"Назардан тыс қалып келеміз": Түркістан облысында 67 бала 1958 жылы салынған ескі мектепте білім алып жүр
Жарияланған күні:
Түркістан облысы Келес ауданы Ескіқорған ауылының балалары заманауи мектепке зәру. Ауылда жалғыз білім ұясы бар. Оның өзі жетпіс жыл бұрын салынған екі сыныптық ғимарат. Қыстың күні пешпен жылынатын білім ұясында қазір 67 бала сабақ оқиды. Баласын қирауға шақ тұрған мектепке жіберуге қорыққандары көрші ауылға тасуға мәжбүр, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі.
Ауылда 300-ден астам отбасы тұрады. Тұрғындар құлағалы тұрған мектепке балаларын қорқынышпен жібереді.
"Бұл мектептің іргесін өзіміз құйдық. Содан бері ұлым, одан кейін немерем, енді міне шөберем келіп жүр. Өркениеттің көлеңкесі де көрінбейтін мектепке балаларымызды қорқынышпен жібереміз. Ертеңгі күні құлап, қиранды астында қала ма деп. Өзгелері жеті, сегіз шақырым қашықтықтағы мектепке апарады", - дейді ауыл тұрғыны Абдрахман Ашимов.
Білім беру мекемесінде балалар бар жоғы төртінші сыныпқа дейін сабақ оқи алады. Өзгелері көрші ауылға қатынап білім алады. Осыған наразы болған бұқара жергілікті билік өкілдеріне бірнеше рет барғанын айтады. Бірақ уәде еткен шенеуніктер 15 жылдан бері бірде-біреуін орындамады деп ашынады.
"Мектебіміз Қазақстан деген республикаға ұят. 1958 жылы аталарымыз салған бұны. Қазіргі сиқы мынау. Мұнда менің аталарым оқыған. Атамның өмірден өтіп кеткеніне қаншама жыл болды. Мына мектеп әлі тұр. Қанша жылдан бері айтып жатырмыз. Өзім үшінші сыныпта оқып жүрген кезде бір жылдан кейін жаңа мектеп саламыз деп келген. Содан бері 15 жыл өтті", - дейді ауыл тұрғыны Дастан Жолдас.
Аядай білім ұясындағы оқушылар мектеп кітапханасы, асхана, акт залы мен спорт залынан жұрдай. Мектеп әкімшілігі болса оқушыларға таңғы, түскі асты үйлерінен пісіріп әкелетінін айтады. Өркениетте мақұрым қалған бұқара жайлы мектепте түсімізде ғана көріп келеміз дейді.
"Біздің балаларымызға кітапхана, асхана, мәдениет залы, спорт залы деген түсінде көретін арман. Ауылға келген жұрт мектепті көріп жағасын ұстап кетеді. "Өркениетті ел балалары да осы мектепте оқи ма?" деп таң қалады. Шынын айту керек, ауылдағы монша мен дәретхана да бұдан әдемі шығар. Атқамінерлердің мазағы ма әлде біз заманауи мектепке лайықты көрмей ме?! Білмеймін. Дәл шекара бекетінің түбінде орналасқандықтан бәрінің назарынан тыс қалып келеміз", - дейді ауыл тұрғыны Юсуф Сарапбаев.
"Самұрық қазынадан" бөлінетін қаржыны күттік деп келген білім басқармасы бұл жолы жұртты құрылыс биыл басталады деп жұбатып отыр.
"Ескіқорған ауылында 300 орындық жайлы мектеп салу үшін жер телімі бөлініп, құрылыс жұмыстарын бастау 2024 жылдың желтоқсан айына жоспарланған. Осылайша, бұл мәселе жайлы мектеп Ұлттық жобасы арқылы шешімін табады", - дейді Түркістан облысының білім басқармасы өкілдері.
Биыл қыста басталатын құрылыстың қашан аяқталары, қолданысқа қашан берілері әзірге белгісіз. Оған дейін ескіқорғандық шәкірттерге едені шұрық тесік, қабырғасы қақыраған, төбесі ойылған білім ұясында оқудан басқа амал жоқ.
Автор: Назерке Еркінбекқызы
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2174871-nazardan-tys-qalyp-kelemiz-turkistan-oblysynda-67-bala-1958-zhyly-salyngan-eski-mektepte-bilim-alyp-zhur/