Ақтөбеде сот шешімімен қызметі тоқтатылған қайырымдылық ұйымы қала тұрғындарынан қаражат жинаған (фото)
Жарияланған күні:
Қазір қазақстандықтар қайырымдылық қорларына күмәнмен қарай бастады. Қайырымдылық шараларын белсенді ұйымдастыратын топтар көп. Бірақ қаржы есебін ашық жариялайтындар аз. KAZ.NUR.KZ тілшісі Ақтөбе қаласындағы тамақтандыру орындарына қойылған қайырымдылық жәшіктеріне қатысты арнайы зерттеу жүргізді.
Ақтөбедегі тамақтану орындары мен дүкендерді аралау кезінде "Ақтөбе" қайырымдылық мекемесі және "Ақжар" қайырымдылық мекемесінің жәшіктеріне назар түсті.
Қала тұрғындарының көкейінде "бұл қайырымдылық жәшіктері кімдерге тиесілі, қанша қаржы жиналады, ондағы ақша қайда жұмсалады" деген сұрақ туатыны сөзсіз.
Ресми мәліметтерге сүйенсек, биыл 10 маусымда Ақтөбе соты "Ақтөбе" қайырымдылық мекемесі және "Ақжар" қайырымдылық мекемесінің қызметін тоқтатқан. Іс материалдарында аталмыш мекеме қайырымдылықтан жиналған қаржыға бала оқытумен заңсыз түрде айналысқаны көрсетілген. Азаматтық сот Ақтөбе қаласы прокуратурасының шағымы негізінде қаралған. Шағымда мекемелердің білім беру заңнамасын орындамайтыны, тәрбиелеу, білім беру кезінде бала құқығының бұзылу деректері, өрт-техникалық талаптардың сақталмағаны келтірілген.
Бұған қатысты қайырымдылық жәшіктері қойылған тамақтану орындарының қызметкерлері пікір білдірді. Олар аталмыш қайырымдылық мекемелерінің қызметі тоқтағанынан бейхабар болып шықты.
"Мен екі жылдан бері бұл жерде әкімшілік қызметтемін. Бірақ 2016 жылдан бері осы мейрамханада жұмыс істеймін. Бұл жәшіктер сол кезден бар. Бұл жәшіктердің өз адамдары бар. Өздері екі-үш айда бір келіп, ашып алады. Кілттері өздерінде. Мейрамхананың бұл жәшіктерге қатысы жоқ", - деді мейрамхана әкімшісі Жанар Мұсаева.
Келесі кафенің қызметкері де жәшіктерге қатысты ақпаратты білмейтін болып шықты. Кафе қызметкерінің айтуынша, бір жәшікке 20 мың теңге шамасында қаражат жиналады.
"Бұл жәшіктер ұзақ тұрады. Екі-үш ай, кейде одан көп тұрады. Ұсақ ақша салады. Біз кейде қағаз ақшаға алмастырып береміз. Шамамен 20 мың теңгедей болатын шығар. Қайырымдылық жәшіктері болған соң тұр", -деді кафе қызметкері.
Соттың шешіміне қарамастан, аталмыш ұйымның қайырымдылық жәшіктері әлі күнге дейін қаладағы тамақтандыру орындары мен дүкендерінен әлі алынбаған. Сәйкесінше, сот шешімімен жұмысы тоқтатылған ұйымға жергілікті тұрғындар садақа салуды тоқтатқан жоқ.
Қызметі тоқтатылған мекемелер неге ақша жинауды тоқтатпай отыр
Портал тілшісі мән-жайды анықтау үшін қайырымдылық жәшіктерінде көрсетілген нөмірлер арқылы ұйым басшысына хабарласты. Ұйым басшысы сот шешімі төрт ай бұрын шығып, күшіне енсе де. қор жақында жабылғанын айтты.
"Біз бір ай бұрын жабылдық. Мекеме 1999 жылдан бері жұмыс істейді. Тұрмысы төмен отбасының балаларын оқыттық. Биыл заң өзгергеннен кейін балаларды оқытуға болмайтын болды. Қазір қайырымдылық жәшіктерін жинап үлгермей жатырмыз. Ол жерден көп ақша түспейді. 20 жәшіктен 100 мың теңгедей ғана ақша түседі. Коммуналдық қызмет ақысын төлеу керек. 20 жерге жәшік қойылды. Қазір ол жердің коммуналдық шығыны жиналып қалды. Жәшіктегі ақшалар сол шығынды жабуға жұмсалады. Осыған дейін қайырымдылықтан түскен қаржыға мекеменің коммуналдық шығыны, қызметкерлер жалақысы, балалардың киіміне жұмсалды. Қазір жұмыссызбын", - деді қызметі тоқтаған Ақтөбе қайырымдылық мекемесінің директоры Еркін Абайұлы.
Еске сала кетейік, осыған дейін танымал қазақстандық белсенді Перизат Қайрат қайырымдылық қорынан ақша жымқырды деген күдікпен екі айға қамауға алынды.
Автор: Ардақ Ерубаева
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2194101-aqtobede-sot-sheshimimen-qyzmeti-toqtatylgan-qaiyrymdylyq-uiymy-qala-turgyndarynan-qarazhat-zhinagan/