Алматы облысында Заманбек Нұрқаділовке арналған ескерткіш-бюст ашылды (фото)
Жарияланған күні:
2 желтоқсанда Алматы облысы Кеген ауданының орталығында мемлекет және қоғам қайраткері Заманбек Нұрқаділовке арналған ескерткіш-бюсттің ашылу салтанаты өтті. Сонымен қатар Кеген ауылындағы балалар өнер мектебіне Заманбек Нұрқаділовтің есімі берілді. Бұл туралы ашылу салтанатына арнайы барған KAZ.NUR.KZ тілшісі хабарлайды.
Ескерткішті ашу рәсімі Заманбек Нұрқаділов атындағы өнер мектебі алаңында ұйымдастырылды.
Бұған дейін мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев мемлекет және қоғам қайраткері Заманбек Қалабайұлы Нұрқаділовтің туған жеріне ескерткіш орнатуды және Алматыдағы тұрған үйіне ескерткіш тақта ашуды ұсынған еді.
Салтанатты шараға мемлекет және қоғам қайраткерлері, ақын-жазушылар, танымал тұлғалар мен қайраткердің отбасы мүшелері қатысты. Облыс әкімінің орынбасары Нұржан Құдайбергенов, қоғам қайраткерлері Тоққожа Естенов пен Болат Нұрғазиев, Заманбек Нұрқаділовтің ұлы Қайрат Нұрқаділов бюсттің ашылу рәсімін жасады.
Ескерткіш авторлары: Қуаныш Асылбай, Ақылбек Орманбеков, Айдос Бүркітбаев, Тимур Ермұхаметов.
Авторлардың сөзінше, ескерткіш-бюстті әзірлеуге бір жарым айдай уақыт кеткен.
"Республикалық конкурсқа төрт автор болып қатыстық. Бюсттің тұғырымен қоса алғанда биіктігі - 5,5 метр. Мүсіннің өзі – 1,5 метр. Тұғыры күрті тасынан жасалған, мүсіні қоладан құйылған", - дейді авторлар.
Шара барысында мемлекет және қоғам қайраткері Заманбек Нұрқаділовтің ескерткіш-бюсті салтанатты түрде ашылып, лента қию рәсімі өтіп, гүл шоқтары қойылып, ас берілді.
"Алаш жұртым, құрметті қауым! Бүгін уақыттарыңызды бөліп, алыс жолдан біздің қуанышымызға келіп отырсыздар. 19 жылдан бері біздің халқымыз, қазағымыз, әкемнің көзін көргендер тек жақсы нәрсе айтатын. Біз оны білеміз. Тоқаев "тұрған үйінде тақта қойыңдар, бюст қойыңдар, өнер мектебінің атын беріңдер" деп бұйрығын берген. Бүгін біз соған куәгер болып отырмыз. Мектебі ашылды. Ішінде музейі бар. Міне, керемет бюст қойып жатыр. Қуаныштымыз", - деді Заманбек Нұрқаділовтың ұлы Қайрат Нұрқаділов.
Ескерткіш-бюсттің ашылу салтанатына белгілі актер Бекжан Тұрыс та қатысты. Өнер иесінің сөзінше, бұл шара – Заманбек Нұрқаділовтің тарихтағы таусылмас ғұмыры, жығылмас тұғыры.
"Оның қоғам игілігіне сіңірген еңбегін жасырып қала алмайды. Оның дәлелі – бүгінгі бюсттің ашылуы. Бірақ менің бір таңғалып тұрған нәрсем – бұл басында ескерткіш еді, неге бюстке айналып кеткені? Шараның өзін дәл бүгінгідей дүсенбіге – жұмыс күніне қоюдың өзі де біртүрлі екен. Талай адам келіп, қатысқысы келді. "Қазаның жолы – жіңішке, аруақтың орны – биікте" деп әруағын айбозындай ардақтаған халық едік қой. Өкінішке қарай, әлі де Заманбек ағамның рухы ешкімді тыншытпайды ғой деймін" - дейді Бекжан Тұрыс.
Бұдан бөлек 2015 жылы құрылған Кеген ауылындағы балалар өнер мектебіне Заманбек Нұрқаділовтің есімі берілді. Өнер мектебінде балалар домбыра, қобыз, баян, дәстүрлі ән, эстрада-вокал, хореография, бейнелеу, мүсін және сәндік-қолданбалы өнер бағыттары бойынша білім алады. Бүгінгі таңда мектепте 44 педагогтың басшылығымен 890 оқушы білім алып жатыр.
Мектептің бөлімшелері аудандағы 12 елдімекенде орналасқан, бұл балаларға қосымша білім алуға мүмкіндік береді.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2194947-zamanbek-nurqadilovke-arnalgan-eskertkish-biust-ashyldy-foto/