Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Алғашқы кездесу, ауыр дерт, отбасыдағы ережелер: Бейсен Құранбектің жары журналиспен өткізген өмірі туралы сыр шертті

Жарияланған күні:

Бейсен Құранбек
Бейсен Құранбек. Фото: instagram.com/beisenkuranbek/

Қазақ телевизиясының аңызы Бейсен Құранбек 2020 жылы бақилық болған еді. Бар ғұмырын журналистикаға арнаған марқұмның бейнесі әлі күнге дейін ел есінде. Ауыр дертпен арпалысқан қаламгердің қай арманы орындалмай қалды? Көзі тірісінде жазған отбасылық қағидаларының сыры неде? Осы сауалдардың жауабын журналистің жұбайы Гүлмира Зербай KAZ.NUR.KZ тілшісіне берген сұхбатында айтты.

- Гүлмира ханым, Бейсен Құранбек ағамен сіздің таныстығыңыз қалай басталды? Қай жылдары еді?

- Біздің таныстығымыз 1998 жылы басталды. Мен сол жылы Ақтөбеден Алматыға ғылыми тағылымдамаға келген едім. Оқумен қатар "Спорт&kz" газетінде корректор болып жұмысқа орналастым. Бейсекең де бұрын сол газетте жұмыс істеген екен. Бір күні жұмыстас болған ағаларына амандасып, қал-жағдай сұрасуға редакцияға бас сұғады. Сайын аға Тұрсынов Бейсекеңді бас салып "әй, балам, үйленетін ойың бар ма?" деген екен, "Бар болса, мен сенің кәрі шешеңді бағатын қыз таптым, жүр таныстырамын" деп, мен жұмыс істеп отырған кабинетке ертіп келген. Шамасы Сайын аға көбірек мақтап жіберген болса керек, редакцияға жиі келетін болды. Біздің таныстығымыз осылай басталған еді.

- Журналистің жұбайы болудың қиындығы мен ерекше тұстары қандай?

- Журналистің жұмысының бір ерекшелігі – жиі іссапарлар. Бейсекең кезінде президенттік пулда қызмет етті, шет мемлекеттерге шығып жүрді, сондай алыс сапарларға кеткен кездерде жолына қарап, аман-есен оралсын деп тілеп, алаңдап отырған күндерім аз болған жоқ. жұмыстағы көңіл-күйді үйге алып келмеу деген ережесі болатын. Журналистің күнделікті тірлігінде неше түрлі жағдай болып жатады, оның барлығын үйдегі жарыңа айта берудің қажеті жоқ деп санайтын, себебі әйел баласының психикасы нәзік, оған салмақ салудың қажеті жоқ дейтін әрдайым. Яғни жұмысында қуантарлық нәрсе болса, сүйіншілеп айтады, ал жағымсыз нәрсе болса, ол жаңалықтан бізді аулақ ұстауға тырысатын.

- Бейсен аға туған ауылынан, анасынан алшақтамас үшін талай лауазымды қызметтен бас тартқан екен?

- Бұл сөзіңіз рас, Бейсекеңнің жұмыс бабымен біз бес жылдай Астанада тұрдық, ол кезде Бейсекең Президент телерадиокешенінде қызмет атқарды. Сол жылы апамыз 83 жаста болатын, баласына мені ауылға жібер, ол жерде қара шаңырақ бар, балам да бар, кәрі қойдың жасындай жасым қалды, елге қайтайын дегенді айтты. Сонда Бейсекең апасын ауылға апарып тастамай, керісінше барлығымыз бірге көшетінімізді айтты. Мектепте демалыс бастала салысымен бізді Талдықорған маңындағы Мұқыры ауылына көшіріп әкелді. Кейін де Астанаға қайтып барудың, жоғарылаудың мүмкіндіктері болды, дегенмен Бейсекең "туған жерге туың тік" деген ұстаныммен "Жетісу" телеарнасының деңгейін көтеруге бар күшін салды.

- Бейсен ағаның кәсібіне деген адалдығын жиі айтылады. Тіпті бір кездері директор ретінде отырған креслосын қарапайым орындыққа ауыстырып қойған деседі...

