Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Азық-түлік сатып алған кезде не нәрсеге мән берген жөн: сарапшылар таңбаламаның маңызын түсіндірді

Жарияланған күні:

Сауда арбасы
Көрнекі фото: pixabay.com

Азық-түліктің таңбаламасына келетін болсақ, көптеген тұтынушы мен кәсіпорындар: "Қаптамадағы әрбір затбелгіге назар аудару соншалықты маңызды ма?" деп ойлауы мүмкін. Алайда Кеден одағының техникалық регламентінде белгіленген азық-түлік өнімдерінің таңбаламасына қойылатын талаптардың белгілі бір себебі бар. Олардың мақсаты – қауіпсіздікті қамтамасыз ету және өнім жайында тұтынушыларға толық ақпарат беру, осылайша әр адам дүкенде саналы да қауіпсіз таңдау жасай алады.

Тақырып бойынша жаңа жарияланым:
Денсаулыққа қамқорлық: кептірілген жемістер және оларды таңдау ережелері

2024 жылғы маусым айында "Маңғыстау облыстық тұтынушылардың құқықтарын қорғау қоғамы" қоғамдық бірлестік ("MOТҚҚҚ" ҚБ) өкілі кейіннен тексеру үшін Астана дүкендерінің бірінен "құпия сатып алушы" әдісімен бірнеше тауарды: ресейлік өндірушінің "English Breakfast" қара шайын (салмағы 40 г.), ресейлік өндірістің "Rich East" ассорти жаңғағын (салмағы 0,5 кг) және құс етінен жасалған тоңдырылған "Наггетсы куриные традиционные" (салмағы 1,5 кг) аспаздық өнімін үшін сатып алды. Зерттеу Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігі Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитеті Астана қаласы бойынша "Ұлттық сараптама орталығы" ШЖҚ РМК филиалының аккредиттелген зертханасында жүргізілді.

2024 жылғы 26 маусымдағы РО-24-50911-920/№761, РО-24-50911-920/№ 757 және РО-24-50911-920/№763 хаттамаларында тіркелген тексеру нәтижелері мынандай сәйкессіздіктерді анықтады:

  • Бірінші үлгіде мемлекеттік тілде таңбалама жоқ, Еуразиялық сәйкестік белгісі көрсетілмеген, өнімнің тағамдық құндылығы туралы ақпарат болмаған.
  • Екінші үлгіде өндірілген күні, тағамдық құндылығы туралы ақпарат, сондай-ақ, мемлекеттік тілдегі таңбалама мен өндіруші/импорттаушының атауы мен орналасқан жері көрсетілмеген.
  • Үшінші үлгіде Еуразиялық сәйкестік белгісі жоқ.

Бұл кемшіліктер кішігірім болып көрінуі мүмкін, бірақ олар техникалық регламенттер талап ететін міндетті ақпараттың жоқтығын көрсетеді, бұл тұтынушыға өнімді таңдау кезінде қиындықтар туғызуы мүмкін.

Қажетті таңбалаусыз өнімдер
Фото: Биятан Жанна

Азық-түлік таңбаламасында нені көрсету керек?

Техникалық регламентке сәйкес, тамақ өнімдерінің таңбаламасы төмендегідей міндетті ақпараттарды қамтуы керек:

  1. Тауардың атауы – оның қандай өнім екенін нақты анықтайды, мысалы, "Ассорти жаңғақ", "Қара шай", т.б.
  2. Өнімнің құрамы – қоспалар мен ықтимал аллергендерді қоса алғанда, құрамына енгізілген барлық ингредиент туралы ақпарат. Бұл, әсіресе, тағамға аллергиясы бар адамдар үшін өте маңызды.
  3. Таза салмағы немесе көлемі – қаптамасыз өнімнің салмағы немесе көлемі туралы нақты деректер.
  4. Өндірілген күні мен жарамдылық мерзімі – өнімнің жаңа піскен және жеуге қауіпсіз екенін түсінуге мүмкіндік беретін міндетті элементтері.
  5. Сақтау шарттары – өнімді қандай температурада және қандай жерде (мысалы, тоңазытқышта немесе қараңғы жерде) сақтау керектігін анықтай аласыз.
  6. Тағамдық құндылығы – өнімнің құрамындағы ақуыздар, майлар, көмірсулар және калория мөлшері туралы мәліметтер. Бұл диетаны қадағалайтын немесе денсаулығына қатысты шектеулер бар адамдар үшін маңызды.
  7. Өндірушінің (импорттаушының) атауы және орналасқан жері – бұл мәліметтер өндірушіні анықтауға және өнімнің сапасына кім жауапты екенін түсінуге көмектеседі.
  8. Шығарылған елі – өнімнің қай елде өндірілгенін немесе оралғанын көрсетеді.
  9. Қазақстанда екі тілдеқазақ және орыс тілдерінде ақпарат беру міндетті.
  10. ЕАЭО (Еуразиялық сәйкестік) нарығындағы айналым белгісі – өнімнің Еуразиялық экономикалық одақ шеңберінде қауіпсіздіктің бірыңғай талаптарына сәйкес келетінін көрсетеді.

Алия Алибекова, құқыққорғаушы-сарапшы: "Өзіңіз елестетіп көріңізші, сіз әртүрлі жаңғақтарды сатып алғалы тұрсыз, ал қаптамада құрамына қатысты ақпарат жазылмаған. Олардың арасында сіздің отбасыңыздағы біреудің аллергиясын тудыруы мүмкін жержаңғақ жоқ екеніне қалай сенімді бола аласыз? Тоңдырылған құс еттерінің қаптамасында жарамдылық мерзімі көрсетілмесе ше? Бұл сіздің денсаулығыңызға қауіп төндіреді, өйткені мерзімі өтіп кеткен немесе дұрыс сақталмаған тағамды тұтыну улануға әкеп соқтыруы мүмкін", - дейді.

Қаптамада қажетті компоненттердің кейбірінің жоқ екенін байқасаңыз, өнімнің қауіпсіздігі туралы ойлануыңызға тура келеді. Құқықтарыңызды қорғауға көмектесетін кейбір ұсынымдар:

  • Сатып алу алдында ингредиенттерді және қаптамадағы басқа да ақпараттарды тексеріңіз. Егер таңбаламасы күмән тудырса, өнімді сатып алудан бас тартқан дұрыс.
  • Сәйкессіздіктерді хабарлау. Сіз жергілікті тұтынушылардың құқықтарын қорғау ұйымдарына хабарласа аласыз немесе қаптаманың фотосуретін немесе видеосын қоса, тиісті мемлекеттік органдарға шағым түсіре аласыз.
  • Сатушылардан қосымша ақпаратты сұрау. Егер түсініксіз ақпарат болса немесе таңбаламасы толық көрсетілмесе, сатушы өнім туралы толық ақпаратты беруге міндетті.

Кеден одағының техникалық регламенттері тек ережелер жиынтығы емес, тұтынушылардың құқықтарын қорғаудың маңызды элементі болып табылады. Осы стандарттарға сәйкестік – өнімдердің қауіпсіздігі мен сапасына кепілдік беретінін есте ұстаған жөн.

Материалды "Маңғыстау облыстық тұтынушылардың құқықтарын қорғау қоғамы" қоғамдық бірлестігі дайындаған.

Осыған ұқсас сұрақтар бойынша байланыс нөмірі 87054222739 немесе Instagram парақшасы: OZPP.KZ – https://www.instagram.com/ozpp.kz/

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2173924-azyq-tulik-satyp-algan-kezde-ne-narsege-man-bergen-zhon-sarapshylar-tangbalamanyng-mangyzyn-tusindirdi/