"Құбырдан біртүрлі дыбыс шығады": Шымкентте көпқабатты үй тұрғындары тоңып отыр (видео)
Жарияланған күні:

Шымкенттегі көпқабатты үйлердің бірінде тұрғындар тоңып отыр. Көпшілік Төлеген Айбергенов көшесінде орналасқан нысанның жылыту құбырында қысымның төмен екенін айтады. Салдарынан көпқабатты үйдің жоғарғы бөлігіне жылу мүлде бармайтын көрінеді, деп жазады KAZ.NUR.KZ.
Мегаполистегі көпқбатты үйдің жағдайын "Оңтүстік" телеарнасының тілшілері анықтаған.
"Басында барлығы жақсы болды. Барлық пәтерге жылу жетті. Бірақ уақыт өткен соң жылу батареялары суи бастады. Содан бері тұрғындар шағымданып келеді. Жылу әсіресе жоғарғы қабаттағы пәтерлерге жетпей жатыр.
Батареялары суық әрі түнімен құбырлардан біртүрлі дыбыс шығады. Түн тыныштығын алып, ұйқы бермейді. Жауаптылардан сұрап білдік. Сөздерінше, құбырда тек ауа айналғандықтан солай болады екен", - дейді қала тұрғыны Гадина Искакова.
Сервистік қызмет көрсету компаниясының өкілдері бүгінде қаладағы бірқатар көпқабатты үйде жылу қысымы төмен екенін айтады. Салдарынан жоғарғы қабатта тұратындар тоңып отыр.
"Тұрғындар қазір жылу жоқ екенін айтып, шағымданып жатыр. Оның себебі, құрал қысымы аз болып тұр. Қысым 6 болуы керек. Шығысы 2 болып тұр. Не үшін жылымайды үй? Қысым болмаған соң жылымайды. Қазір 9-қабаттағы үйлердің барлығы сондай болып тұр. Біз жылуды бере алмаймыз. "Қуат" қысым жақсы берсе ғана үй жылиды", - дейді Сервистік қызмет көрсету компаниясының басшысы Еркін Пәрімбеков.
Ал қуат жылу орталығының мамандары қазандықтан берілетін жылу қысымы нормаға сай дейді. Себебі 9 қабатты тұрғын үйге беріліп жатқан 4 келі қысым барлық пәтерді жылытуға қауқарлы екен.
"Аталған мекенжай бойынша тексеру жұмыстарын жүргіземіз. Бұл жерге 4 кг қысым келіп тұрса, бұл 40 метрге көтерілетін қысым. Енді элеватордан бастап, тасжолдан бастап толық тексеріп, одан кейін тұрғындарға түсіндіру жұмыстарын жүргіземіз. Егер тікқұбырлары толық болса, болса акт ұйғарым беріп, өздеріне көрсетіп кетеміз", - деді "Қуат жылу орталығы-3" мекемесінің бөлім басшысы Еркебұлан Битеміров.
Көпқабатты үй тұрғындары мәселе ертерек шешілмесе, әкімдікке баруға ниетті.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2193446-qubyrdan-birturli-dybys-shygady-shymkentte-kopqabatty-ui-turgyndary-tongyp-otyr-video/