- "Жетісу" телеарнасында басшылық жұмыс атқарған жылдарында Бейсекең өзінің журналист екендігін бір сәтке де ұмытпай, үнемі ізденіс үстінде жүретін. Өзінің айтуы бойынша, директорлықтың алғашқы айында креслоға аса бір мән бере қоймапты, "бірақ біраздан соң байқастасам, денем жұмсақ креслоға ыңғайланып, босаңсып бара жатқан секілді, одан қалды тоқмейілсіп, мамыражай күйге түсетін сияқты" деген. Ал Бейсекең табиғатынан сергек, әрнәрсенің жай-күйін ойлап жүретін адам. Ер адамға тоқмейілсуге болмайды дейтін, сондықтан ол креслодан дереу құтылып, оның орнына жәй орындық алдыртқан.

- Жұмысқа берілгені соншалық Бейсен аға бір постында: "6 жыл бойы талай тойдан, талай өлім-жітімнен қалыппын" деп бір жазба жариялаған еді. Тіпті сол кезеңде денсаулығына да көңіл бөлмесе керек?

- Әрине, ол кісінің жұмыс кестесі өте тығыз болатын, сонда да шақырылған жерден қалмауға тырысатын. Ал денсаулығына келетін болсақ, жаман аурудың бір ерекшелігі бастапқы кезеңінде жанға батып ауырмайтыны, ол кісі жұмыстан шаршағандыққа балап, өкінішке қарай, көп уақыт өткізіп алдық.

- Жолдасыныңыздың бала тәрбиесіндегі ұстанымы туралы айтсаңыз... Қандай әке еді?

- Бала тәрбиесіндегі ұстанымына келетін болсақ, қазақта бала тәрбиесінің керемет формуласы бар ғой, "баланы беске дейін хан көтер, 15-ке дейін құлдай жұмса, 15-тен кейін досыңдай ақылдас" деген, сол қағиданы ұстанатын. Жалпы балалардың дамуынан ештеңе аямау керек, оларды өмірге қаруландырып жіберу керек дейтін.

- Бейсен Құранбектің желіде жарияланған "Отбасылық 7 қағидасы" атты ой-пікірлер жинағы бүгінде әрбір жас жанұяның ұстанымына айналғандай...

- Бұл қағидаларды қабылдау Бейсекеңнің бастамасы болатын, біз шаңырақ көтереміз деп шешкенде, ол кісі "біз үйленген соң түсініспеушілік болуы мүмкін, сонда болмашы нәрселер үшін бетіміз ашылып, ауыр сөздер айтып, арамыз ажырамау үшін бір келісімге келгеніміз дұрыс шығар" дегенді айтты. Басында маған бұл ұсыныс біртүрлі, тым ресми сияқты көрінген. Бірақ уақыт өте келе сол келісім орынды болғанына көзім жетті, себебі осы қағидалар бір-бірімізді дұрыс түсінуге, сыйласуға негіз болды, кешірімді болуды, ашу мен ренішке бой алдырмауды үйретті.

- Бейсен ағаның орындалмай қалған қандай армандары бар еді?

- Әрине, Бейсекеңде арман да, жоспар да көп болатын. Өзіңіз білесіз, "Айтуға оңай", "Қарекет" бағдарламаларында талай әлеуметтік, отбасылық, мәдени тағы басқа мәселелер көтерілді, көптеген мәселенің шешімі табылды. Бірақ ол бағдарламаларда көбіне үлкендердің басындағы түйткілдер болатын, яғни мәселенің себебінен гөрі, салдарымен күресіп жатырмыз дейтін. Сондықтан ол кісі алдағы уақытта өскелең ұрпақты тәрбиелеумен, олардың санасын оятумен айналысуымыз керек дейтін. Келешекте өзінің, басқалардың өмірлік тәжірибесін бөлісетін, жастарды қанаттандыратын кітаптар жазамын деп жоспарлаған.

- Гүлмира ханым, сұхбат бергеніңізге рақмет!

Автор: Серікқазы Аязбаев

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2187800-algashqy-kezdesu-auyr-dert-otbasydagy-erezheler-beisen-quranbekting-zhary-zhurnalispen-otkizgen-omiri-turaly-syr-shertti/