"Оқжетпес" чемпион атанып, "Ұлытау" көтерілді: 1ХВЕТ QFL Бірінші лигасы қалай аяқталды?
Жарияланған күні:
Республика күніне тұспа-тұс 1ХВЕТ QFL Бірінші лигасының маусымы өз мәресіне жетіп, "Оқжетпес" клубы топ жарды. Жеңімпазды марапаттау рәсімі Көкшетау қаласында өтті. Күміс жүлдені "Ұлытау" алса, қола жүлде "Каспийге" бұйырды.
Көкшетаулық "Оқжетпес" шешуші 30-турда "Қайсар Жас" командасын 5:0 есебімен талқандап, өз тарихында бесінші рет чемпион атанды. Андрей Ферапонтовтың шәкірттері турнир барысында 20 жеңіс, 3 тең, 5 жеңіліс көрсеткішін тіркеді. Нәтижесінде көкшетаулықтар 63 ұпай жинап, қарсылас қақпасына 61 гол соқты. Сондай-ақ, олар мығым қорғанысымен де ерекшеленіп, 16 гол ғана жіберді.
Турнирдің күміс жүлдегері – жезқазғандық "Ұлытау" ең көп гол соққан команда атанды. Олар қарсылас қақпасынан 69 мәрте саңылау тапқанымен, 60 ұпаймен екінші орынды иеленді. Соңғы өз алаңындағы SD Family-ге қарсы ойында Шыңғыс Флюк покер авторы атанып, командаға дебютті маусымда-ақ сенсациялық жүлделі орын бұйырды. Иван Азовскийдің шәкірттері 19 жеңіс, 3 тең, 6 жеңіліс көрсеткішін тіркеді. Сонымен қатар, клубтың 37 жастағы шабуылшысы Жасұлан Молдақараев 19 гол соғып, турнирдің үздік сұрмергені атанды.
Осылайша, "Оқжетпес" пен "Ұлытау" командалары келесі маусымда Премьер-лигада ойнау құқығына ие болды. 1ХВЕТ QFL Бірінші лигасының кезекті маусымы турнир кестесіндегі чемпиондыққа үміткерлердің шиеленісімен, жүлделі орындардың бәсекелестігімен есте қалып, соңғы турға дейін жоғары дивизионға шығатын ұжымдар белгісіз болып келді. Турнирде тек отандық футболдың түлектері ғана бақ сынап, алғаш рет барлық матчтар үш отандық телеарна мен түрлі платформаларда тікелей эфирден көрсетілді.
"Турнирдің жақсы деңгейде ұйымдастырылуы басты серіктес 1ХВЕТ компаниясының қолдауының арқасында мүмкін болды. Біздің серіктестерімізге және соңына дейін таласқан клубтарға алғысымды айтамын. Футболшыларды маусым соңына дейін қолдаған қымбатты жанкүйерлерге де алғысым шексіз", - деп Qazaqstan Football League президенті Ғани Қайназаров өзінің Instagram парақшасында жазды.
1ХВЕТ QFL Бірінші лигасы отандық футбол жанкүйерлерінің қызығушылығын тудырды. 4 сәуір мен 25 қазан аралығында жалғасқан ойындарға 132 мыңнан астам көрермен келді. Турнирге Республикамыздың 13 өңірінен 16 команда қатысып, жанкүйерлерді 666 соғылған голмен қуантты. Ал турнирдің аутсайдері "Арыс" (Түркістан обл.) 15-орынға тұрақтап, QFL Екінші лигасына төмендеді.
Айта кетейік, турнирдің 2024-2026 жылдардағы маусымына басты серіктес болып, 1ХВЕТ букмекерлік компаниясы танылған болатын.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2178953-oqzhetpes-chempion-atanyp-ulytau-koterildi-1hvet-qfl-birinshi-ligasy-qalai-aiaqtaldy/