Қостанайда ауруханада 10 айлық бала көз жұмды: дәрігерлер мән-жайды түсіндірді
Жарияланған күні:
Бірнеше күн бұрын Қостанай облысының тұрғыны аурухана дәрігерлерін 10 айлық сәбиінің өліміне кінәлаған болатын. Полиция іс қозғады, дәрігерлер тағылған айыпқа жауап берді, деп хабарлайды Астана телеарнасына сілтеме жасаған KAZ.NUR.KZ.
Баланың анасы желіде сәбиі 1 қарашада ауруханаға түскенін, ал 3 қарашада оған ұлының көз жұмғанын хабарланғанын айтты. Әйел баласының өліміне дәрігерлердің салғырттығы себеп болды деп есептейді.
Ал, аурухана басшылығы баланың әжесі – олардың әріптесі, аудандық ауруханалардың бірінің бас дәрігері олармен үнемі байланыста болғанын айтады. Дәрігерлердің айтуынша, ол реанимациялық терапияға келісім бермеген. Сонымен қатар әжесі антибиотиктермен емдеуге қарсы болды, деп хабарлады облыстық аурухана басшылығы.
Телеарна мәліметінше, сәбидің жағдайы ауыр кезде ғана жансақтау бөліміне түскен. Соңғы расталған диагноз – вирустық инфекция, соның аясында бронх обструкциямен екі жақты пневмония болған.
“Баланы қарқынды терапия жүргізу және бұл жағдайдан тезірек шығару үшін реанимация бөліміне жатқызу ұсынылды, содан кейін оны қайтадан бөлімшеге ауыстырып, анасына беруге болатын еді, бірақ бұған бірнеше рет қарсылық болды", - деді Қостанай облыстық балалар ауруханасының директоры Нұрлан Ержанов.
Ауруханада және денсаулық сақтау басқармасында сәбидің өліміне қатысты қызметтік тексеріс жүргізіліп жатыр. Полиция да сотқа дейінгі тергеуді бастаған.
"Қостанай облыстық балалар ауруханасында 10 айлық баланың қайтыс болу фактісі бойынша полиция сотқа дейінгі тергеуді бастады. Қазіргі уақытта өлімнің себебін анықтау үшін барлық қажетті тергеу шарасы жүргізіліп жатыр", - деп түсіндірді облыстық полиция департаменті өкілі.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2186555-qostanaida-auruhanada-10-ailyq-bala-koz-zhumdy-darigerler-ata-anasynyng-aiyptauyna-zhauap-berdi/