Қостанай тұрғындары қаладағы саяжайды сүруге қарсы шықты
Жарияланған күні:
Қостанай қаласының тұрғындары "Юбилейный" саяжайын сүруге қарсы. Олар Жоғарғы сотта қалалық әкімдік бекіткен егжей-тегжейлі жоспардың заңсыз екенін де дәлелдеп шыққан, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі.
"Юбилейный" саяжайының оңтүстік қапталында көп қабатты үйлер салына бастағаннан бұл жерді паналайтын тұрғындардан маза кетті. Мұнда көбіне ауылдан қалаға жұмыс іздеп келген, әлеуметтік аз қамтылған отбасылар тұрады. Қалалық әкімдіктің бас жоспарына сай бұл бау-бақшаға егетін алқап тұрғын-жайға айналуға тиіс. Тіпті егжей-тегжейлі жоспарын жасап, іске қызу кіріспекші де болған. Сол кезде саяжай иелері дауласып жүріп, 2022 жылы Жоғары сотында бұл жоспардың заңға сай емес екенін дәлелдеп шыққанын айтады. Саяжайды құрылыс алаңына айналдыру заңсыз деп танылған шешім де бар. Бірақ қала әкімдігі де алған бетінен қайтар емес, егжейлі-тегжейлі жоспарды қайтадан жасап, қоғамдық талқылауға жолдаған. Оған 300 адам жиналған деген дерек бар.
"Қоғамдық тыңдауға бізден 10-15 адам келді, өйткені жұмыс күні болды. Мен де бардым. Менің жанымда отырғандардың саяжайларға еш қатысы болған жоқ. "Жұмыстан жиналыс болады осында деп басшылық жіберді" деп жатты. Соған қарамастан "бәрі жиналған екен, келісесіздер ме?" деді де, саяжайларды сүруге жиналғандардың жартысынан көбісі қолдайды деген шешім шығара салды. Бірақ біз қарсымыз ғой", - дейді саяжай иесі Берік Ақпанбетов.
Саяжай иелері жерін бермей дауласып жүрген себебі - бұл маңға баспана салатын құрылыс компанияларының ұсынысы көңілінен шықпаған. Саяжайды тұрақты мекеніне айналдарып, шағын үйді кеңейтіп жыл бойы тұрып жатқандар бар. Ал олардың жерін ғана нарықтық құнымен бағалап, баспананы есепке алмаған.
"Мұнда 110 отбасы жыл 12 ай тұрады деді. Олардың бәрі шағын үйді кең баспанаға айналдырған. Неліктен енді олар мүлігін 17 шаршы метрлік жатақханаға айырбастауға тиіс?!", - дейді саяжай иесі Марина Козлова.
Билік өкілдерінің айтуынша, қаланың бас жоспары бойынша саяжайды көп қабатты баспанаға айналдырудың егжей-тегжейлі жоспарын құрылыс компаниясы жасапты. Саяжайды жекеменшік компанияларға сату-сатпауүй иелерінің өз еркі дейді. Бірақ мұнда мемлекеттік мекемелер тұрғызылса, жер мемлекетке өтуі тиіс.
"Егжей-тегжейлі жоспарлаудың аумағы 55,8 га қамтиды. Мұнда 1200 орынға шақталған 1 мектеп пен 280 орындық 2 бала-бақша құрылысы қарастырылған", - дейді Қостанай қаласы әкімдігінің Сәулет және қала құрылысы бөлімінің басшысы Гүлсара Құрманғалиева.
Саяжай иелері енді қайда шағымданып барарымызды білмейміз деп салы суға кетіп отыр.
"Мұндай әділетсіздіктен төзім таусылып, жігеріміз құм болды. Заң тек қалталыларға арнап жазылған секілді. Ал ақшасы жоқтарға сот та, әділдік те жоқ", - дейді Қостанай қаласының тұрғыны Любовь Сивкова.
Тұрғындар баспанасын сатқан жағдайда оған үй ала алмаймыз деп уайымдаумен жүр. Бірақ оларға мұңын шағып барар мекеме де қалмаған. Өйткені, Жоғары соттың шешімін айналып өтіп, амал тапқан шенділерден еш үміт қалмаған.
Автор: Айнұр Нұрмағамбетова
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2181312-qostanai-turgyndary-qaladagy-saiazhaidy-suruge-qarsy-shyqty/