Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

21 үйдің пешінен ақау табылған: Қостанай қаласында 1000-ға жуық бала саяжайларда қыстап шықпақ

Жарияланған күні:

Саяжайдағы үй
Саяжай үйі. Фото: KAZ.NUR.KZ

Қостанай қаласындағы саяжайларда мыңға жуық бала тұратыны анықталды. Олар көмір жағатын пеші бар үйлерде қыстап шықпақ. Бұған дейін, қазан айының басында жарияланған ресми ақпаратта саяжайларда тұрып жатқан отбасы саны бұдан екі есеге аз болатын, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі.

2024 жылы қазан айының басында Қостанай қаласы әкімінің орынбасары Алмат Исмағұлов облыс орталығындағы 20 бау-бақша қоғамдық бірлестігінде 241 отбасы немесе 770-тен астам адам тұрады деп есеп берген еді. Бұл мәліметті комиссиялық тексерулердің қорытындысына сүйеніп жариялаған. Осы ақпарат сол кезде көптің күмәнін тудырса да, оған ешкім аса көңіл бөлген жоқ. Тек 11 қазанда Жітіқара қаласында көмір пешпен жылытылатын баспанадағы өрттен бес бала қаза тапқаннан кейін ғана қалалық әкімдік деректерді қайта тексеру туралы шешім қабылдаған. Нәтижесінде саяжайларды паналайтын отбасы саны ресми есепте көрсетілген ақпараттан екі есе көп екені анықталды.

саяжайдағы үй
Саяжай үйі. Фото: KAZ.NUR.KZ

"15-18 қазан аралығында мамандар саяжай қоғамдық бірлестіктері бойынша рейд жүргізді. Нақтыланған мәліметтерге сүйенсек, мұнда тұратын 435 отбасында 962 бала немесе Қостанайда тұратын балалардың 2,1 пайызы тәрбиеленіп отыр. Солардың 240-ы мектеп жасына жетпеген бүлдіршіндер және 674-і оқушы, 48-і студент", - дейді Қостанай қаласының әкімі Марат Жүндібаев.

Төтенше жағдай басқармасының мамандары саяжайлардағы 12 баспананың электр желілерінен, 21 үйдің пешінен ақау тапқан. 19-ның мұржасын тазарту қажет болса, 349 үйде көміртегі тотығының дабылы орнатылмаған. Білім беру бөлімінің мәліметінше бау-бақша алқаптарында көбіне ауылдан қалаға жұмыс іздеп келген, әлеуметтік аз қамтылған отбасылар тұрып жатыр.

Әкімдіктің тапсырмасы бойынша төтенше жағдай мамандары саяжайдағы үйлерді көміртегі тотығының дабылымен қамтамасыз етіп, мұржаларды тазалауға тиіс. Бұған тағы қосымша қаржы қажет. Электр желілерін жөндеуге де атсалысуды ойластырып жатыр. Бұдан бөлек қала басшылығын саяжайларды күнелтетін отбасылар санының өсуі алаңдатып отыр. 2023 жылы мұнда 271 жанұя тіркеуде болған. Ал биыл 400-ден асып түсті. Олардың өміріне пештен шығатын өрттен бөлек, қызыл судан да төнер қауіп бар. Себебі саяжайлардың біраз бөлігі Тобыл өзеніне жақын орналасқан.

Жергілікті билік саяжайларды тұрғын-жайға айналдыруға кедергі болудың жолдарын талай жылдар бойы ойластырғанымен шешімін таба алмай келеді. Азаматтарды саяжайдағы мекен-жайларға тіркеуге тыйым салмақшы болған. Алайда Ішкі істер министрі биыл 9 қыркүйекте жаңа ереже қабылдады. Бұл құжатта бау-бақша қомғадық бірлестігіндегі үйлерде азаматтарды тіркеуге рұқсат етіп отыр.

Автор: Айнұр Нұрмағамбетова

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2180190-21-uiding-peshinen-aqau-tabylgan-qostanai-qalasynda-1000-ga-zhuyq-bala-saiazhailarda-qystap-shyqpaq/