Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Ақтөбеде бұрынғы әйелі мен балаларын ұрып-соққан ер адам қамауға алынды

Жарияланған күні:

Шөлмек ұстаған ер адам
Тұрмыстық зорлық-зомбылық. Көрнекі фото: Рolisia.kz

Ақтөбеде мас болып, кәмелетке толмаған балалары мен бұрынғы әйелін ұрып-соққан ер адамға сот үкімі шықты. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ облыстық полиция департаментіне сілтеме жасап хабарлайды.

Полицияның жедел әрекеттерінің нәтижесінде қылмыстық теріс қылық жасаған ер адам қылмыстық жазаға тартылды.

Оқиға Ақтөбе қаласында болған. Қала тұрғыны бұрынғы әйелі мен балаларына алкогольдік масаң күйде келіп жанжал шығарып, көшеде кәмелетке толмаған ұлдарына тиісіп, қол жұмсаған.

Балаларын бұл жерден дереу алып кетуге тырысқан анасын қуып жетіп, қасақана ниетпен әйелге бірнеше соққылар жасаған. Бұл дерек бойынша Ақтөбе қаласының полиция бөлімі Қылмыстық кодекстің 109-1-бабымен дереу қылмыстық іс қозғап, күдіктіні уақытша ұстау изоляторына қамады. Тиісті сараптамалар тағайындалып, жан-жақты тергеу амалдары жүргізілді.

2024 жылғы 21 қарашада осы іс бойынша сот үкімі шықты. Екі немесе одан да көп адамды және көрінеу кәмелетке толмағандарды ұрып-соғу түріндегі қылмыстық теріс қылықты жасағаны үшін сот үкімі бойынша ер адам 45 тәулікке қамаққа алу жазасына кесілді.

Сонымен қатар сотталушыға ерекше талаптар белгіленіп, ол алкоголь және есірткі өнімдерін қолданбау, сондай-ақ ішкі істер органдарына айына үш рет келуге міндеттелді. Бұған қоса, сотталушының бір жыл мерзімге жәбірленушімен кез келген байланысына тыйым салынды. Сот үкімі заңды күшіне әлі енген жоқ.

Естеріңізге сала кетейік, 15 сәуірде мемлекет басшысы денсаулыққа жеңіл зиян келтіргені үшін, сондай-ақ ұрып-соғу үшін қылмыстық жауапкершілік қарастырылған заңға қол қойды.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2191632-aqtobede-buryngy-aieli-men-balalaryn-uryp-soqqan-er-adam-qamauga-alyndy/