Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Ресей туының түсі Украина туының түсіне ауысты: ІІМ қылмыстық іс қозғалғанын мәлімдеді

Жарияланған күні:

Астанадағы экран
Астанадағы LED-экранға қатысты дау. Видеодан алынған кадр: t.me/nexta_live

Қазақстан ішкі істер министрлігі "Керуен Медиа" компаниясына тиесілі LED-экранға қатысты жағдай бойынша қылмыстық іс қозғалғанын, ал Мемлекеттік техникалық қызмет "шабуыл шетелден жасалғанын" мәлімдеді. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ хабарлайды.

Тақырып бойынша жаңа жарияланым:
Украина АҚШ бұғаттаған ресейлік активтерден 1 млрд доллар алды

Ішкі істер министрлігі 28 қарашада "Керуен Медиа" компаниясына тиесілі LED-экранға қатысты оқиға бойынша қылмыстық іс қозғалғанын мәлімдеді.

"Кеше "Керуен Медиа" ЖШС-не қатысты оқиға бойынша Қазақстан Республикасының Ішкі істер министрлігі тергеу амалдарын бастады. Қазіргі уақытта оқиғаның барлық ықтимал нұсқалары, оның ішінде техникалық ақаулар мен жабдықтың жұмысына сырттан заңсыз араласу мүмкіндігі де қарастырылуда. Қылмыстық іс қозғалды. Барлық мән-жайлар анықталуда. Заңсыз әрекетке барғандар жауапқа тартылатын болады", - деп таратты ІІМ өзінің Telegram-арнасында.

Бір күн бұрын, Ресей президенті Владимир Путиннің Қазақстанға мемлекеттік сапары басталғанда, Астана қаласының көшелері Ресейдің үш түсті туымен безендірілген. Алайда "Астана Опера" театрының экранында үш түстің ең жоғарғысы өшіп, төменгісі сары түске айналған, осылайша экрандағы көрініс ресейлік тудың орнына Украина туына қатты ұқсап кеткен.

Видео әлеуметтік желілерге тез таралған. Артынша-ақ Астана көшелеріндегі экрандарға жауапты "Керуен Медиа" техникалық ақау кеткенін мәлімдеп үлгерген.

"Сағат 16,30-да "Керуен Медиа" LED-экранындағы РФ туының жоғары сегментінде кабель тұйықталып, ақ түс өшіп қалып, соған байланысты түстің реңі электр қысымының күшеюінен өзгеріп, одан ашығырақ түске айналған. Осылайша, ұялы телефонмен видеоға түсірген уақытта, қызыл түс адамдарға сары болып көрінген", - деп түсіндірген "Керуен Медиа" директорының орынбасары Мұхтар Бекбосынов ZTB | QAZAQSTAN Telegram-арнасына.

Алайда "Мемлекеттік техникалық қызмет" бейсенбі күні даулы оқиғаға қатысты мәлімдеме таратып, өз болжамын алға тартты.

"27 қараша күні Астана қаласында орналасқан LED-экрандардың бірінде көрсетіліп жатқан бейнежазбаның қысқа уақыт ішінде ауыстырылғаны анықталды. Алдын ала деректер бойынша, шабуыл шетелдік IP-мекенжайлар мен прокси-серверлер арқылы жасалған", - деп хабарлады мекеме.

Компания мәліметінше, қазір осы қызмет "оқиғаның себебі мен оның жүзеге асу тетігін анықтау үшін қажетті техникалық жұмыстарды жүргізіп жатыр".

Естеріңізге сала кетейік, Ресей президенті Владимир Путиннің Қазақстанға мемлекеттік сапары кеше басталды. Ол бүгін Астанада Ұжымдық қауіпсіздік шарт ұйымы Қауіпсіздік кеңесінің сессиясына қатысады.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2193713-bilbordtagy-ukrain-tuy-iim-qylmystyq-is-qozgalganyn-malimdedi/