Трамп Украина жөніндегі өкілін тағайындады: 80 жастағы генерал соғысты тоқтата ала ма
Жарияланған күні:
АҚШ президенті болып сайланған Дональд Трамп Украина мен Ресей жөніндегі арнайы өкілі қызметіне 80 жастағы отставкадағы генерал Кит Келлогты тағайындады. Оның міндеті – соғысты аяқтауға көмектесу. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ BBC-дің орыс қызметіне сілтеме жасай отырып хабарлайды.
Трамп әлеуметтік желілерге жариялаған мәлімдемесінде Келлог әкімшілікте "Украина мен Ресей жөніндегі арнайы өкіл және президенттің көмекшісі" қызметін атқарады деді.
"Кит армия мен кәсіпте ірі жетістіктерге жетті. Менің алғашқы әкімшілігімде ұлттық қауіпсіздік саласында маңызды қызметтер атқарды", - деп жазды Трамп.
Келлог Трамптың алғашқы әкімшілігінде (2017-21 жылдары) Ұлттық қауіпсіздік кеңесі аппаратының басшысы, сол кездегі вице-президент Майк Пенстың ұлттық қауіпсіздік жөніндегі кеңесшісі қызметтерін атқарған. Журналистер оны Дональд Трамптың сенімді жақтасы деп атайды.
Ол "Ең әуелі Америка" саясат институтының тең төрағасы қызметін атқарады. Ұйым 2021 жылы Трамптың ішкі және сыртқы саясаттағы идеяларын тарату мақсатында құрылған.
Биыл көктемде Келлог саяси институттың Украинадағы соғысты реттеу жөніндегі жоспардың авторларының бірі болған.
Трамп Украинадағы соғысты бір күннің ішінде тоқтатуға уәде берген, алайда жоспарын қалай жүзеге асырғысы келетінін айтпаған.
Трамптың бәсекелестері жаңа президент билікке келген соң Украинаны бейбіт келісімге отыруға мәжбүрлей ме деп қауіптенеді.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/world/2193533-tramp-ukraina-zhonindegi-okilin-tagaiyndady-80-zhastagy-general-sogysty-toqtata-ala-ma/