"Біреуі - 300 мың теңге": Қостанайда бас бостандығы шектелген тұлғалар қымбат сағат тағып жүруі мүмкін
Жарияланған күні:

Қостанай қаласының прокуратурасы өкілдері бас бостандығы шектеулі адамдарға 300 мың теңгенің смарт-сағатын сатып алу үшін әкімдіктен 228 млн теңге бөлуді сұрады. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ тілшісі хабарлайды.
Қостанай қаласы прокурорының орынбасары Ерлан Басмурзин бұл ұсынысын бүгін әкімдікте өткен жиналыста айтты. Қашықтан бақылайтын, GPS трекері бар 500 сағат сатып алу үшін 150 млн теңге қажет. Сағаттың қызмет көрсету шығыны да арзан емес. Айына 13 мың теңге, бір жылға 78 млн теңге қажет. Прокуратура өкілі қала әкімі Марат Жүндібаевтан осы мақсатқа (500 сағаттың бағасы мен қызмет көрсету шығынын қосып есептегенде - ред.ескертпесі) бюджеттен 228 млн теңге бөлуді сұрады. Ерлан Басмурзиннің сөзінше, мұндай бақылау құрылғысының Қазақстан түгілі, ТМД елдерінде теңдесі жоқ.
"Қызылорда облысында мобильдік қосымшаға тіркелмеген қарапайым сағат тағылады. Бұл сағаттардағы қозғалысты оператор үнемі, яғни 24/7 бойы бақылап, бұзушылықты анықтауға тиіс. Біз Қостанайда, тіпті ТМД елдері арасында бірінші болып полиция қызметкеріне хабарлама келетін құрылғыны енгізгіміз келеді. Қызметкерлердің жұмысын жеңілдетіп, олардың күші мен қаржысын үнемдейміз", - деп түсіндірді Қостанай қаласы прокурорының орынбасары Ерлан Басмурзин портал тілшісіне.
Біреуі 300 мың теңге тұратын сағатқа қала әкімі Марат Жүндібаев та қызығушылық танытты. Қолына ұстап, қарап та көрді. Ерекше дизайны бірден көзіне түсіп, көңілін аударды. "Су тисе де қызметі бұзылмайды" деп прокурор орынбасары да мақтауын асырды.
"Бұл құрылғы басқалардан ерекше. Бас бостандығы шектеулі азамат шаһар аумағынан шығып жатса немесе көңіл көтеретін орындар секілді сотпен шектелген нысандарға барған жағдайда құқық қорғаушының ұялы телефонына хабарлама келеді. Оның барлық жүріс-тұрысы арнайы платформада жазылып, сақталады", - дейді Қостанай қаласы прокурорының орынбасары Ерлан Басмурзин.
Прокурор қанша мақтаса да, шаһар басшысы қызығып қараса да жазасын өтеушілерге мұндай қымбат сағат тағуға қала бюджеті көтермейді. Сондықтан Марат Жүндібаев мұны пилоттық жоба ретінде бастап көруді ұсынды.
Ерлан Басмурзинның айтуынша, Қостанайда биыл жалпы қылмыс саны 7 пайызға төмендеген. Алайда рецидивтік қылмыс 4,5 есеге көбейіп, 45 оқиға тіркелген. Ал өтелмеген соттылығы бар адамдардың қылмысы 22 пайызға артты. Бүгінде құқық қорғаушылар тіркеуде тұрған жазасын өтеушілерді аяққа тағатын 60 білезік арқылы бақылап отыр. Бірақ бұл құрылғыларға шағымданушылар көп. Аяқ білезгі үлкен, әрі теріні қажап тастайды, тіпті қуат құрылғысының денені күйдірген кезі де болған.
Автор: Айнұр Нұрмағамбетова
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2182812-bireui-300-myng-tengge-qostanaida-bas-bostandygy-shektelgen-tulgalar-qymbat-sagat-tagyp-zhurui-mumkin/