Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Президент тапсырмасын орындауға ат қора дайын емес": асыл тұқымды жылқы өсіретін зауыт мамандары бес ай жалақы алмаған

Жарияланған күні:

Қостанай жылқы зауыты
Қостанай жылқы зауыты. Фото: KAZ.NUR.KZ

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қазақы жылқыны көбейту туралы тапсырма берген еді. Артынша биыл шілдеде арнайы заң да қабылданды. Бірақ жоспарды орындауға әлі қаржы бөлінбеген. Қостанай жылқы зауытының жұмысшылары биыл бес ай жалақысыз отырғанын айтты, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі.

"Қазақ тұлпары" ЖШС зоотехнигі Виталий Гофман "бұл кәсіпорында жылқыны жан-тәнімен жақсы көретіндер ғана қалды" дейді. Өйткені мемлекет бұл саланы соңғы 20 жылда назардан тыс қалдырған. Биыл жоғары жақтағы мінберлерден қазақы жылқы санын көбейту туралы көп айтылғанымен нәтижесі жоқ.

Қостанай жылқы тұқымы – қазақ тұлпарларының ішінде ерекшесі, әрі шабандозы саналады. Қостанай жылқы зауыты осы тұқымды зерттеп, көбейтумен айналысады. Зауыттағы сәйгүліктер биыл атжарыстарда 7 млн теңге пайда тапқан.

Мемлекет басшысы Қостанай жылқысының тұқымын сақтап, басын көбейтуді көздейтін тиісті заңға шілде айында қол қойды. Содан соң бұл кәсіпорында болашаққа деген үміт пайда болған. Субсидия түрінде, мемлекеттік кепілдендірілген көмек бөлінсе, уәде еткендей қаржы құйылса жылқы зауытына жаңа дем беруі тиіс еді. Ал әзірге мұның бәрі қағаз жүзіндегі қызыл сөз ғана.

"Мемлекет бір биеге 20 000 теңге субсидия беретін болды. Барлық құжатын әзірлеп жібердім. Бірақ әлі ақша алған жоқпыз. Менің ойымша келер жылы беруге тиіс. Біздің шаруашылықты дамытуға бет бұрып, президент өзі қадалауға алды. Сондықтан қаржы да бөледі деп ойлаймын", - дейді "Қазақ тұлпары" мекемесінің зоотехнигі Виталий Гофман.

Бүгінде жылқы зауытында 92 бас Қамбар ата тұқымы бар. Соның 77-і асыл тұқымды. Биыл 18 бас асыл тұқымды төл алған.

"Президент қойған тапсырмаға сай асыл тұқымды жылқының басын көбейткеннің өзінде оларды бағатын ат қоралар дайын емес. 5 ат қораның 3-і аңғал-саңғал күйінде бос тұр. Күрделі жөндеуге 180 млн теңгедей қаржы қажет", - дейді Виталий Гофман.

Кәсіпорында мұнша қаржы жоқ. Тіпті ат қораны жөндемек түгілі жұмысшыларына маңдай термен тапқан ақысын уақытылы бере алмай жүр.

"Өткен айларда бес ай жалақы көрген жоқпыз. Сосын жақында бір бөлігін төледі. Тағы да береміз деген, бірақ осы айдың өзінде еңбекақымызды кешіктіріп жатыр", - дейді "Қазақ тұлпары" мекемесінің күзетшісі Нияз Ибраев.

Осындай қиындықтарға қарамастан кәсіпорын қостанайлық жылқы тұқымының санын көбейту арқылы, қаржылық, өндірістік әлеуетін қалпына келтіруге ынталы. Ең бастысы биыл билік өкілдерінің осы салаға бет бұра бастағынының өзіне шүкіршілік етіп отыр.

"Алдағы уақытта "Қазақ тұлпары" мекемесінің базасында қостанайлық жылқы тұқымын жандандыруды жоспарлап отырмыз. Сондай-ақ қаржылық және өндірістік тұрақтылықты қалпына келтіруге мақсат қойдық. Ұлттық мұрамыз саналатын спорттық, шабандоз сәйгүліктердің әлеуетін жақсартып, сапалы асыл тұқым өсіріп, әлемдік аренада Қостанай жылқы тұқымының ұлттық брендін қалыптастыр үшін еңбек етеміз", - делінген "Қазақ тұлпары" ЖШС берген ақпаратта.

Президент тапсырмасымен жылқы шаруашылығы және жемшөп өндіру ғылыми-зерттеу институты ашылады. Ғылыми орталық асыл тұқымды жылқылардың сапасын одан әрі жақсартып, отандық тұқымды шет елдерге шығарумен айналысуы тиіс. Орталық Ақтөбе қаласында орналасады. Оған еліміздегі ең білікті деген ғалымдар шақырылмақ.

Автор: Айнұр Нұрмағамбетова

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2190156-prezident-tapsyrmasyn-oryndauga-at-qora-daiyn-emes-asyl-tuqymdy-zhylqy-osiretin-mamandar-engbekaqysy-keshiktirilip-zhatqanyn-aitty/