Түркістан облысында жыл басынан бері 1200-ге жуық азамат солтүстікке қоныс аударған
Жарияланған күні:
Биыл Түркістан облысында жыл басынан бері 300-ге жуық отбасы, 1200-ге тарта азамат солтүстікке қоныс аударған. Бұл туралы брифингте Қандастар мен қоныс аударушыларға арналған ақпараттық-түсіндіру орталығының жетекшісі Әнуар Бердібекұлы мәлімдеді, деп хабарлайды Түркістан облыстық ӨКҚ Instagram-дағы парақшасында.
Әнуар Бердібекұлының сөзінше, 2024 жылы қандастар мен қоныс аударушылардың отбасыларын орналастыру үшін тиісті инфрақұрылымы, бос жумыс орындары мен сатылымға түскен үйлері бар 191 елді мекеннің тізімі бекітілген. 2023 жылы 2 460 азамат солтүстік аймақтарға көшіп келген.
Сондай-ақ брифинг барысында Tauekel ұйымының жетекшісі Бурахан Дақанов теріскейге көшкісі келетін азаматтарға үкімет тарапынан қандай жеңілдіктер жасалатыны туралы айтты.
"Қоныс аударушылар үшін мемлекет отбасының әрбір мүшесіне 258 440 теңге мөлшерінде материалдық көмек көрсетеді. Сонымен қатар тұрғын үйді жалдау мен коммуналдық қызмет шығындарын өтеуге жәрдем беріледі.
Одан бөлек, техникалық және кәсіптік білім алу үшін оқытуға жолданады. Сондай-ақ жаңа тұрғылықты жерінде кәсіпкерлікті дамытуға және жұмысқа орналасуға жәрдем көрсетіледі. 2023 жылдан бастап көшіп келген азаматтарға тұрғын үй сатып алу немесе салу үшін тұрғын үй құнының 50 пайызын беру көзделген", - деді ұйым жетекшісі.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2180814-turkistan-oblysynda-zhyl-basynan-beri-1200-ge-zhuyq-azamat-soltustikke-qonys-audargan/