Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Батыстың әжесі": TikTok арқылы елге танылған зейнеткер бір жылда 10 млн теңге тапқанын айтты

Жарияланған күні:

Хадиша Аймұхамбетова
Хадиша Аймұхамбетова. Фото: TikTok-тағы парақшасынан

Желіде "Батыстың әжесі" лақап атымен белгілі атыраулық 70 жастағы Хадиша Аймұхамбетова TikTok-та стримге шығып, бір жылда 10 млн теңге тапқан. Аз уақыт желіде танымалдылыққа ие болған әжей KAZ.NUR.KZ тілшісіне сұқбат берді.

TikTok-та "Батыстың әжесіне" 89 000 адам жазылған. Хадиша Аймұхамбетованың бұл әлеуметтік желіге тіркелгеніне осы күзде бір жыл болыпты. Осы уақыт ішінде ол 10 млн теңге табыс тапқанын айтады.

"Басында таңнан кешке дейін TikTok-та отыратын болдым. Қазір күніне 2-4 сағатымды арнаймын. Таңертең ерте кіріп, шаруаларыма шығып келемін. Кешке тағы бір-екі сағатымды арнаймын. Бір күні жақсы табыс әкелсе, кей күндері дым таппай қалатын кездер болады. Дегенмен бір айлық табысым жаман емес. Сол ақшаға немерелерімді түрлі үйірмелерге беріп отырмын, демалыс сайын қалаған ойын алаңдарына апарып қыдыртамын. Жақында жер үй алдық. Бір зейнетақыға қарап отырған жоқпын", - дейді ол.

TikTok-тан жақсы табыс тапқаннан кейін Хадиша Аймұхамбетова өзінің құрбыларын да осы әлеуметтік желіге тартқан. Бірақ қатарластары эфирге шығуға ұялатынын айтады.

"Үйде бос отырғанша ермек болсын деп, бір жағынан ақша тапсын деген оймен құрбыларыма да TikTok-тың қыр-сырын, мүмкіндіктерін айттым. Кейбіреуі бастап тастап кетті, басқаларының "жұрттан ұят" деп балалары рұқсат бермейтін көрінеді. Мен керісінше рақатын көріп отырмын. Осы TikTok-қа шыққалы тіпті ауру-сырқауымды да ұмытып кеттім",- дейді Хадиша Аймұхамбетова.

Хадиша Аймұхамбетова қаладан шалғай ауылда 40 жыл бойы еден жуып, көше тазалаған. Қазіргі жұмысы өзіне ұнайтынын, ақшадан да қысылмайтынын айтады.

"TikTok-та жастар үлкен кісі деп сыйлап, жақсы тілегін арнап жатады. Соның өзіне бір марқайып қаламын", - дейді "Батыстың әжесі".

Автор: Әйгерім Сайқын

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2185004-batystyng-azhesi-tiktok-arqyly-elge-tanylgan-zeinetker-bir-zhylda-10-mln-tengge-tapqanyn-aitty/