"Рұқсатсыз биометрия жинау – заңсыз": министр балабақшадағы түр-әлпет танитын камераға қатысты пікір білдірді
Опубликовано:
Цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев Қазақстандағы білім мекемелерінде кісі танитын бейнекамера орнатуға қатысты пікірін айтты. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ хабарлайды.
Үкіметтің сейсенбідегі брифингінде журналистер министрге осы мәселеге қатысты сауал қойды.
"Биометриялық мәлімет жинауды реттейтін заңдар бар. Жеке мәлімет туралы заң бар. Егер бұл жерде балалар туралы айтылса, онда ата-ананың рұқсатынсыз биометриялық мәлімет жинауға болмайды. Бұл – заңды бұзу", - деп мәлімдеді Жаслан Мәдиев.
Оның айтуынша, Қазақстанда 1 миллионнан көп адамның жеке мәліметін жинайтын жекеменшік компаниялар жауапкершілігін арттыру көзделіп отыр. Мәдиевтің пікірінше, оларға қатаң талап қойылуға тиіс.
Еске салсақ, желіде балалардан саусақ ізін алуды 12 жастан бастауды қарастыратын жарлық жобасы таралды. Қыркүйекте мәжіліс депутаты Екатерина Смышляева биометрикалық мәліметтер жинау мен сақтауға қатысты заң бұзылғанын айтып, азаматтар құқығын бұзбауды талап етті.
Қазан айында ата-аналар биометриялық тану жүйесін сынауға қарсы петиция жариялады. Олардың айтуынша, жергілікті әкімдіктер балабақшалардың кейбірінде осындай сынақ өткізіп жатыр.
Кейін цифрлық даму министрлігінің өкілі Қазақстанда балалардың жеке мәліметін қорғау құқығы бұзылғанын мәлімдеді.
Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз