Шымкентте жыл басынан бері МӘМС аясында 1000-нан астам күрделі ота тегін жасалды
Жарияланған күні:

Шымкентте жыл басынан бері міндетті әлеуметтік сақтандыру шеңберінде 1000-нан астам күрделі ота жасалды. Бұл — ота мен одан кейін алатын медициналық процедуралардың құны қалтасына айтарлықтай салмақ салатын тұрғындар үшін тиімді мүмкіндік. Себебі мұнда операция мен оңалту шараларына тегін қол жеткізуге болады, деп жазады Otyrar.kz.
Басылым мәліметінше, мұндай медициналық көмектің бірін 40 жастағы Сәулет Байдалиева алған. Мегаполис тұрғыны құны шамамен 250 мың теңге болатын операцияны жолдама арқылы тегін жасатқан.
"Дәрігеріме жолығып, ауыратын жерімді көрсеттім. Сосын порталмен құжат жинап келесіз деді. Содан өзімнің дәрігеріме барып, анализ тапсырып, құжат жинадым. Содан операция жасады. Қазір жағдайым жақсы", - дейді ол.
Сәулет Байдалиеваға "іштің жарығы" диагнозы бойынша ота жасалған. №2 қалалық аурухана дәрігерлері бүгінде пациенттің жағдайы тұрақты екенін айтты. Мамандар міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру шеңберінде азаматтарға барлық операцияны тегін жасаймыз дейді.
"Біздің №2 қалалық ауруханаға бүкіл емханадан жіберуге болады. Барлық облыстан келе алады. Жолдаманы біздің ауруханаға деп алады. Кейін операцияны біз жоспарлы түрде, сақтандырылған болса істеп береміз. Оған ешқандай шығын кетпейді. Тек жергілікті емханадан тексерудің бәрін өтуі керек. Сол жердегі хирургтың ұйғарымы бойынша бізге жолдама берсе, біз тегін ота жасап береміз", - дейді №2 қалалық аурухананың бөлім меңгерушісі Серік Жолдасов.
МӘМС аясында азаматтар ота жасатып қана қоймай, дәрі-дәрмек те ала алады. Жыл басынан бері 150 мыңнан астам шымкенттік дәрілік препараттарға тегін қол жеткізген. Ескерте кету керек, медициналық көмекті учаскелік дәрігердің көмегімен алуға болады.
"Ол үшін әрбір пациент қаламыздағы емханаларда тіркеуде тұру қажет. Сонымен қатар диспансерлік есепте болуы керек. Одан бөлек 18 жасқа дейінгі балаларға кейбір сырқат түрлерінде диспансерлік есепте тұрмаса да, дәрі-дәрмек тегін беріледі.
Әрине, ол дәрі-дәрмекті алу үшін емдеуші дәрігеріне бару керек. Науқасты көріп, содан кейін тегін дәрі-дәрмекке рецепт жазылады. Сол рецепт бойынша тегін дәрі-дәрмек ала алады", - дейді ӘМСҚ Шымкент қаласы филиалы директорының орынбасары Арапкүл Ізбасарова.
Айта кетейік, міндетті әлеуметтік сақтандыру шеңберінде тегін оңалтудан өтуге мүмкіндік бар. Бүгінде 922 мыңнан астам шымкенттік жүйенің қыр-сырын түсініп, операция мен процедураларды қосымша шығынсыз алып жүр.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2196875-shymkentte-zhyl-basynan-beri-mams-aiasynda-1000-nan-astam-kurdeli-ota-tegin-zhasaldy/