Қатаң ережелер, тәртіпке бағындыру, физикалық даму: Қытай балабақшаларының ерекшеліктері қандай
Жарияланған күні:

Қатаң ережелер, өз қалауын ысырып, топтағы тәртіпке бағынуға үйрету, еңбекке, білімге баулу, физикалық тұрғыдан дамыту. Қытай балабақшаларын негізінен осылай сипаттауға болады. Қытай балабақшалары тағы несімен ерекшеленетінін материалымыздан оқыңыз.
- Қытай балабақшаларында қатаң тәртіп пен баланың тәрбиесімен қатар физикалық дамуына басымдық беріледі, балаларды топтық тәртіпке бағынуға, еңбекке және білімге баулиды.
- Балабақшаларда балалар күнделікті тамақтану, ұйқы, оқу, ойын және еңбек сияқты белгілі бір күн тәртібін ұстанады, сонымен қатар математика, иероглифтер және табиғат туралы білім алады.
- Қытайда мемлекеттік, жекеменшік және ведомстволық балабақшалар бар, бірақ соңғы жылдары демографиялық проблемалар салдарынан балабақшалар саны азайып келеді.
"Қытайдағы мектепке дейінгі тәрбиені ұйымдастырудың ерекшеліктері" атты зерттеу мақаласында бұл елде мектепке дейінгі оқыту мен тәрбиелеудің негізгі формасы балабақша екені, оған 3 пен 6 (7) жас аралығындағы балалар баратыны айтылады. Балабақшаларда жас ерекшелігіне байланысты кіші, орта және ересектер тобы болады. Балабақшадан бөлек балалар пренаталдық білім беру орталықтары, бөбекжайлар, аралас балабақшалар, қайырымдылық тәрбие мекемелері, "SOS – балалар ауылдары", мектепке дейінгі топтар және т.б. мекемелерде тәрбиеленеді.
Қытай туралы "Шэнсяо" блогында келтірілген мәліметке сүйенсек, Қытайдағы барлық балабақшада балаға тәрбие беру физикалық тұрғыдан дамытумен қатар жүргізіледі. Сондай-ақ мектеп жасына дейінгі балаларды тәрбиелеуде ойын білім беру құралы ретінде қолданылады. Бұл елде баланың бойындағы қабілетті шыңдауға барынша қолайлы жағдай жасалған.

Қытай балабақшаларындағы әр топта 26-30 бала болады. Әр топқа екі тәрбиеші және бір көмекші бекітіліп беріледі. Әр қызметкердің жоғары білімі туралы дипломы болуы керек. Қызметкерді жұмысқа қабылдар кезде дипломы бар-жоғы тексеріледі. Сондай-ақ Қытайдағы мектепке дейінгі білім берудің тағы бір ерекшелігі – баланы педагогтардың бақылауымен балабақшада түнеуге қалдыруға болады. Статистика бойынша, бұл қызметті ата-аналардың 5 пайызға жуығы ғана қолданады екен.
Қытай балабақшасында баланы мектепке дайындауға ерекше көңіл бөлінеді. Бұл елде балалардың мектепке әзірлігі қандай деңгейде болатыны және қандай пәндерге ерекше көңіл бөлінетіні балабақша түріне байланысты.
Қытайда балалар мекемесінің 3 түрі бар:
- Мемлекеттік. Қытайдағы мемлекеттік балабақшаның ерекшелігі – мұнда балаларды жұмысшы мамандықтарға баулуға көп көңіл бөлінеді. Балалар белгілі бір қатаң ережелер мен стандарттар бойынша оқытылады. Қытайдағы мектеп жасына дейінгі балалардың білім беру жүйесінде шығармашылыққа байланысты пәндер қарастырылмаған. Мемлекеттік балабақшалар балаларды мектепке дайындап, еңбекке баулиды. Ата-аналар балаларын мемлекеттік балабақшаға бергенді жөн көреді. Себебі онда жоғарғы оқу орнын бітірген мамандар жұмыс істейді әрі бағасы да арзандау болады.
- Жекеменшік. Мұндай балабақшаларда шетелдік педагогикалық жүйе қолданылады. Үкімет өз елінің дәстүрлерін ескере отырып, өзінің білім беру саясатын құруға күш салғанымен, шетелдердің білім берудегі заманауи принциптерін Қытайдағы мектепке дейінгі тәрбиеге енгізу ісін де қолдайды. Айта кетерлігі, жекеменшік балабақшалар ақысы мемлекеттік балабақшаларға қарағанда 2 есе қымбат болады. Жекеменшік балабақшаларда баланың рухани дамуына көбірек көңіл бөлінеді.
- Ведомстволық. Мұндай балабақшаларда оқу үдерісі қатаң түрде мемлекет әзірлеген бағдарламаға сай жүргізіледі әрі қандай да бір кәсіпорынға бекітіліп беріледі.

