"Биыл бау-бақша еккеніме қатты өкіндім": тасқыннан зардап шеккен қостанайлық диқандар кредитін төлей алмай жатыр
Жарияланған күні:
Қостанай облысы Қостанай ауданының Тобыл өзені табанына картоп, көкөніс еккен кәсіпкерлер биыл көктемгі тасқыннан қатты зардап шекті. Топырақтың құнарлы бөлігі мен агрегаттарын су шайып кеткен. Көктемде көбісі батпаққа айналған егістікке кіре алмай, биыл күзде табыссыз қалды. Енді кредитін қалай төлерін білмейді, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі.
Александр Брехачев басқаратын шаруа қожалығы жиырма үш жылдан бері бау-бақша егумен айналысады. 570 метр шетелдік тамшылатып суару машинасын бес жыл бұрын сатып алыпты. Бағасы да арзан емес, 95 мың доллар тұрады. Сол қымбат құрылғыны тасқын су тас-талқан еткен.
Екпінді су ауыр контейнерді де жаңқа құрлы көрмей ағызып алып кеткен, кейін бригада қосынынан бес километр жерден тауыпты. Осындағы екі жылыжайдың астан-кестеңі шыққан. Кәсіпкер суарғыш құрылғысының 8 бөлігінің 6-ын ғана күзге таман жинап алған. Оның өзінде басқару тетігі әлі жөнделмепті, қосалқы бөлшектері қымбат, алатын қаржы жоқ. Биыл көктемде әупірімдеп жүріп азын-аулақ еккен бау-бақша да пайда емес, шығынға батырған.
"Биыл бау-бақша еккеніме қатты өкіндім. Жердің құнарлы бөлігін су шайып өткен, саз балшыққа айналды. Картоптан жылда гектарына 450-500, кем дегенде 350 центнерден жинайтын едік, ал биыл 100-ге де жетпейді. Не ексек соны жинап отырмыз. Мына топырақты трактормен бірнеше рет жүріп өткеннің өзінде жырту қиын, қатып жатыр. Қайдан мұнда өндіріп өнім аласың?! Кредитіміз шаш етектен. Су тасқынынан зардап шексек те мемлекеттен ешқандай көмек болмады. Келер жылы не істерімізді білмейміз", - дейді шаруа қожалығының басшысы Александр Брехачев.
Кәсіпкер Александр Брехачев лизингке екі трактор алған. Тоқсан сайын 5-6 млн теңгеден төлеуге тиіс. Мұның сыртында 27 млн теңге егістік жұмыстары үшін алған кредиті тағы бар. Қараша айында соның жартысы - 13,5 млн теңге төлеуі керек. 25 еңбеккерінің жалақысы да жиналып тұр.
Тобыл өзені табанына бау-бақша еккендердің барлығы дерлік осындай тығырыққа тірелген. Шаруа қожалығының иесі Құндызай Досжанованың қан қысымы жиі көтеріліп, аурудан бас көтере алмай қалған, уайыммен жүріп 22 келі салмақ тастапты.
"Бәрін су басып кетті. Мамыр айының аяғына дейін егістік кепкен жоқ, түк те еге алмадық. Былтыр күзгі жиын-терін кезінде 40 күн нөсер жаңбыр жауып, егістік батпаққа айналғанда өнімді толық жинай алмай, қар астында қалған еді. Ал биыл тасқын судан зардап шегіп отырмыз. Бау-бақшаға тартылған электр желілерінің бағаналарын да өз күшімізбен 2 млн теңгедей жұмсап тұрғыздық. Әкімдік соның шығынын өтеп береміз деген, бұл да жоқ. Бізге мемлекеттен көмек ауадай қажет. Ең болмаса субсидия бөлсе деп сұраймыз", - дейді шаруа қожалығының иесі Құндызай Досжанова.
Кәсіпкерлердің бәрі Қостанай аудандық әкімдігіне, "Атамекен" кәсіпкерлер палатасынан көмек сұрап, өтініш жазған. Тіпті су тасқыны бойынша шығынды есептейтін комиссия келе ме деп тамыз айына дейін күткен.
"Ауданда су тасқынына байланысты төтенше жағдай жариялағанда шұғыл штаб біздің өтініштерімізді қабылдады, бірақ ешқандай шара қолданған жоқ. Бау-бақша егумен айналысатын кәсіпкерлерге төлемақы өтеуден арнайы ережелері жоқ, соны күтеміз деді. Бұл ережелер де қабылданды, бірақ көкөніс егушілер туралы ештеңе айтылмаған", - дейді кәсіпкер Владимир Солодумник.
"Атамекен" кәсіпкерлер палатасы өкілдерінің мәліметінше, Қостанай облысы бойынша 254 бизнес субъектісіне су тасқынынан 8,287 млрд теңге залал келгені туралы өтінім қалдырған. Соның 131-і ауыл шаруашылығы өнімін өндірушілер, шығын көлемі – 3,203 млрд теңге деп есептеліпті. Кейін жер кеуіп, мәліметтер нақтыланғаннан кейін зардап шеккен ауыл шаруашылығы өнімін өндірушілерінің саны 58-ге азайып, шығын көлемі 2,216 млрд қысқарған.
"Үкімет суға тұншығып, арам қатқан 3520 бас малға 1,368 млрд теңге төлемақы өтеді. Ережеге енгізілген өзгертулерге сай бүгінде мал базалары мен қоймалар, басқа да құрылыс нысандарына төлемақы өтеуге өтінімдер қабылданып жатыр. Ал су тасқынынан зардап шеккен бау-бақшамен айналысушылар, омарташылар мен балықшылар мәселесі әлі шешімін тапқан жоқ. Осыған байланысты Ауыл шаруашылығы министрлігіне бірнеше мәрте жаздық. Жауап күтеміз", - дейді Қостанай ауданы "Атамекен" кәсіпкерлер палатасының директоры Геннадий Кокоба.
Бұл мәселе тез арада шешілмесе, бау-бақша еккен бағбандар кредиттерін өтей алмай банкротқа ұшырауы мүмкін. Олар тіпті лизингке алған техникаларын қайтарып беруді ойластырып отыр. Ал келер жылы Тобыл табанындағы ырыздығы мол жерлер иесіз қалуы мүмкін.
Автор: Айнұр Нұрмағамбетова
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2179475-biyl-bau-baqsha-ekkenime-qatty-okindim-tasqynnan-zardap-shekken-qostanailyq-diqandar-kreditin-tolei-almai-zhatyr/