Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Атырауда жаңбырлы күндері көпқабатты үйдің шатырын жөндеген: бірнеше пәтерді су басты

Жарияланған күні:

жөндеу жұмыстары
Атыраудағы көпқабатты тұрғын үй. Фото: тұрғындардың жеке мұрағатынан

Қара күз келгенде Атырау қаласы Сәтпаев көшесіндегі №18 үйдің шатырын жөндеу жұмыстары басталды. Жаңбыр суы үйдің ішіне ағып, тұрғындарды әлекке қалды. Атыраулықтар ауа-райының қолайсыздығына қарамастан жұмысты тоқтатпаған әкімдіктің бұл ісіне таңғалып отыр, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі.

Атырау қалаcы әкімдігі қаланың көркін келтіру мақсатында Сәтпаев көшесі бойындағы бірнеше үйдің шатыры мен қасбетін жөндеу жұмыстарын бастаған. Тұрғындар қара күздің ортасынан ауғанда басталған жұмыс жауын-шашынмен қабаттасып, үйлерін суға батырғанын айтады.

"Біздің пәтер 44 жыл бұрын атама берілген. Ес білгелі әкем жаз уақытында көршілерді жинап, шатыр жөндейтін. Қазір бұл үйде апаларым тұрады. Әбден күз болғанда, жаңбырлы күндер басталғанда шатырды ашып, жөндеуді бастады. Үйге су кетті. Су сорғылап ақты. Жасаған ішкі әрлеу жұмыстарының бәрі далаға кетті", - дейді тұрғын.

Тұрғындардың айтуынша, жұмыстардың басталғанына үш апта уақыт болған. Қазір шатырын түгел алып тастап жөндеп жатқандықтан, қысқа дейін аяқталмай қала ма деп алаңдайды.

Ал қалалық әкімдік өкілдерінің мәліметінше, аталған үйдің төбесін жабу қараша айының соңына дейін аяқталады деп жоспарланған.

Қазіргі уақытта Атырау қаласы Сәтпаев көшесіндегі 14, 16, 18, 22, 24, 26, 28 нөмірлі үйлерді модернизациялау және бір типті етіп келтіру жұмыстары қарқынды түрде жүргізіліп жатыр. Аталған жұмыстар тамыз-қыркүйек айларында басталып, үйлердің сыртын термопанель және полифасадпен қаптау, сондай-ақ шатырды заманауи стандарттарға сәйкес жабдықтау қарастырылды. Құрылыс жұмыстары барысында жаңбыр жауған кезде жоғарғы қабаттағы пәтерлерге су кету жағдайы болды. Осы мәселеге байланысты тұрғындарға түсіндірме жұмыстары жүргізілді. Мердігер мекеме тарапынан жоғарғы қабат тұрғындарының шығындарын өтеу немесе жөндеу жұмыстарын жүргізу қарастырылған. Шатырды толық жабу жұмыстары қараша айының соңына дейін аяқталады деп жоспарланып отыр", - деп жауап берді әкімдіктің баспасөз қызметі.

Айта кетейік, Қаныш Сәтпаев даңғылы мекенжайындағы №18 үйдің қасбеті мен шатырын күрделі жөндеу жұмыстарын TAU CORPORATION LTD компаниясы атқарып жатыр. Аталған жұмыстарға 109 млн теңге қаралған.

Автор: Әйгерім Сайқын

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2182560-atyrauda-zhangbyrly-kunderi-kopqabatty-uiding-shatyryn-zhondegen-birneshe-paterdi-su-basty/