Қытай балабақшаларындағы күн тәртібі:
- 8:00-ден 8:30-ға дейін – таңға ас;
- 8:30-дан 10:00-ге дейін – аулада дене жаттығуын жасау, сонан соң топтарда сабақ болады.
- 10:00-ден 12:00-ге дейін – дәретханаға барып, беті-қолын жуып, далаға ойынға шығады;
- 12:00-ден 14:30-ға дейін – күндізгі ұйқы;
- 14:30-дан бастап – дәретханаға барып, түскі ас алдында беті-қолын жуады;
- 15:00 – түскі ас аяқталады. Түскі астан соң тәрбиешілер балаларға кітап оқып береді, оқыған кітаптың мазмұнын топ болып талқылайды;
- 17:00 – балалар қолын жуып, кешкі асқа барады;
- 18:00-ден бастап – ата-аналар балабақшада түнемейтін балаларды үйіне алып кетеді. Қалған балалар музыка тыңдап, демалады;
- 20:00- де – жатуға дайындалып, ұйқыға кете бастайды.
Қытайдың мектепке дейінгі білім беру жүйесінде тамақтануға көп көңіл бөлінеді. Негізгі тағам, әрине, күріш. Оған қосымша көкөністер, балық, ет, сорпалар, жемістер мен сусындар беріледі. Балаларға балабақшада пайдалы тағамдар ғана беріледі, денсаулыққа зиян, ашты, майлы ештеңе берілмейді.
Балалардың денсаулығын медбикелер қадағалап, ата-аналарға мезгіл-мезгіл есеп беріп отырады. Ақпараттық парақшада баланың салмағы, бойы, жаңа шыққан тіс саны туралы ақпараттар қамтылады.
Standard.kz сайтында жарық көрген мақалада Қытай балабақшаларында бүлдіршіндер бала күнінен жұмыс істеуге дағдыланатыны айтылған: "Оларға жасайынан әртүрлі тағам әзірлеуді үйретіп, киімдерін өздеріне жуғызып, бөлмелерін тазалауға машықтандырады.Тұрмыстық құрал-саймандарды қолдана отырып балабақшаларда баланы еңбектенуге тәрбиелейді, мәдени және эстетикалық білімге яғни өнерді де үйретуге көбірек көңіл бөлінеді. Балалар тіпті тігін тігумен де айналысып, мектепке дейін түрлі себеттер тоқуды біліп шығады. Бұл балалардың ұсақ моторикасын дамытады. Нәтижесінде мидың екі жарты шары дамиды, сөйлеу, есте сақтау қабілеті артады, қиялдауы, қозғалыстарды үйлестіруі жақсарады".

"Қытай балабақшаларында баланы қалай тәрбиелейді?" мақаласының авторы Гүлназ Шаймұраттың жазуынша, балабақшада оқыту екі кезеңге бөлінеді, әр кезең алты айдан тұрады. Оларға мектепке бармай тұрып-ақ математика мен иероглифтерді оқыту үйретіле бастайды.
"Қытайдағы білім жүйесі бойынша балақай бірінші сыныпқа барарға дейін төрт жүзге жуық иероглифтерді жатқа білу керек. Бұдан бөлек оларға табиғат құбылыстары, өсімдіктер мен ағаштардың түрлері туралы да айтылады", - деп жазады мақала авторы.
Сондай-ақ ол бүкіл Қытай балабақшасында таңертең балалар мен тәрбиешілер бірдей би билейтінін тілге тиек етеді. Биді тәрбиешілер салауатты өмір салтын насихаттау үшін қолданады.
Қытай балабақшаларының кемшін тұстары
Қытай балабақшаларының кемшін тұсы ретінде жоғарыда аталған мақала авторы қыста елдің оңтүстік аймақтарындағы кейбір балабақшалар жылу жүйесіне қосылмайтынын, ғимарат іші қоңыр салқын, суық болатындықтан, балалар балабақшаның ішінде қалың киіммен, қысқы аяқ киімдерімен отыруға мәжбүр болатынын және балабақшада қызуы көтеріліп, ауырып тұрған балаларды да қабылданатынын алға тартады. Бала ауырып тұрса, оны қабылдап алып, өздері емдейді екен.

Қытайда бала өз қалауын ысырып, топтағы тәртіпке бағынуды үйренуі керек деп санайды. Тәртіпке көнбеген баланы тәриеші жазалай алады, оған ата-аналар қарсылық таныта қоймайды.
Қытайдағы білім беру мекемелеріндегі қазіргі қиындықтар
Елдегі бала санының азайып кетуі білім саласына кері әсерін тигізбей қоймаған. Журналист Руслан Бақытбекұлы Қытайда соңғы кезде балабақшалар жаппай қысқарып жатқанын айтады. Оның мәліметінше, елде күніне 40 балабақша жабылатын көрінеді. Сондай-ақ соңғы екі жылда 14 800 бөбекжай қысқарған. Қытайдың Білім министрлігінің мәліметінше, 2022 жылы елде балабақшаға баратын бала саны 6 миллионға дейін азайған, 2023 жылғы статистика да сол шамада. Руслан Бақытбекұлы бұл жайтқа елдегі демографиялық ахуал себеп болғанын айтады.
80-жылдары қабылданған "Бір отбасыға – бір бала" саясатының кесірінен соңғы жылдары Қытайда бала туу көрсеткіші төмендеп кеткен. Сондай-ақ елде жастар перзентті болуға құлықсыз екені айтылады.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2181219-qatang-erezheler-tartipke-bagyndyru-fizikalyq-damu-qytai-balabaqshalarynyng-erekshelikteri-qandai/