Би, ағылшын тілі, атпен серуен үйірмелеріне қатысатын 72 жастағы атыраулық зейнеткер туралы не білеміз
Жарияланған күні:
Атыраулық Мұстахима Исайынова 40 жыл мұнай саласында еңбек еткен. 15 жыл бұрын зейнетке шықса да, өзін дамытуды тоқтатпаған. Ол қоғамдық жұмыстарға араласады, би үйірмесіне барады, атқа мінеді, ағылшын тілін де меңгеріп жүр, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі.
72 жастағы Мұстахима Исайынова Атырау облысы Жылыой ауданы Құлсары қаласында тұрады. Ол адам ұзақ өмір сүруі үшін әрдайым қозғалыста болуы керек деген ұстаныммен жүреді. Өзі де соны дәлелдеп жүр.
"Мен институтты аяқтап келгеннен кейін еңбек жолымды "Жылыоймұнайгаз" мекемесінде мұнай-газ операторы қызметінен бастадым. Кейін техника маманы, инженер, әзірлеуші, бөлім басшысы қызметіне дейін көтерілдім. Міне, 15 жылдан бері зейнеттемін. Үйде бос отырмайын деп қоғамдық жұмыстарға араласамын. Аудандағы мұнай компаниясының ардагерлер кеңесін басқарамын. Одан бөлек хореография, ағылшын, қолөнер, атқа міну үйірмелеріне қатысып жүрмін. Еуропаны өзім араласам деген ойым бар", - дейді әжей.
Мұстахима Исайынованың айтуынша, Жылыой ауданында "50+" жобасы аясында жасы 50-ден асқан жандар үшін тегін үйірмелер ұйымдастырылады. Бұл жер үйде отырған зейнеткерлер үшін өзін өзі дамытуға, қоғамға шығуға мүмкіндік дейді.
"Бәріміз жиналып, бір сергіп қаламыз. Неше түрлі қимылдар жасағаннан кейін ауырсынуымыз да басылды, көңіл-күйіміз де тамаша. Би үйірмесіне ерекше шабытпен барамын. Тобымызда менен кішісі де, жасы үлкені де бар. Зейнеткерлік - үйде төрт қабырғада қамалып отыру емес, керісінше жаңа нәрселерді көріп, үйрену үшін мүмкіндік деп ойлаймын. Ештеңе де кеш емес", - дейді қария.
Автор: Әйгерім Сайқын
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2174787-bi-agylshyn-tili-atpen-seruen-uiirmelerine-qatysatyn-72-zhastagy-atyraulyq-zeinetker-turaly-ne-bilemiz/