Ақтөбеде тікұшақ апатынан қаза болған әскери қызметшіні ақтық сапарға шығарып салды
Жарияланған күні:
Бүгін Ақтөбедегі Әуе қорғанысы күштері әскери институтының ұжымы қайғылы жағдайда қаза болған әріптесі Батыр Оразымбетовті ақтық сапарға шығарып салды. Қаралы митингке марқұмның әріптестері мен туыстары, достары жиналды. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ тілшісі хабарлайды.
Ақтөбе облысының Мәртөк ауданы Сарыжар ауылы тұсында апатқа ұшыраған тікұшақ бортында мерт болған Батыр Оразымбетовпен қоштасу әскери институттың ауласында өтті.
"Жаным, балапаным, қайтейін… Ақылдым. Бұл әжең ғой. Өз қолымда тәрбиелеп едім. Немеренің алды еді. Адал қызмет етті", - деген марқұмның 85 жастағы әжесі табытты құшақтап жылады.
Қаралы митинг кезінде әскери қызметкер Батыр Оразымбетовтің 9 қараша күні сағат 11:29-да Сарыжар ауылында оқу-жаттығу алаңында апатты қону кезінде қаза болғаны айтылды.
"Бүгін біз Батыр бауырымызды ақтық сапарға шығарып салуға қатысып тұрмыз. ҚР Қорғаныс министрлігі, Қарулы күштері әуе қорғанысы күштерінің жеке құрамы қайғырып көңіл айтады. Әуеге көтерілу қашанда қауіп-қатерлі толы. Біз өз өмірімізді, мамандығымызды өзіміз таңдаймыз. Батыр да осы оқу орнына түсіп, борт инженері мамандығын бітірді. Ол өмірінің соңына дейін алдына қойған тапсырманы орындады. Ол Қаңтар оқиғасында, су тасқыны кезде қалтқысыз қызмет етті. Оны осындай қалпында есте сақтап, құрмет көрсетеміз", - деді Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрінің орынбасары – Қарулы Күштері Әуе қорғанысы күштерінің бас қолбасшысы Дәурен Қосанов.
Қоштасуда сөз алған марқұмның бауыры: "Батырды әрдайым есте сақтаңыздар. Ол ашық, жанашыр болды", - деп көзіне жас алды.
"Аяулы ұлдарыңыз, жанашыр достарыңыздың өмірден өтуіне облыстық әкімдіктің атынан қайғырып көңіл айтамыз. Батыр өз атына сай азамат болды. Ел басына күн туған шақта мыңдаған адамның өміріне араша болды. Су тасқыны кезінде құтқару жұмыстарына қатысты. Батырды бізді осындай қалпында жадымызда сақтаймыз. Ол өмірінің 500 сағатын әуеде өткізді. Елдің қорғаны болған, қауіпсіздікке жауап берген азаматымызды шығарып салып тұрып бақұл бол дегіміз келеді. Ел аспаны ашық болсын",- деді Ақтөбе облысы әкімінің орынбасары Жолдас Батырхан.
Ақтық сапарға шығарып салу шарасы кезінде курсанттар үнсіз гүл қойып қоштасты.
Айта кетейік, 9 қарашада Ақтөбе облысының Мәртөк ауданы Сарыжар ауылы тұсында тікұшақ құлап, бір адам қаза болды. Бортта болған екі экипаж мүшесін аудандық әкімдік қызметкерлері құтқарып қалды. Кейін Қорғаныс министрлігі қаза болған қызметкердің Ақтөбедегі Әуе қорғанысы күштері әскери институты авиациялық-экскадрильясының офицер-нұсқаушысы майор Батыр Оразымбетов екенін хабарлады. Ақтөбелік дәрігерлер жансақтау бөліміне түскен екі экипаж мүшесінің жағдайын тұрақты-ауыр деп бағалады.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2185622-aqtobede-tikushaq-apatynan-qaza-bolgan-askeri-qyzmetkerdi-aqtyq-saparga-shygaryp-saldy/