Қостанай ауданында мемлекеттік тiлде бiлiм беретін алғашқы жайлы мектеп ашылды
Жарияланған күні:

Қостанай облысы Заречныйдағы жалпыға білім беретін 900 орындық №1 мектептің құрылысына 5 млрд-тан астам теңге бағытталған. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ хабарлайды.
"Мектеп ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен қолға алынған "Жайлы мектеп" Ұлттық жобасының аясында бой көтерді. Су жаңа материалдық-техникалық жабдықтары бар үш қабатты ғимаратта сапалы білім беру процесіне арналған қауіпсіз және жайлы жағдай жасалған. Бұл мақсатта мектеп құрылысы кезінде материалдық-техникалық жабдықталуы бойынша "Назарбаев зияткерлік мектебі" мен "Білім инновация" лицей-интернаты секілді облыстағы үздік мекемелерден кем емес бірыңғай стандарт қолданылды. Осы сәтті пайдаланып, айтулы оқиғамен құттықтағым келіп отыр, бұл ел үшін ғана емес, ауыл тұрғындары үшін де маңызды оқиға. Білім саласы қоғамда маңызды рөл атқарады және тұлғаның әлеуметтенуіне сеп болады", - деді мектептің ашылуында сөз сөйлеген Қостанай облысы әкімінің орынбасары Ринат Мұхаметқали.

Сондай-ақ ол жалпы алғанда жыл соңына дейін облыста Ұлттық жоба бойынша Арқалық пен Рудный қалаларында және Күшмұрын ауылы мен Қостанай қаласындағы енді дамып келе жатқан "Аэропорт", "Береке" шағын аудандарында ұқсас мектептер ашылатынын жеткізді.

Қызыл лентаны кесу құрметіне ақсақалдар мен педагогикалық еңбек ардагерлері, оның ішінде Қостанай ауданы Педагогикалық еңбек ардагерлері кеңесінің төрайымы Мағиза Наженова ие болды.
"Осындай кең, жарық, ыңғайлы, бастысы жайлы мектеп тұңғыш рет ауданымызда ашылып жатқаны өте қуанышты жайт. Мұнда сапалы білім алу үшін бәрі бар. Педагогтердің ендігі міндеті – еліміздің лайықты және ақылды азаматтарын тәрбиелеп шығару, ал балалар өздеріне берілген білімді сіңіруі керек", - деді жиналғандарға Мағиза Тәшетқызы.

Одан соң алғашқы қоңырау соғылып, оқушылар мен ұстаздар бірінші сабаққа бет алды.
Жалпыға білім беретін №1 Заречный мектебінің директоры Қарлығаш Алдамбергенованың сөзінше, мектепте бастауыш, орта және жоғарғы буынға арналған блоктар қарастырылған, сондай-ақ әр буынға арналған үш спортзал бар. Кәдімгі мектеппен салыстырғанда аталған оқу орнының аумағы 20%-ға үлкен, соның арқасында кабинеттер кең әрі жайлы.

"Мектепте 100-ден астам оқу кабинеті бар. Физика, химия, биология бойынша мәндік кабинеттер толығымен жабдықталған, робототехника кабинеттері мен STEM-зертханалар компьютерлік сыныптары бар.
Оқу кабинеттеріне интерактивті тақталар орнатылған, шет тілдері кабинеттерінде лингафондар бар. Оқушылардың жан-жақты дамуы үшін жаңа шеберханалар да қарастырылған, онда балалар көптеген пайдалы машықты меңгере алады", - деді Қарлығаш Тоқбаевна.

"Бүгінгі таңда мектепте бір ауысымда 615 бала оқиды. Балалардың көп бөлігі оқу екі ауысымда жүзеге асатын А.Байтұрсынов атындағы мектебінен, сонымен бірге Н.Наушабаев (Тобыл қаласы) және Мичурин орта мектептерінен ауысқан. Педагогикалық құрам да толық, қазіргі таңда мектепте 103 мұғалім жұмыс істейді. Одан бөлек ғимаратта лифт, әр буындағы балаларға арналған жеке гардероб бөлмесі, бейнекамералар, пультты күзет бар", - деп сөзін түйіндеді ол.

Сонымен бірге оқу орнында әмбебап акт залы бар, қажет болған жағдайда оны конференц-зал немесе арт-студия ретінде пайдалануға болады. Одан бөлек оқу залы бар кітапхана, оқушылар мен ұстаздарға арналған коворкинг аумақтар да жасақталған.

Мұның барлығы балалардың сапалы білім алуына және дарыны мен қабілеттерін дамытуға арналған жайлы оқу кеңістігін жасайды.
Мектеп ауласының аумағы ойын ойнау үшін де, сонымен бірге белсенділік үшін де жайлы етіп жасалған.
Мектепте ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларға да жағдай жасалған. Қауіпсіз білім беру ортасы, қозғалысы шектеулі азаматтар тобы үшін пандустар, тұтқалар, көзі әлсіз көретіндерге хабарландыру жүйелері, таблолар мен нұсқағыштар орнатылған.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2182862-qostanai-audanynda-memlekettik-tilde-bilim-beretin-algashqy-zhaily-mektep-ashyldy/