"Жер астына кіріп барады": Астана түбіндегі "Пентагон" тұрғындары тозығы жеткен үйін көрсетіп, жанайқайын жеткізді
Жарияланған күні:
Астана түбіндегі ел арасында "Пентагон" аталып кеткен көпқабатты үйді барар жері, басар тауы жоқ 120 отбасы паналап отыр. Апатты жағдайдағы үйдің тұрғындары жергілікті әкімдік "биылдан қалмай қауіпсіз жерге көшіреміз" деген уәдесін сағызша созып келе жатқанын айтады. Үйдің іргетасы жерге кіріп бара жатыр деген тұрғындар жанайқайын жеткізді, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі.
Бесқабатты үй Астана шетіндегі Өндіріс шағын ауданында орналасқан. Айналасын қамыс шөп басқан, темір жол бойында жападан жалғыз бөлек тұрған үй бірден көзге түседі. Әбден тозығы жеткен ғимараттың сырт көрінісі 90-шы жылдарды көз алдыңа әкеледі. Тұрғындардың айтуынша, ғимарат 1989 жылы салынып, әскери қызметкерлерге берілген. Жергілікті халық арасында "Пентагон" аталып кетуі де содан болуы керек деп топшылайды. Қазір Ақбидай көшесіндегі 14-ші үйде 120 отбасы тұрып жатыр.
Бұл үйдің тұрғыны Ольга Логвин мұнда 7 жыл бұрын көшіп келген. Осы уақытқа дейін небір қиын кезеңдерді бастан кешкенін айтады. Айтуынша, елордада тұрса да, өркениеттен кенде қалған үйдің жертөлесі нәжіске толған күндерге де куә болған.
"Қаланың түбінде тұрсақ та өркениеттен қалып қойғандай күн кештік. Үнемі жарық сөніп қалатын, жылыту маусымы басталғанда 1 айға жуық жылусыз отырған күндер өтті. Жертөлеміз нәжіске толып, қыс бойы буланып, иісі пәтердің ішін алып кететін. Осыдан 4 жыл бұрын шыдамымыз шегіне жетіп, әкімдік қызметкерлері мен БАҚ өкілдерін шақырып мәселемізді көтердік. ПИК бізден бас тартқан кезде, тұрғындар мені және тағы бір сантехникті ұйымдастырушы қылып сайлап, үйімізді өз қолымызбен қалыпқа келтіріп алғанбыз"- дейді Ольга Логвин.
Тұрғындар ақша жинап, жергілікті әкімдіктің көмегімен жертөлені нәжістен тазартып, кәріз суы үйдің артқы жағына төгілетін қылып уақытша қолдан құбыр жасап қойған. Су, жарық мәселесі де кейін шешілгенін айтады.
"Қолдан келгеннің бәрін жасап, тазалықты қадағалағанымызбен үйдің іргетасы жердің астына кіріп бара жатыр. Салдарынан терезелер мен қабырғаның арасында жарық пайда болды. Үйдің қабырғасы жарылып, қисайып бара жатқанын көруге болады. Одан қалса, кәріз суы үйдің артқы жағына төгілуде. Жылдың төрт мезгілінде де терезе аша алмаймыз", - дейді белсенді.
Қолқаны алатын жағымсыз иісті көліктен түскен бойда байқадық. Далада серуендеу түгіл, ауа жұту мүмкін еместей көрінді. Үйдің айналасын қамыс жайлаған, толған ескі гараждар да бұл маңайдың көркін кетіріп тұр. Тұрғындар үйдің мәселесін көтеріп, әкімдіктің есігін тоздырғанын айтады. Атқамінерлер, депутатыққа үміткерлер келіп, тұрғындармен кездесіп "қолға аламыз, көшіреміз", - деп уәдені үйіп-төгіп кететін көрінеді. Бірақ нәтиже жоқ дейді халық.
"Мен әкімдіктің барлық ресми жиналысына қатысамын, орайы келгенде тұрғындардың талабын билік басындағыларға жеткіземін. Сондай бір жиындарда біздің үйдің апатты деп танылғанына 6 жыл болғанын естідім. Бұл ақпаратты бізден жасырып келген еді. Осы жылы біздің үйді түгел көшіретінін айтты. Ол үшін ақша бөлінгенін де білдік. Бірақ айтылған уақыттан кейінге ығыстырумен келеді. Жақында депутаттыққа үміткер келіп, үйдің жағдайын көріп кетті. "Назарға аламын, маған дауыс беріңіздер", - деді. Бірақ біздің үйдің тұрғындары сенбейді. Өйткені осы күнге дейін уәденің неше түрін естігенбіз", - дейді Ольга Логвин.
Осы маңайдағы жалғыз азық-түлік дүкенінің иесі де осы үйдің тұрғыны. Әбден қыс келгенде билік басындағылар жөнді жауап бермейтінін айтады.
"Сөмкелерімізді "жинаймыз ба, жинамаймыз ба" деп екі ойлы болып отырмыз. Нақты жауап жоқ. Ең жаманы – белгісіздік. Айдың басы деді, одан кейін ортасы деді, міне аяғы болды. Әлі нақты шешімді ала алмай отырмыз. Бұл үйде үлкен кісілер бар, мектеп оқушылары, балабақшаға баратындар бар. Көшетін болсақ, бәрін алдын ала ойластыруымыз керек. Өзім қарт анамды бағып отырмын. Әрине, жаңа жылды жаңа үйде қарсы алғымыз-ақ келеді. 1 қабатта тұрамыз. Үйдің жылдан жылға төменге түсіп бара жатқаны сезіледі",- деп күрсінді тұрғын.
Аталған үйдің мәселесіне қатысты Астана әкімдігінен пікір сұрадық. Әкімдік баспасөз қызметінің мәліметінше, 2023-2029 жылдарға арналған жөндеу бағдарламасы аясында 4710 пәтерді құрайтын 206 қауіпті үйдің тізімі жасалған. Бұл тізімде жоғарыда аталған үй де бар.
"Былтыр "Астана қаласындағы тозығы жеткен тұрғын үйлерді жаңғырту бағдарламасы" бекітілді. Қауіпті үйлердің тізімі жасақталды. Апатты үйлердің тұрғындарына 1 бөлмелі пәтер беріледі. Ақбидай көшесі, 14 үйдің тұрғындары 2024 жылы көшірілуге тиіс. Тұрғындарды көшіру пәтерлер қаланың коммуналдық меншігіне өткеннен кейін жүзеге асырылады", - деп жауап берді Астана қаласы әкімдігінің өкілі.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2192807-zher-astyna-kirip-barady-astana-tubindegi-pentagon-turgyndary-tozygy-zhetken-uiin-korsetip-zhanaiqaiyn-zhetkizdi/