Прокуратура Шерзат Болат ісі бойынша мәлімдеме жасады
Жарияланған күні:
Алматы облысының прокуратурасы марқұм Шерзат Болаттың өлімі дерегі бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жұмыстарына қатысты мәлімдеме жасады. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ қадағалаушы органға сілтеме жасап хабарлайды.
Алматы облысының прокуратурасы Шерзат Болатты өлтіру фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеудің аяқталуға жақын екенін, қажетті тергеу әрекеттері жүргізіліп, барлық күдікті ұсталғанын хабарлады.
Прокурорлар қазіргі уақытта сараптама нәтижелерін күтіп отырғанын, сараптама қорытындысынан кейін іс танысу үшін процесс қатысушыларына берілетінін атап өтті.
"Сонымен қатар Қ. Нұрымовтың үйін өртеу және Н. Гаипбаевтың өз-өзіне қол жұмсауы бойынша қылмыстық істердің тергелуі Бас прокуратураның бақылауында екенін хабарлайды", - дейді прокурорлар.
Ведомство өкілдері азаматтарды қоғамды жалған ақпарат таратудан бас тартуға шақырды.
"Уәкілетті органдардың тек ресми мәлімдемелеріне сенім білдіруді сұраймыз", - деп ескертті прокуратура өкілдері.
Талғардағы Шерзат Болат қазасы
Еске салсақ, 4 қазанға қараған түні Талғар қаласында ер адамдар арасында жанжал шығып, соңы төбелеске ұласқанын жазған едік. Жанжал салдарынан екі жігіт аудандық ауруханаға жеткізілген, олардың бірі алған жарақатынан жансақтау бөлімінде қайтыс болды. Кейін марқұм болған 16 жастағы Шерзат Болат есімді бозбала екені хабарланды.
Полиция кісі өлтіру фактісі бойынша қылмыстық іс қозғады.
Артынша Алматы облысының полиция департаменті өкілдері кісі өлтірді деген күдікпен ұсталғандардың видеосын жариялады.
Талғардағы кісі өлімімен аяқталған оқиғадан кейін марқұмның әкесі соттың ашық әрі әділ өтуін талап етіп мәлімдеме жасады.
Қанды оқиға болған дүкеннің алдында марқұм Шерзат Болатты еске алу бұрышы ашылды. KAZ.NUR.KZ тілшісі Талғарға барып, тұрғындармен тілдесіп қайтты.
10 қазанда марқұмның әкесі Қаржаубай Нұрымов істің мән-жайын айтып тағы бір үндеу жасап, халықтан митингке шықпауын өтінді. Сондай-ақ ол отбасының қауіпсіздігіне алаңдаулы екенін жеткізді. Айтуынша, заңгерлер мен журналистердің атын жамылып, белгісіз біреулер келіп қорқытқан. Шерзаттың әкесі жағдай өзіне және жақындарына кері әсер етіп кетпес үшін, жұртшылықтан митингке шығып, қантөгіс жасамауын өтінді.
12 қазанда құқыққорғаушы Саида Тәукелева желідегі жеке парақшасында марқұм Шерзат Болаттың отбасына тиесілі үй өртеніп кеткенін жазып, видео жариялады.
Артынша полиция департаменті өкілдері мүлікті қасақана жою дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалып, тергеу жүріп жатқанын хабарлады.
Кейін бас прокуратура өкілдері мәлімдеме жасап, жәбірленушілердің үйін өртеу фактісі бойынша ведомствоаралық жедел-тергеу тобы құрылғанын және қылмыстық iс бас прокурордың бақылауына алынғанын хабарлады.
Сонымен қатар мәжіліс кулуарында бас прокурордың орынбасары Ғалымжан Қойгелдиев Талғардағы Шерзат Болат қазасына қатысты қозғалған істі тергеу барысы жөнінде пікір білдіріп, марқұм болған жасөспірімнің әкесіне қатысты ешқандай қылмыстық іс жоқ екенін атап өтті.
Шерзат Болат өліміне қатысты қылмыстық іс Қылмыстық кодекстің 99-бабының 2-бөлігі (адам өлтіру), 293-бабының 3-бөлігі (бұзақылық), 115-бабы (қорқыту), 432-бабы (қылмысты жасырып қалу) және 434-бабы (қылмыс туралы хабарламау) бойынша тергеліп жатыр.
Ал 9 желтоқсанда Талғар маңында марқұм Шерзат Болаттың ағасы Нұрқанат Ғайыпбаевтың денесі табылды.
Кеше, 10 желтоқан кешке Қаржаубай Нұрымовты полиция ұстап әкеткені мәлім болды. Бұл жағдай Талғар ауданы Азат ауылында Нұрымовтың інісі Нұрғанат Ғайыпбаевты ақтық сапарға шығарып салғаннан кейін болған.
Кейін Талғардағы жанжал кезінде қаза тапқан жасөспірім Шерзат Болаттың әкесі Қаржаубай Нұрымов "бұзақылық" айыбымен 15 тәулікке қамауға алынды. Сот Нұрымовтың бір қарындасына да дәл осындай жаза тағайындаған.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2200038-prokuratura-sherzat-bolat-isine-boiynsha-malimdeme-zhasady/