Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Шерзат Болаттың ісі бойынша сот процесі ашық түрде онлайн режимде өтуі мүмкін

Жарияланған күні:

Шерзат Болаттың ісіне қатысты баспасөз мәслихаты
Шерзат Болаттың ісіне қатысты баспасөз мәслихаты. Видеодан кадр: Алматы ӨКҚ

Бүгін, 15 қазанда Қонаев қаласында Шерзат Болаттың ісіне қатысты баспасөз мәслихаты өтті. Алматы облысының прокуроры Берік Адамов Шерзат Болаттың ісі бойынша сот процесі ашық түрде онлайн режимде өткізу сұралатынын жеткізді. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ хабарлайды.

"Жәбірленушілер тарабынан ашық процесс, сот процесі туралы көп айтылып жатыр. Тергеу сатысында заңбұзушылықтар болған жоқ. Прокуратура сот процесін онлайн режимде ашық түрде жүргізуді сұрататын болады", - деді Алматы облысының прокуроры Берік Адамов.

Айта кетейік, брифингте Қонаевта Шерзат Болаттың ісі бойынша "жойылды" деген видео БАҚ өкілдеріне көрсетілді.

Ішкі істер министрінің тергеу департаменті басшысының орынбасары Самат Айысов видеоның әр кадрына жеке тоқталып түсіндірді.

ІІМ басшысының бірінші орынбасары Бауыржан Әленов тергеу барысы туралы айтты.

Талғардағы Шерзат Болат қазасы

Еске салсақ, 4 қазанға қараған түні Талғар қаласында ер адамдар арасында жанжал шығып, соңы төбелеске ұласқанын жазған едік. Жанжал салдарынан екі жігіт аудандық ауруханаға жеткізілген, олардың бірі алған жарақатынан жансақтау бөлімінде қайтыс болды. Кейін марқұм болған 16 жастағы Шерзат Болат есімді бозбала екені хабарланды.

Полиция кісі өлтіру фактісі бойынша қылмыстық іс қозғады.

Артынша Алматы облысының полиция департаменті өкілдері кісі өлтірді деген күдікпен ұсталғандардың видеосын жариялады.

Талғардағы кісі өлімімен аяқталған оқиғадан кейін марқұмның әкесі соттың ашық әрі әділ өтуін талап етіп мәлімдеме жасады.

Қанды оқиға болған дүкеннің алдында марқұм Шерзат Болатты еске алу бұрышы ашылды. KAZ.NUR.KZ тілшісі Талғарға барып, тұрғындармен тілдесіп қайтты.

10 қазанда марқұмның әкесі Қаржаубай Нұрымов істің мән-жайын айтып тағы бір үндеу жасап, халықтан митингке шықпауын өтінді. Сондай-ақ ол отбасының қауіпсіздігіне алаңдаулы екенін жеткізді. Айтуынша, заңгерлер мен журналистердің атын жамылып, белгісіз біреулер келіп қорқытқан. Шерзаттың әкесі жағдай өзіне және жақындарына кері әсер етіп кетпес үшін, жұртшылықтан митингке шығып, қантөгіс жасамауын өтінді.

12 қазанда құқыққорғаушы Саида Тәукелева желідегі жеке парақшасында марқұм Шерзат Болаттың отбасына тиесілі үй өртеніп кеткенін жазып, видео жариялады.

Артынша полиция департаменті өкілдері мүлікті қасақана жою дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалып, тергеу жүріп жатқанын хабарлады.

Кейін бас прокуратура өкілдері мәлімдеме жасап, жәбірленушілердің үйін өртеу фактісі бойынша ведомствоаралық жедел-тергеу тобы құрылғанын және қылмыстық iс бас прокурордың бақылауына алынғанын хабарлады.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2174489-sherzat-bolattyng-isi-boiynsha-sot-protsesi-ashyq-turde-onlain-rezhimde-otui-mumkin/