Шымкентте 920 тұрғынға үй жағдайында әлеуметтік қызмет көрсетіліп жатыр
Опубликовано:
Шымкентте қарттарға, мүгедектігі бар азаматтар мен ерекше қажеттіліктері бар балаларға үй жағдайында әлеуметтік қызмет көрсету жүйесі дамып жатыр. Бұл бағытта қалалық Жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасына қарасты №7 арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығы айрықша рөл атқарып келеді, деп хабарлайды қала әкімдігінің баспасөз қызметі.
Орталық 9 бөлімше арқылы қызмет көрсетеді. Оның ішінде 6 бөлімше қарттар мен мүгедектігі бар жандарға, 2 бөлімше тірек-қимыл аппараты бұзылған және психоневрологиялық ауытқуы бар балаларға, ал 1 бөлімше 18 жастан асқан психоневрологиялық ауруы бар адамдарға арналған.
Орталықтың 154 қызметкерінің 122-сі күтім көрсететін әлеуметтік қызметкер. Олар қаладағы 920 ерекше күтімді қажет ететін тұрғындарға 8 түрлі қызмет көрсетеді. Әлеуметтік қызметкерлер күтімді қажет ететін жандардың үй-жағдайына қарай тұрмыстық қолдау көрсетеді. Су тасу, азық-түлік жеткізу, үй жинау, пеш жағу секілді қызметтер ұсынылады.
Қызмет алушының денсаулығына сай үйге дәрігер шақыру, дәріханалардан дәрі-дәрмек жеткізу, емханаға бірге бару секілді медициналық көмекті ұйымдастырады. Сонымен қатар психологиялық қолдау мен заңгерлік көмегін де ұсынады.
Сондай-ақ, әлеуметтік қызметкерлер қызмет алушыларды театрлар мен саябақтарға апару, мәдени шараларға қатысуына жағдай жасайды. Олар үйдегі еңбекті ұйымдастыру, өзіне күтім жасау бойынша кеңестер береді.
Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз
Оригинал статьи: https://kaz.nur.kz/society/2192739-shymkentte-920-turgynga-ui-zhagdaiynda-aleumettik-qyzmet-korsetiledi/