша ақпарат беріледі. Бүгінгі таңда осы іс бойынша көптеген жалған ақпарат таратылуда. Азаматтарға жалған ақпарат таратқаны үшін қылмыстық жауапкершілік қарастырылатынын ескерткім келеді", - деді Алматы облысының прокуроры Берік Адамов.

Еске салсақ, бүгін құқық қорғаушы Саида Тәукелева желідегі жеке парақшасында 12 қазанға қараған түні Еңбекшіқазақ ауданы Азат ауылында болған өрттің видеосын жариялады. Бұл үй марқұм Шерзат Болаттың отбасына тиесілі болған.

Талғардағы Шерзат Болат қазасы

Еске салсақ, 4 қазанға қараған түні Талғар қаласында ер адамдар арасында жанжал шығып, соңы төбелеске ұласқанын жазған едік. Жанжал салдарынан екі жігіт аудандық ауруханаға жеткізілген, олардың бірі алған жарақатынан жансақтау бөлімінде қайтыс болды. Кейін марқұм болған 16 жастағы Шерзат Болат есімді бозбала екені хабарланды.

Полиция кісі өлтіру фактісі бойынша қылмыстық іс қозғады.

Артынша Алматы облысының полиция департаменті өкілдері кісі өлтірді деген күдікпен ұсталғандардың видеосын жариялады.

Талғардағы кісі өлімімен аяқталған оқиғадан кейін марқұмның әкесі соттың ашық әрі әділ өтуін талап етіп мәлімдеме жасады.

Қанды оқиға болған дүкеннің алдында марқұм Шерзат Болатты еске алу бұрышы ашылды. KAZ.NUR.KZ тілшісі Талғарға барып, тұрғындармен тілдесіп қайтты.

10 қазанда марқұмның әкесі Қаржаубай Нұрымов істің мән-жайын айтып тағы бір үндеу жасап, халықтан митингке шықпауын өтінді. Сондай-ақ ол отбасының қауіпсіздігіне алаңдаулы екенін жеткізді. Айтуынша, заңгерлер мен журналистердің атын жамылып, белгісіз біреулер келіп қорқытқан. Шерзаттың әкесі жағдай өзіне және жақындарына кері әсер етіп кетпес үшін, жұртшылықтан митингке шығып, қантөгіс жасамауын өтінді.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2173485-talgar-audanynda-ortengen-ui-iim-vitse-ministri-men-oblys-prokurory-tergeu-barysy-turaly-aitty/