Перизат Қайрат палестиналықтарға жиналған қаржыдан 200 млн теңге жымқырды деген тағы бір күдікке ілінді
Жарияланған күні:
Қаржылық мониторинг агенттігі өкілдері еріктілер қозғалысының белсендісі Перизат Қайратқа қатысты тергеу фактісі бойынша тағы бір эпизод анықталғанын мәлімдеді. Бұл жөнінде ведомствоға сілтеме жасаған KAZ.NUR.KZ хабарлайды.
Қаржылық мониторинг агенттігінің Telegram-дағы ресми арнасында жарияланған ақпаратқа сәйкес, Перизат Қайраттың заңсыз әрекетінің тағы бір эпизоды анықталған.
"2023 жылдың қараша айында Перизат Қайрат Палестина тұрғындарына гуманитарлық көмек көрсету үшін қаражат жинауды ұйымдастырды.
2023 жылғы желтоқсанда осы ақша есебінен Перизат Қ. Sensata Plaza элиталық кешенінен 49 млн теңгеге үш бөлмелі пәтер және 30 млн теңгеге Mercedes-Benz EQE 500 4 Matic жаңа автокөлігін сатып алды", - делінген ведомство хабарламасында
Сонымен қатар, ҚМА өкілдерінің мәліметінше, қаражаттың бір бөлігі БАӘ-де Rolex, Prada және Fendi брендтік бутиктерінен зергерлік бұйымдар, сағаттар мен киімдер сатып алуға жұмсалған.
"Бұл эпизод бойынша Перизат Қ. 200 млн теңгеден аса қаражатты жымқырды деп күдіктелуде", - дейді агенттік өкілдері.
Қазір тергеу амалдары жүріп жатыр
"Егер сіз Перизат Қайраттың алаяқтық әрекеттерінің құрбаны болсаңыз, Астана қ., Бейбітшілік көшесі, 10 мекен-жайы бойынша немесе +7 (7172) 70-84-78 телефон нөмірі бойынша Қаржылық мониторинг агенттігіне хабарласуыңызды сұраймыз", - делінген хабарламада.
Еске салайық, 14 қарашада қайырымдылық қорының құрылтайшысы Перизат Қайрат көктемгі су тасқыны кезінде халықтан жиналған 1,5 млрд теңгені жымқырды деген күдікпен ұсталғаны мәлім болды. Қаржылық мониторинг агенттігі өкілдерінің мәлімдеуінше, Перизат Қайрат қорға түскен ақшаның негізгі бөлігін жылжымайтын мүлік пен бағалы заттар сатып алуға жұмсаған.
Кейін қаржылық мониторинг агенттігінің ресми өкілі Әлібек Әбділов Biz Birgemiz қорының басшысы Перизат Қайрат ісіне қатысты сауалдарға жауап берді.
Сонымен қатар Перизат Қайрат пара үстел теннисі федерациясының басшысы қызметінен босатылғаны белгілі болды.
AMANAT партиясының өкілдері де Перизат Қайраттың ұсталуына қатысты пікір білдіріп, партияның оның қызметіне ешқандай қатысы жоқ екенін мәлімдеді.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2188268-qma-okilderi-qogamdyq-qor-zhetekshisi-perizat-qairatqa-qatysty-tagy-bir-malimdeme-zhasady/