Шымкентте мамандар қысқы маусымдағы қауіпсіздік шараларына қатысты ескерту жасады
Опубликовано:

Шымкент қаласының аумағында 2 арнайы балық аулауға арналған орын белгіленген. Мұз үстіндегі балық аулау ерекше әсер бергенімен, қауіпті дейді төтеншеліктер. Мамандардың мәліметінше, күзгі-қысқы маусымда ел бойынша қауіпсіздік ережелерін сақтамаған 9 адам суға кетіп, 3 бала көз жұмған, деп жазады Otyrar.kz.
Қыстың келуімен басталатын мұз үстінде балық аулау маусымы қауіпсіздік шараларын сақтауды талап етеді. Бүгінде Шымкент аумағында 2 арнайы балық аулауға арналған орын бекітілген. Егер балық аулауға шығуды жоспарласаңыз, ауа райын бақылап, тұрақтаған орныңызды хабарлауға кеңес беріледі.
Сонымен қатар төтеншеліктер үшінші мегаполисте мұз үстінен өтетін адамдар мен көліктерге арналған өткелдер жоқ екенін ескертеді. Мұзда қауіпсіздік ережелерін сақтамағандар, әсіресе құтқару құралдарынсыз мұзға шығатындар, автокөлікпен жүретіндер, мұз үстінде от жағатындар Әкімшілік кодекстің 412-бабы бойынша жауапқа тартылады.
"Қала аумағында қазіргі таңда 2 арнайы балық аулауға арналған ақылы орындар бар. Олар – Рахат-Бадам демалыс орны және дендрологиялық саябақтағы көл болып табылады. Сонымен қатар біздің тарапымыздан тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында тұрақты түрде жұмыстар жүргізіліп келеді.
Төтенше жағдайлар департаменті құзырлы мекемелермен бірлесіп еріктілерді тартып, тұрғындардың судағы қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында қыркүйек айынан бастап 80 рейдтік жұмыстар жүргіздік", - дейді Шымкент қаласы ТЖД Азаматтық қорғаныс басқармасының бастығы Нұржан Қаракөзев.
Қауіпсіздік ережелерін сақтамау салдарынан еліміздің әртүрлі өңірлерінде күзгі-қысқы кезеңде 9 адам суға батып, оның ішінде 3 бала қаза тапқан. Дегенмен Шымкентте мұндай жазатайым оқиғалар тіркелмеген.
Мамандардың айтуынша, су айдындары біркелкі қатпайды: алдымен таяз жерлер мен жағалаулар, содан кейін ғана орталық бөлігі қатады. Сондықтан мұз үстіндегі балық аулау қайғылы оқиғаға айналмас үшін қауіпсіздік ережелерін қатаң сақтау қажет. Бұдан өзге мамандар жылыту маусымында өрт жағдайларының болуын да жоққа шығармайды.
"Бізде әр 10 жағдайдың екеуі адамның тұрмыстық жағдайындағы күнделікті пештерінің ақауларына назар аудармағанынан болады. Осы ретте әр қаланың тұрғыны жылыту пешін қолданатын болса, мұржаның дұрыстығына, толмауына, пештің дұрыс күйде жұмыс істеуіне назар аударуын сұранамыз", - дейді Шымкент қаласы ТЖД Азаматтық қорғаныс басқармасының бастығы Нұржан Қаракөзев.
Оригинал статьи: https://kaz.nur.kz/society/2199929-shymkentte-mamandar-qysqy-mausymdagy-qauipsizdik-sharalaryna-qatysty-eskertu-zhasady/