"Полковник Сандерс": KFC желісінің негізін қалаушысынан айнымайтын көкшетаулық ақсақал желі жұлдызына айналды
Жарияланған күні:
Желіде әйгілі америкалық полковник Сандерстен айнымайтын ақсақалдың видеосы тарады. 80 жастағы көкшетаулық Сейілбек Мукутов KAZ.NUR.KZ тілшісіне сұқбат берді.
Көкшетау тұрғынының тойда жүрген сәті түсірілген видеосын көрген желі қолданушылары оны әйгілі америкалық ресторатор, KFC желісінің негізін қалаушы, халық арасында полковник Сандерс атанып кеткен Харланд Сандерске ұқсатқан.
"Жастар сол кісіге ұқсайтынымды айтып жатады. Қызық сезім. Менімен суретке түсіп жатқандар да бар. Өзім де қызығушылық танытып, интернеттен қарадым. Шынымен ұқсастық бар екенін байқадым", - дейді ақсақал.
Қарияның жасы 80-нен асса да, күш-қуаты сарқылмаған. Күн сайын жаттығу жасап, бірнеше километр жаяу жүретінін, денсаулығын күтетінін айтады.
"Жұбайым екеуіміз үйде отырмаймыз. Далада ұзақ жүргенді жанымыз сүйеді. Одан қалса шақырған тойлардың ешбірінен қалмауға тырысамыз. Жақында Астанада 92-дегі ағамның немересі үйленіп, сол жаққа барып қайттық. Сол тойда түсірілген видео тарап кетіпті. Құрдастарым, таныстарым телефон шалып айтып жатыр", - дейді ақсақал.
Сейілбек Мукутов 50 жыл құрылыс саласында қызмет еткен. Қарағандыда құрылысшы мамандығы бойынша техникум, университетті аяқтап, Көкшетаудағы темір-бетон зауытында, "Домостроительный комбинат" мекемелерінде бас инженер, директор қызметтерін атқарған. Сондай-ақ құрылыс, коммуналдық-шаруашылық басқармасында 16 жыл басшы болған. Жары Жұпар Қалиқызы Шоқан Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетінде 40 жыл еңбек еткен. "Білім саласының үздігі", педагогика ғылымдарының доценті, еңбек ардагері, биыл 80-ге келген.
"Келесі жылы отау құрғанымызға 50 жыл. Екі ұлымыздан тараған алты немереміз бар. Енді шөбере күтіп отырған жайымыз бар. Отбасы құрып, еңбек етіп, түзу жолмен жүріп, осы жасқа жетіппіз", - дейді ақсақал.
Сейілбек Мукутов көп ағайынды, бауырлырының алды өмірден өткен.
"Барлығы да бақытты өмір сүрді. 90-нан асып өмірден озды. Қазір алдымда 92 жастағы ағам, 87 жастағы, 85 жастағы әпкелерім, өзімнен кіші бауырларым бар. Бір-бірімізбен кездесіп, шүйіркелесіп тұрамыз. Өмір осымен қызық", - деп аяқтады сөзін Сейілбек ақсақал.
Әлеуметтік желі қолданушылары жасы 80-нен асқан қарияның жас, сергек көрінетінін жазып, жағымды пікір қалдырып жатыр.
"Әдемі қартайған ата екен", "Полковник Сандерс... а жоқ, Сейілбек", "КFC – қазақстандық нұсқа", "Сол жасқа жеткенде осылай көрінгім келеді" - деп пікір қалдырған желі қолданушылары.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2195405-polkovnik-sanders-kfc-zhelisining-negizin-qalaushysynan-ainymaityn-kokshetaulyq-aqsaqal-zheli-zhuldyzyna-ainaldy/