Зектілері

"Елмұрат ата атындағы Зүлфия дүкені": шымкенттік тұрғын дүкенін неге бұлай атағанын айтып берді

Жарияланған күні:

"Елмұрат ата атындағы Зульфия" дүкені
"Елмұрат ата атындағы Зульфия" дүкені. Фото: instagram.com/dudoser_zhetysai_myrzakentt

Шымкенттегі Мырзакент ауылында орналасқан "Елмұрат ата атындағы Зүлфия" дүкенінің атауы желіде қызу талқыланып жатыр. Кәсіп иесі дүкенін неге бұлай атағанын айтып берді, деп хабарлайды Massaget.kz порталына сілтеме жасаған KAZ.NUR.KZ.

Дүкен маңдайшасының видеосы әлеуметтік желіде тарады. Желі қолданушылары дүкеннің атауына қатысты түрлі пікір қалдырып, әзілге айналдырып жатыр. Ал дүкен иесі Юсуфжан мырза мұндай атау берудің үлкен себебі бар екенін айтты.

"Бұл дүкен негізі 3 жыл бұрын ашылған. Елмұрат деген менің туған атам. Құжат бойынша ЖК (жеке кәсіпкер) иесі ретінде сол кісі белгіленген. Атам ауыл арасында үлкен беделге ие кісі. Ауылымызда мешіт ашуға себепкер болған жан. Кейін ауыл тұрғындары мешітті атамның құрметіне атаған еді. Дүкенді де басында "Елмұрат ата" дүкені деп қойған едім.

Бірақ осыдан бір жыл бұрын мен үшін өмірімдегі ең қайғылы жағдай орын алды. Дүкеннің ішінде кішігірім ас бөлмесі болатын. Бір жағында анам бәліш пісіріп сататын, бір жағында досым лавашпен айналысатын. Бір күні оқыс жағдай орын алып, ас бөлмеде газ баллоны жарылып, анам қатты күйіп қалған еді. Дәрігерлер анамның жағдайын аса ауыр деп бағалап, көп ұзамай дүние салды. Бұл мен үшін орны толмас қайғы.

Анамның есімі – Зүлфия. Анашым маған осы дүкенді бастағанымда "тастама балам, тек алға, кәсібіңді тоқтатпа" деп қолдау білдірген еді. Сол сөзін еске алып, қайта жөндеу жұмысын жасап, әкеммен ақылдасып, дүкеннің атауын атамның және анамның құрметіне қоямын деп шештік. Кейін қызым дүниеге келді. Қызымның есімін анамның құрметіне Зүлфия деп қойдым", - деді Юсуфжан мырза. 

Дүкен иесі желі қолданушыларының пікіріне еш ренжімейтінін, барлығына түсіністікпен қарайтынын айтты.  

"Көбі маған осы видеоны жібере бастады. Сенің дүкенің танымал болып жатыр деп бөлісіп жатты. Пікірлер бөлімін қарасам, көбі әзілге айналдырып, түрлі пікір жазып жатыр екен. Бірақ мен оған еш ренжімеймін. Мен үшін үлкен мағынасы болғанмен, халық оны білмейді ғой. Кімге түсіндіріп жатасың?" - деді ол. 

Юсуфжан мырза Мырзакент ауылындағы орта мектепте әлеуметтік педагог ретінде қызмет атқарады. Жеке кәсібі мен ұстаздық қызметте қатар алып жүрген ол ағылшын-араб тілдерін біледі.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2176904-elmurat-ata-atyndagy-zulfiia-dukeni-shymkenttik-turgyn-dukendi-nege-bulai-ataganyn-aityp-berdi-video/