Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Шығу тегі белгісіз джем денсаулыққа қауіпті ме

Жарияланған күні:

Джем тосттары
Көрнекі фото: pixabay.com

Бүгін біз сатушылар шыны ыдыстарға салып сататын қайнатылған жемістер мен жидектерден жасалған тәтті қайнатпалар туралы айтатын боламыз.

Тақырып бойынша жаңа жарияланым:
Денсаулыққа қамқорлық: кептірілген жемістер және оларды таңдау ережелері

Мұндай тәтті қайнатпалардың да түрлері көп:

Тосап – жеміс-жидектерден бастапқы пішінін сақтайтындай етіп қантқа қайнатылған өнім.

Джем – қою тосап. Жемістер мен жидектерді кесектеп кеседі немесе езеді де, сосын қантқа араластырып қайнатады.

Қоймалжың – баяу отта қайнатылған қант қосылған жидек немесе жеміс пюресі.

Сондай-ақ мармелад, желе және конфитюр сияқты түрлері де бар, бірақ олар кондитерлік өнімдер ретінде белгілі.

"Маңғыстау облыстық тұтынушылардың құқықтарын қорғау қоғамы" қоғамдық бірлестігінің белсенділері Ақмола облысының тұтынушыларын қауіпсіз және сапалы өнімдерге қатысты ақпаратпен қамтамасыз ету мақсатында жасырын сатып алу әдісімен ирандық "Delkhan" өрік джемін сатып алды. Өнім "Ұлттық сараптау және сертификаттау орталығы" АҚ Ақмола филиалының зертханасына тапсырылды.

"Delkhan" өрік джемі
Фото: Биятан Жанна

Еске салсақ, "Маңғыстау облыстық тұтынушылардың құқықтарын қорғау қоғамы" қоғамдық бірлестігі бүкіл Қазақстан бойынша тұтынушылардың өнімдердің қауіпсіздігі мен сапасына қатысты хабардарлығын арттыру мақсатында белсенді жұмыс атқарып жатыр.

2024 жылғы 24 қыркүйектегі № 0726/1 зерттеу хаттамасына сәйкес, бұл сынама азық-түлік өнімдерінің таңбаламасына қатысты Кеден одағының техникалық регламенті (КО ТР) стандарттарына сәйкестігіне қатысты сынақтан өтпеді. Қаптамада тұтынушыны Қазақстан Республикасының мемлекеттік және орыс тілдерінде хабардар етуге арналған:

  • тамақ өнімдерінің құрамы мен саны;
  • тамақ өнімдерінің жасалған күні және жарамдылық мерзімі;
  • пайдалану бойынша ұсыныстар мен шектеулер;
  • тағамдық құндылық көрсеткіштері;
  • өндірушінің немесе импорттаушының атауы мен мекенжайы;
  • ЕАС-ның бірыңғай айналым белгісі;
  • қаптама материалының сандық немесе әріптік белгіленуі;
  • қаптаманың тағаммен жанасу үшін қауіпсіздігін растайтын пиктограмма сияқты ақпараттар болмаған.

Тұтынушылар тауарларда қазақ және орыс тілдеріндегі ақпараттың жоқтығы өнімнің сапасы туралы ойлануға негіз болатынын есте ұстауы керек. Сіз әрқашан таңбаламаға, әсіресе, жарамдылық мерзіміне назар аударуыңыз қажет. Егер мұндай ақпараттар қаптамада көрсетілмеген болса, сатушыдан егжей-тегжейлі сұрап білуден тартынбаңыз.

Сатушыдан фискалды чекті, сондай-ақ өнімнің сәйкестігі туралы декларацияны сұрауды ұмытпаңыз. Сатушылар мұндай ақпаратты беруге міндетті. Сертификаттарды тексеру қызметтерінің бірі – Ұлттық сертификаттар базасы, онда сіз декларация/сертификат нөмірін немесе өнімнің атауын енгізіп, оның шынымен декларациядан/сертификаттаудан өткен-өтпегенін және оның өндірушісі кім екенін біле аласыз.

Ескерту. Қазақстан Республикасы "Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы" заңының 27-бабы 3-тармағына сай, сәйкестігі міндетті расталуға жататын тауарларды, оның ішінде импортталатын тауарларды тиісті сәйкестік сертификаттарынсыз немесе Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкестік туралы декларациясыз өткізуге жол берілмейді.

Кәсіпкерлер үшін сөредегі өнімдердің барлық стандартқа сай болуы маңызды. Әйтпесе, сіз елеулі санкцияларға тап болуыңыз және тұтынушылардың сенімін жоғалтуыңыз мүмкін.

Тұтынушылардың құқықтарын қорғау жөніндегі сарапшы Жанна Биятанның айтуынша:

"Сатып алушылар қаптаманың бағасы мен сыртқы түріне ғана мән беріп, ондағы ақпарат түсінікті ғана емес, белгіленген стандарттарға сай болуы керектігін ұмыт қалдырады. Мысалы, шығарылған күні мен тағам туралы ақпараттардың болмауы тұтынушының өнімнің қаншалықты жаңа және пайдалы екенін анықтауын қиындатады. Ал қаптамада тағамдық затқа қатысты жапсырма болмаса, бұл өнімді сақтау қауіпсіздігіне қатысты алаңдаушылық тудыруы мүмкін".

"Техникалық регламент талаптарын бұза отырып сатылған өнімге әкімшілік айыппұл салынып, айналымнан шығарылуы мүмкін. Бұл жай ғана қағаз түріндегі формальдылық емес, таңбалама тұтынушылар үшін қауіпсіздік пен ашықтықты қамтамасыз етеді. Жетіспейтін ақпарат сатушының беделіне де, сатып алушының денсаулығына да нұқсан келтіруі мүмкін", – дейді тұтынушылар құқықтарын қорғау жөніндегі сарапшы Алия Алибекова.

Материалды "Маңғыстау облыстық тұтынушылардың құқықтарын қорғау қоғамы" қоғамдық бірлестігі дайындаған.

Осыған ұқсас сұрақтар бойынша байланыс нөмірі 87054222739 немесе Instagram парақшасы: OZPP.KZ – https://www.instagram.com/ozpp.kz/

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2174442-shygu-tegi-belgisiz-dzhem-densaulyqqa-qauipti-me/